Жарма ауданы түсімді бес есеге арттырды
Биылғы бірінші тоқсанда Жарма ауданы республикалық бюджетке түскен түсімдер мөлшерін бес есеге арттырды.
Бұл туралы биылғы алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыстар жайлы есеп берген аудандық кірістер басқармасының басшысы Советхан Дүйсенбаев хабарлады. Оның айтуынша, бірінші тоқсанда Жарма ауданы республикалық бюджетке 4,6 млрд. теңге мөлшерінде түсім енгізіп, көрсеткішті өткен жылға қарағанда бес есеге арттырған.
– Жергілікті бюджетке түскен салық мөлшері 1,6 млрд. теңгені құрап, өсу қарқыны 115,9 пайызға жетті. Салық төлеушілердің заңды қателерін өз еріктерімен жөндеу және қосымша табыс резервін анықтау мақсатында заңды және жеке тұлғалардың есептеріне жүргізілген камералдық бақылау барысында бюджетке қосымша 94,3 миллион теңге мөлшерінде түсім қамтамасыз етілді, – деді Советхан Дүйсенбаев.
Мұнымен қатар, бүгінгі күні аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы тұрғындар арасында бақылау-кассалық машиналарын қолдану мен «Шолып тексеру» пилоттық жобасы талаптарын түсіндірумен айналысуда.
Азамат Темірбеков