
Биыл Глубокое ауданының Белоусовка кентінде жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың жүріп-тұруына жайлы жағдай жасалады.
Глубокоелықтар жекеменшік капиталды ауыл-аймақ өмірін жайластыруда пайдаға жаратудың жолын біледі. Мұның айғағы, бұған дейін мамыр айында меморандум аясында Белоусовка кентінің бір көшесіне қиыршық тас төгіп, тегістеген «RG ROYAL CARGO MACHINERY» кәсіпорны, бір апта бұрын аталған көшеге қайта оралды. Рудная көшесінің жабыны отырып кеткен жерлеріне қайтадан қиыршық тас төгіп, грейдерлеу жұмыстарын жүргізген компания осылайша аталмыш көшенің бір мәселесін соңына жеткізді.
Бұдан бөлек биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Белоусовка кентінің Тоқтаров көшесін жарықтандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар осы жылы аталған елді мекеннің Ленин, Киров, Набережный, Горький және Пушкин көшелерінде де осындай жұмыстар жүргізіледі деп жоспарланған. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде кент аумағында жалпы саны 180 жарық көзі орнатылып, тұрғындардың жүріп-тұруына жағдай жасалмақ.