ТОП

«Жақсылық деген басына маяк орнатқан мұнара тәрізді»

Облыс орталығында инфекция бөлімінде жұмыс істеген бір дәрігермен хабарласып, коронавирус өршіген уақытта көмектескен еріктілер туралы сұрағанбыз. Дәрігер Семей медицина университетінің студенттерін ерекше атап айтты. Біз ол айтқан оқу орнындағы волонтерлердің бірі, студент Жансая Оралованы іздеп таптық. Бойжеткен көзбен көрген оқиғасын тебірене әңгімелеп берді. «Өзім танитын әже маған ең соңғы сөзін айтты», деп көп адамның басынан өтпейтін ерекше сәтті өткергенін жеткізді.

Біздің кейіпкерлердің пікірінше, биыл еріктілер ісі негізгі жолын тапқан жыл болды. «Волонтер жылының жариялануы және елді індет жайлауы көзге түсе бермейтін ересек волонтерлердің белсенділігін арттырып, қатарын молайтты. Соның арқасында әдеттегіден салмақты шаруаларды тындыра алдық. Мысалы, мүгедек, жалғызбасты адамдардың құжат мәселесін шешіп бердік. Волонтер десе, бірден студенттерді көрсететін әдетіміз бен қатқан қағидамыздың шеті сөгілген тәрізді», – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова. Ол жетекшілік ететін орталықтың жанынан облыс волонтерлерінің фронт-офисі құрылған болатын.

«Жақындарым келіп түсе ме екен деген ең үлкен қорқынышым болды»

– Қиналып кеттік. Түсіп жатқан науқастардың санында есеп жоқ секілді. Күн сайын көбейе берді. Аурухананың атмосферасы ауыр ғой. Жабық киіммен күні бойы жүрген тіпті қиын. Төрт-бес қабат маска дем алғызбай, дәу көзілдірік буланғанда, сұмдық шөлдейсің. Бөлмеге кіріп, су ішіп жатқан науқастарды көргенде, «впрямь» жүгіріп барып, жұтып жібергің келеді. Сонда судың… Қалай айтсам екен… Бір жұтым судың қасиетін білесің, – деп Жансая Оралова коронавирус жұқтырғандар жатқан бөлімдегі бастапқы жұмыс күндері туралы айтады.

Университеттің бірінші курсын аяқтаған ол Аягөздегі ауруханаға қызметкер жетпей жатқанын естіп, жолға шығады. Бұған дейін колледжде медбике мамандығын бітіргендіктен бірден провизор бөліміне жұмысқа алынады. Өзі сынды бірге оқитын достары да жан-жаққа көмекке барған. Бірақ өзіне де, өзгесіне де еңбекақы төленген.

– Ата-анамның келісімін алу қиын болды. Түрлі ақпаратты естіп отырған олар денсаулығыма қатты алаңдады. Айнытуға бар күшін салды. Бірақ мен мұның ешқашан еш жерден табылмас тәжірибе болатынын түсіндім, – деді.

Жансая «ауруханаға жақындарым келіп түсе ме екен» деген ең үлкен қорқынышы болғанын айтады.

– Қайтыс болған әжені бұрыннан танитынмын. Сондай жайдары кісі еді. Таң атып келе жатқан. Кезегім біткен. Қайтпадым. Апаның жанында қалдым. Үйінен келген саумалын ұрттатып, маңдайдағы терін сүрттім. «Басымды көтерші», – деді ол. «Мына аппараттың бәрін шешіп тасташы», – деді. Көндіруге тырысқан сөздерімді тыңдады. Бірақ қайтадан «шаршадым» деп айта берді. Қолымнан қысып тұрып: «Менің қасымда болшы», – деді. Осы сөзі оның соңғы сөзі болды. Өз көзіңмен бір адамның жаны шығып бара жатқан сәтін көру; қолдан келгеннің бәрін істесең де, оныңнан түк шықпайтынын білу – жаман сезім. Ешкімге тілемеймін ондайды, – дейді Жансая күрсініп.

Жансая өзінің бригадасы өте көңілді болғанын айтады.

– Жатақхананың бір бөлмесінде бригададағы төрт адам жаттық. Жұмыстан соң ештеңеге мән бермей, ес-түсіңнен айырылып ұйықтайсың. Қатты шаршап, жылап алған күндерім болды… Жұмыста аппараттың бәрін қарап, оттегі бітсе, ауыстыруың керек. Сонда әр науқастың тағдыры қолыңда тұрғанын түсінесің. Тұтқиылдан сынақ келсе, абыржымай, нық сеніммен қарсы алуға өзіңді іштей баули бастайсың. Денсаулықтан асқан байлық жоқ екенін ұғасың. Ой, біздің бригада өте жақсы болды, – дейді Жансая кенет көңілденіп. – Науқастармен қалжыңдасып, әңгімемізді айтып жүретінбіз. Біздің көңіл-күйді өзімізден басқа ешкім көтермейді ғой. Қабағымыз түсіп жүрсе, науқастарға кері әсер ететінін сеземіз, – дейді.

Ол қазір университеттегі оқуын қайта жалғастырып жатыр.

Кейінгі кезде бизнесмендер іздей бастаған

– Вирус өршіген тұста науқастарға оттегі жетпей, халықты жаппай үрей биледі. Таныс дәрігерлерден ауруханадағы ахуалды сұрап, құрал-жабдық тапшы екенін білдік. Олар қыл аяғы медицина тұмшасына зәру болып жатты. Жалпы, «жаудың» түбі бір келетіні белгілі болған. Төтенше жағдай бірден жарияланғанда құрал-жабдықтарды түгендеп, дайындалуы керек еді ғой. Ол кезде көп науқас тіркелмеді ғой. Ал режим алынған соң, індет жаппай таралып кетті. Тарбағатай ауданының сол кездегі әкімі Серікқазы Сәдуақасов та ел болып жиналайық деген мақсатта үндеу жолдады. Әкім бұлай деген соң біз жағдайдың қиын екенін түсіндік, – дейді бұрынғы Тарбағатай ауданына қарайтын ауылдардан шыққан еріктілерді ұйымдастырушы Ермек Құрманғали.

Ауылдағы және жан-жақтағы азаматтар 4 миллион 785 мың теңге қаражат жинаған. Еріктілер Қытайдан 10 оттегі концентраторын, Ресейден дәрі-дәрмек, 50 дана дәрігерлердің қорғаныш костюмін сатып алып, барлығын Ақжардағы ауруханаға табыстаған.

– WhatsApp-тағы топта ақылдастық. «Біздің қолдан не келеді?» деп. Ақыры «дауай, Ермек, сен ақшамызды жина» деді бірауыздан. Мақұлдадым. Бірақ өзімнің үстімнен бақылау комиссиясын құрғыздым. Күнде есеп бердім. Kaspi Gold банк картасын ешқандай жеке төлемдерім үшін қолданбай, бірыңғай осы іске пайдаландым. Шаруаларға көп жүгірген Жанна Сәкетаева, Ербол Жәнібеков, Өмірхан Қанағатов, Әсел Мержақып, Толғанай Сейітқазина сынды жерлестерді ерекше атап өткім келеді, – деді Ермек Құрманғали.

Олар қайырымдылық қорды «Тарбағатайдың жомарт жандары» деп атаған. Коронавирустың екінші толқынында ауруханаларға көмек керек болмаған. Сонда да қорды таратпай ұстап қалған. Мақсат…

– Мұқтаж кісі бірден көрініп тұрады. Мысалы, көмірі жоқ көпбалалы отбасы. Кімге жалынып жүреді? Қарыз ақша ала ала ма біреуден? Рас, әлеуметтік жағынан белгілі деңгейде әкімдік қолдауы керек. Алайда олар оған қаражат бөліп болғанша уақыт өтіп кетеді. Біз бірден жәрдемдесеміз. Ал жалғызбасты адамдарға келгенде «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген ұстаным ұстанамыз. Мысалы, көлік жөндей алатын адамға құрал-жабдық сыйлағанбыз. «Осымен наныңды тап» деп. Оған қоса ауданның атын шығарып жүрген бірнеше талантты жасқа музыка жабдықтарын тарту еттік. Кейінгі үш айда 700 мың теңгенің көмегін көрсетіппіз. Қазір қорымызда азын-аулақ қаражат бар. Қор мүшелері ай сайын жарнаға мың теңгеден бастап ақша аударып тұрады, – деді Ермек Құрманғали.

Кейінгі кезде «Тарбағатайдың жомарт жандарын» бизнесмендер іздей бастаған.

– Ірі бизнесмендер ірі-ірі істерді істейді. Бірнеше отбасына үй алып бере алады. Бірақ ондайда бізге хабарласады. «Қайырымдылықты қордың атынан істейік, қаражатты мен беремін» дейді олар. Бірақ мұнымен олардың аты елеусіз қалмайды. Қайта жарқырап шығады. Қордағы екі жүздің үстіндегі адам әлеуметтік желілерде жарыса жазады. Менің ойымша, істеген жақсылығың атаусыз қалмауы да керек. Сонда ол басқаларға үлгі болады, – дейді Ермек Құрманғали.

«Адасқан кемеге тура түседі»

– Биыл волонтер студенттердің өзі волонтерлік жұмысқа өмірінің бір бөлшегі ретінде қарай бастады. Облыстағы әр оқу орнындағы жас өз салалары бойынша көмекке ұмтылды. Болашақ педагогтар онлайн оқып жатқан оқушылардың сабақ үлгерімінен қалмауына атсалысты. Медицина бойынша білім алушылар аурухана, қарттар үйіне, мүгедектер үйіне жәрдемдесті. Техниктер онлайн құжат рәсімдеу сынды әртүрлі қызмет түрлерін алу тұрғысынан кеңес берді. Тігіншілер 16 мыңнан астам маска тігіп таратты. Әлеуметтік желіде бетперде тігу тәсілін үйретті. Электротехника колледжінің оқытушылары мен студенттері 50 оттегі өткізетін құрылғы жасап, емханаларға берді. Болашақ құтқарушылар мектеп-интернат аулаларының қарын күреп, балықшыларға түсіндіру рейдтерін жүргізісті. Өнерпаздар онлайн ән-шашу ұйымдастырып, халықтың көңілін аулады, – дейді облыстық әдістемелік бірлестіктің төрағасы Лариса Иванова.

Арайлым Есімбекова Ертіс пен Бұқтырма жағалауы және Семей орманында сенбіліктер ұйымдастырылғанын айтады. «Төтенше жағдай кезінде облыс азаматтары азық-түлік таратты. Еріктілердің көмегімен Құрбан айт та жаңа форматта ұтымды өткізілді. Баса айта кетейін, биыл құрылған фронт-офис Волонтер жылы бітті деп тарап кетпейді. Жұмысын жалғастырады», –  деді.

– Жыл сынақпен өтті. Адамдардың төзімі, мықтылығы, жол таба алатын тапқырлығы сыналды. Біз елдегі барлық адамның ажалдың алдында тең екеніне көз жеткіздік. Сондықтан бір-бірімізге деген жанашырлық, мейірімділік сезіміміз одан сайын арта береді деп сенеміз. Жақсылық деген басына маяк орнатқан мұнара тәрізді, жарығы адасқан кемеге тура түсіп тұрады, – дейді Лариса Иванова.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button