ҚоғамТОП

Жарапазан жаттап өстік

Кейбір салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз мерейлі мерекелер қарсаңында жаңғыра жадымызға оралып жатады. Осындай ескі жылдардың естеліктерінің бір шоғыры биылғы Рамазан айында есіме түсіп, сарғайған жазбаларымды ақтарып шықтым.

Алдымен айта кетер жаңалық, жуырда облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы қазақ этнографиясы бөлімінің ұйымдастыруымен жарапазан ұлттық фольклор жырын насихаттау мақсатында «Айтайық  жарапазан елімізге!» атты шара өтті. Музейге жиналған №3 мектеп-гимназиясының оқушылары халықты жақсылыққа үндейтін жарапазан жырының түрлерімен танысты. Музей қонақтары мен жас балалар «Ақниет» әжелер ансамблі, музей-қорықтың «Белес» этно-фольклор ансамблі мен №35 орта мектеп оқушылары орындаған  жарапазанға ерекше қызығушылық танытқанын көріп, қуанып қалдым.

Осы орайда ойға оралған ескі жылдардың естеліктерін оқырман қауыммен бөлісуді жөн көрдім. Мен 1988 жылдан бері облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында қызмет атқарамын. Музейдегі қызметім қазақ этнографиясы бөлімінен бастау алып, кейін белгілі бір себептермен  қол үзіп, одан 1994 жылы этнографиялық музейге қайта оралдым. Шығыс Қазақстан халықтары және аз санды этнотоптар этнографиясын зерттейтін  бөлімде аға ғылыми қызметкер болдым.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында музейде қазақ бөлімімен қоса қазақ фольлоры бөлімі болған-ды. Мен осы бөлімнің жұмысына қызығып, сол кездері өзім үшін қазақ фольклорының кейбір үлгілерін жинаумен айналыстым. Алайда өзімнің ізденіп, жазғандарымды ешкімге айтқан да, көрсеткен де жоқпын. Пушкин атындағы облыстық кітапхана қорындағы «Музыка знание» деген жинақтан қазақ музыкасын зерттеуші Талиға Бекхожинаның еңбектерімен танысып, деректерді  жазып алып едім. Жинақтың 1971 жылғы №5 санында Талиға Бекхожина жоқтау жырының түрлерін жарияласа, 1973 жылдың №6 санында «Бытовые песни-игры Восточного Казахстана» атты мақалада қазақтың ертегі өлеңдері, жұмбақ өлеңдері және жарапазанның түрлері, сондай-ақ қариялардың батасы жөнінде жазылған. Соның бірі:

«Үйің, үйің үй екен,

Үйдің көркі ши екен.

Саба көркі бие екен,

Сандық көркі түйе екен.

Босағасын борлатқан,

Маңдайшасын сырлатқан

Қандай байдың үйі екен?», – деп келетін жолдарын жазып алған едім. Кейін өз шешем де жарапазан біледі екен, оны да жазып алдым. Жалпы сарғайған жазбаларымды ақтарып отырып бірқанша жарапазан жырын жазып алғанымды көрдім. Бүгінгі ұрпақ ұмыта бастағаны болмаса біз бала күнімізде жарапазан жаттап өстік. Жарапазанның жас ұрпаққа берер өнегесі мен тәрбиесі мол. Жалпы жарапазан нұсқаларын ел ішінен жинақтап, жас ұрпаққа насихаттаса артық болмас деп ойлаймын. Жүйелі сөз, жұп-жұмыр жыр жаттап өскеннің ешкімге зияны жоқ. Сөз өнерін білген ұрпақ өнегелі болмақ.

 

Бақыт Құмарова,

облыстық сәулет-этнографиялық

және табиғи-ландшафттық музей-қорығының

аға ғылыми қызметкері

 

 

Осы айдарда

Back to top button