Қоғам

Жас депутаттар съезден жүлделі оралды

Ержан Әбіш

Amanat партиясының Өскемен қалалық филиалында «Жастар рухы» жастар қанатының делегаттары бас қосты. Жиында Ақмола облысындағы Зеренді ауылында өткен жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде көтерілген мәселелер талқыланып, партияның қалалық филиалына белсенді жастар қабылданды.

11-14 шілдеде өткен Amanat партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының кезектен тыс VI съезіне елдің барлық өңірлерінен 350 делегат қатысты. Шығыс Қазақстаннан барған 22 қатысушы делегаттар арасында ұйымдастырылған зияткерлік ойында бас жүлдені жеңіп алды.

– Мұндай жоғары деңгейдегі іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе болды, түрлі креативті ойындарға қатысып, эстрада жұлдыздарымен кездестім. Ең бастысы, зияткерлік ойында бірінші орынды жеңіп алдық, – дейді Аманжолов университетінің студенті Әкімжан Әзімхан.

Глубокое ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі Қорлан Туғамбаеваның айтуынша, съезд «Жас Отан» жастар қанаты атауының «Жастар рухы» деп өзгертілуімен, орталық кеңес мүшелерінің ауысуымен, жаңа бағыттардың бекітілуімен есте қалды.

– Съездің ашылу салтанатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үндеу жолдап, өскелең ұрпақ үшін маңызды үш бағытты атады. Олар – білім, еңбек және отаншылдық, – дейді ол.

Басқосу соңында Amanat партиясы Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арайлым Есімбекова қатысушыларға партияның жаңа билеттерін табыстады.

 

Осы айдарда

Back to top button