Жас журналистер ақпарат айдынына шықты
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дағы журналистика мамандығын 1998 жылы сол кездегі филология факультетінің профессоры, марқұм Л.Абдуллина бастаған оқытушылық құрам сол кездегі университет ректоры Е. Мәмбетқазиевтің қолдауымен ашқан болатын. Кейін орыс тобына қосақталып білім алып жүрген қазақ тілді студенттердің өтініші бойынша және қажеттілікке байланысты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында (қазіргі қазақ, орыс филологиясы және журналистика) 2002 жылы журналистика мамандығының жеке қазақ тобы ашылды. Бұл алғашқы топты бес студент бітіріп шықты.
Бұл мамандықтың қазақ тілінде ашылуына қолдау көрсеткен облыстық Дidar газеті ұжымының, әсіресе Ж.Әділбаев, А.Қасымов, У.Тоқпатаев, Ғ.Сәрсенбайқызы, марқұм Ғ.Байбатыров сынды журналистердің еңбегі елеулі болды.
Кафедра осы уақыт ішінде көптеген мамандардың қолына журналистік жолдама беріп үлгерді. Сол түлектер бүгінгі күні қалалық, облыстық, республикалық БАҚ-тың түрлі салаларында абыроймен қызмет етіп жүр.
Журналистика мамандығының өз ерекшелігіне байланысты теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың маңызы зор. Осы мақсатта 2006 жылдан бастап, қазақ тобында “Жас журналист” үйірмесі құрылып, болашақ мамандарды баспасөз, радио, теледидар, интернет сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының салаларында тәжірибелік жұмыстармен айналысуға, ғылым, проза мен поэзия бағытында студенттердің бойындағы шығармашылық дарынын дамытуға сеп болды. Болашақ журналистер осы үйірменің аясында «Жас журналист» қабырға газетін шығарып, мәтін жазуды үйренді. Жазылған жақсы мақалалар университеттің «Жас жігер», «Имидж ВКГУ», қалалық «Өскемен», «Алдаспан», облыстық Didar, «Менің өлкем» басылымдарына жариялауға да жіберіліп тұрды.
Үйірменің теле-радио бағытындағы қол жеткен табысы 2007 жылы № 9 оқу ғимаратында «Журналистика» мамандығында оқитын студенттер үшін телерадио зертханасының ашылуы болды. Онда студенттер түрлі радиохабарларын эфирге шығарып, телехабарлар түсіре бастады. Зертханадағы радиодан студенттердің қалауы бойынша аптасына бір рет «Жаңалықтар топтамасы», «Поэзия әлемі», «Ақ тілек» құттықтау-сазды бағдарламасы, «Жас дарын», «Ұлылар ұлағаты» сияқты авторлық бағдарламалары шығарылып тұрды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде «Ең дарынды болашақ журналист» пән олимпиадасы өткізіліп тұрады. Бұл сайыстың маман даярлауда берері мол. Үздіктер республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Студенттер өткен оқу жылында республикалық эссе жазу байқауынан жүлделі үш орынға ие болды, ал 4-курс студенті Күмісжан Исан танымал тележурналист Нұртілеу Иманғали атындағы байқауда «Ең үздік телесюжет» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
«Жас журналист» үйірмесінің жоспарына сай, театрландырылған сахна қойылымдары да қойылып тұратын. Үйірме танымал публицистердің әдеби-сазды шығармашылық кештерін де өткізіп тұрды. Поэзия бағыты бойынша студенттер түрлі тақырыптағы қалалық және «Шабыт» республикалық жыр мүшәйрасына, түрлі деңгейдегі жыр додаларына қатысып, жыр жинақтарын шығарып тұрды. Осы орайда, әр жылдары біздің мамандық бойынша бітіріп кеткен Е.Жаубай, Ә.Жарқын, К.Мұратхан, Қ. Сайлауғазы, Т.Асхан, Т.Қалибеков, Б.Қожаева, Ж.Оразай сынды ақын түлектердің есімдерінің жырсүйер қауымға танылуы осы үйірмелерден басталғандығын біз мақтан етеміз.
Бөлімнің профессор-оқытушылық құрамы өз шәкірттерін мәтін жазу, дыбыс жазу, экран тілінің элементтерімен жұмыс жүргізуге тәрбиелеп қана қоймай, «Шығыс ақпарат» медиахолдингі, облыстық Дidar, «Рудный Алтай» газеттері, «Алтай» телеарнасы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті, Алматы қаласындағы MediaNet халықаралық журналистика орталығы, «Әділ сөз» қоғамдық қоры, «Minber» журналистерді қолдау қорымен, шығармашылық байланыстар орната білген. 2018 жылы университет ректоры Мұхтар Төлегеннің қолдауымен «Алтай жастары» атты оқыту телерадио кешені ашылды. Студия заманауи үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аталған студияда танымал тұлғалар, қоғам, мәдениет қайраткерлері, журналистер, ғалымдардың қатысуымен «Ашық сұхбат» хабары түсіріліп, студияның ютуб арнасында жарияланып тұрады. Мамандық эдвайзері Г. Бекбосынованың статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, орыс бөлімінде бүгінге дейін 258, қазақ бөлімінде 120, сырттай жоғары білім негізінде 10 студент білім алып шыққан екен. Биыл 10 студент бітірмек. Мамандық студенттерінің 98 пайызы диполомына сай, алған мамандықтары бойынша түрлі БАҚ саласында абыроймен еңбек етуде. Мысалы, 2006 жылғы түлектер – облыстық «Дидар» газеті бас редакторының орынбасары С.Әбілхан, бөлім меңгерушісі Д.Аллабергенұлы, «Қазақстан» ұлттық арнасының редакторы А. Омар.
Сондай-ақ Argymaq.kz ұлттық-танымдық порталының бас редакторы Е.Жаубайды, ақын-журналист Мұратхан Кенжеханұлын, «ҚазСпорт» арнасының журналисі Азат Смағұловты, Қазақпарат тілшісі Мұхамадиев Талғатжанды, республикалық inbusiness.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі Қалибеков Тасқынды атауға болады.
Жылдан жылға осы мамандықты таңдап, қалап келетін талапкерлер саны артып келеді. Мәселен, биыл қазақ бөлімін 10 адам бітірсе, келесі жылы 14 бала, одан арғы жылы 20 студент осы мамандықты аяқтап шықпақ.
Шынар Дүйсенғали, С.Аманжолов атындағы ШҚУ журналистика мамандығының биылғы түлегі.