ТОП

Жануарлар әлемі – балалар көзімен

Жақында Өскеменде «Жаңа толқын. Біздің кішкентай бауырларымыз» атты облыстық балалар шығармашылығы байқауы өз мәресіне жетті. Байқау еліміздегі Балалар жылы мен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының аясында өтіп отыр.

Музейдің үш залында орналасқан картиналарға қараған сайын бала жанының  қашан да жаңашылдыққа құмар екеніне көзіңіз жете түседі. Өмірге шексіз ғашық бала жанының тазалығы әрбір туындыдан байқалып тұрғандай. Облыстық мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан Өнер музейі ұйымдастырған бұл облыстық байқау екі жылда бір рет өткізіледі екен. Биыл байқау-көрмеге аймақтағы жеті қала мен 10 ауданнан 297 автордың 357 жұмысы қойылыпты.  Байқау-көрмеге балалардың ең жақсы көретін тақырыбы – анималистік жанр таңдап алыныпты. Яғни, жан-жануарлар әлеміне сіз бала көзімен үңілесіз.

Рас, бала қиялында шек жоқ! Баланың жанары тек әдемілікті, тек сұлулықты көреді. Басына бантик таққан мысық, мойнына қоңырау таққан құлын, сүйкімді күшік – бәрі-бәрі езуіңізге күлкі үйіріп, жүрегіңізгі бір нәзік сәуле сепкендей әсерде қаласыз.

Бала қолынан шыққан суреттердің бояуы да сан алуан. Мысалы, Абай ауданы, Саржал ауылында тұратын 12 жастағы Зарина Құралбекова өзінің шығармасын  «Менің сүйікті мысығым Мурлик» деп атаса, өскемендік Аманғазы Бексұлтанның «Жолбарысының» да жанарынан ерекше бір мейірім сезіліп тұр. Аягөздік Гүлмира Аманғазинаның «Ауылым» атты шығармасы да көңілге жылылық сыйлайды. Сондай-ақ Жібек Қожанованың «Ақбоз аты», Полина Килькованың «Менің алтын балықтарым», Нұрия Жақиянованың  «Менің кішкентай бауырларым», Зере Болатбекованың «Ақбөкендер қасіреті»  атты суреттерінің  де айтар ойы бар.

Мысалы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы балалар өнер мектебінің оқушысы Гаухар Ержанованың «Жаратылысты аяла» атты суреті шынында да көрген адамға ой салады екен.

Осы орайда біз Гаухардың ұстазы, облысқа есімі таныс суретші Шоқан Әлібекпен сөйлескен болатынбыз.

– Әрине, бұл суреттің астарында ғаламдық деңгейдегі үлкен мәселе жатыр. Бұғының басындағы жер шарының екі түрлі көрінісі көрген адамның жүрегін сыздатары сөзсіз. Бір жағындағы Жер-ана бүлінбеген, тап-таза, әдемі күйінде сақталса, екінші жағындағы Жердің бөлігі алып зауыттардың түтініне бөгіп тұр. Иә, қазір әлем дамып жатыр, бұл, бір жағынан, жақсы болғанымен, екінші жағынан, жердің нәрі, ресурстары сарқылуға таяу. Гаухар осы мәселені қылқалам құдіреті арқылы баршаға жеткізуге тырысты. Бұл жұмыс осы байқауда 3-ші дәрежелі дипломға ие болды. Жалпы, Гаухар өнер мектебінде биыл үшінші жыл оқып жатыр. Талабы да, таланты да ерекше бала. Түске қатты мән береді. Креативті ойлайды. Бір ойды екінші оймен байланыстырып жіберу жағына өте шебер, – дейді Шоқан Әлібек. Осынау байқауға Әлібектің төрт шәкіртінің жеті жұмысы қатысып, екі шәкірті жеңімпаз атаныпты.

Бір атап айтарлығы, байқауға қатысушылар жаңа технологияларды, атап айтқанда, полигоналды мүсіндер жасау үшін 3D модельдеу бағдарламаларын, QR коды бар жапсырмаларды, сюжеттің тақырыбын толықтыратын дыбыстық және музыкалық сүйемелдеу технологияларын батыл қолданғанын ерекше айтуға болады.

Байқау-көрменің ашылу салтанатында жас суретшілер  «Жануарлар дүниесі», «Жануарларды қорғайық», «Эволюциялық даму үрдісі» номинациялары бойынша марапатталып, оларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button