Қоғам

Жақсы болса – жаужұмырды ит жемес пе!

Сөз төркіні

«Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» деп күдігі мен күмәнін де мақалға айналдырған қазақтан қалған сөз көп. Соның бірі: «Жақсы болса – жаужұмырды ит жемес пе!» деген мақал. Игілікті іске жарамайтындарды иттен керексіз қылғанда қазақ осылай дейтін. Мақалдың мағынасын түсінгенмен тереңіне бойлай алмайтындарға айтайық.

Мақалдың мәні мен дәмі арғы жылдардың қанжығасында екен. Бұл өзі қайың сауған қасіретті ғасырлардан да бұрын қалыптасқан ұғым болса керек. Жаужұмыр жауынгер жұрттың жолазыққа алатын асының бірі болған. Жорық пен соғыс жолына сойылған қойдың етін өз жұмырына салып, су құймай қоламтаға пысырып, жауынгер ердің қанжығасына байлап беретін болған. Көнекөз кейбір қарттардың айтуынша етті кептіріп, келімен түйіп, жұмырға салады деп те айтылады. Айбары асқан қазақтың айласы көп ғой, бастысы жұмырға салуында болып тұр. Аттың терін, күннің ыстығын көп өткізбейтін қой жұмыры қанжығаға байлауға да қолайлы болған. Жорық үстінде сойылған мал етін салу үшін қойдың жұмырының тазалануы да оңай. Қоламтаға пысырудың да астары бар. Көлденең көзге ілігіп қалмау үшін түтіндетіп көп от жақпай қолматаға көміп пысырған. Тоқтаусыз жорықтар мен соғыс кезінде қазақ батырлары жаужұмырдағы қой етін аз-аздан ат үстінде талғажау еткен. Жаужұмыр әрдайым қанжығада жүргендіктен сыртына аттың тері жұғып, тіл тигізбес уға айналады. Әдетте қалған-құтқанды да қылғыта салатын ит мұны жеуді қойып иісінен сескенетін болған. Аттың тері жыланды да өлтіретін у екені айтпаса да түсінікті. «Жақсы болса – жаужұмырды ит жемес пе!» деуінің астары осы.

Ер жастанып ұйықтап, жаужұмырды қанжығасынан тастамайтын қазақтың тәмсіл қылып кеткен тәтті тағамының атымен астарлас ащы мақалының мәні осылай. Қазақтың әр тағамының таңдайдан кетпес дәмі бар, әр мақалының мәні бар.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button