ТОП

«Жанұя» орталығына 482 отбасы жүгінді

 Отбасы – қоғамның ең негізгі тірегі әрі ұлттың дамуы мен болашағының кепілі. Осы орайда Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде әлеуметтік тұрақтылықты дамытуға бағытталған 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Оны іске асыру және отбасын әлеуметтік қолдау шараларын жақсарту мақсатында облыста «Жанұя» отбасын қолдау орталығы құрылған болатын.

Орталық жұмысының маңызы зор, себебі ол тек жеке отбасыларды ғана емес, бүкіл қоғамды қамтитын әлеуметтік қызметтерді ұсынады. «Жанұя» отбасын қолдау орталығының жұмысы, әсіресе, қазіргі таңда отбасылық құндылықтар мен бала тәрбиесі мәселесі айтарлықтай өзекті болып тұрған кезде маңызды әрі уақытылы бастама болды.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, орталық қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кешенді қолдау көрсетеді.

Көмек көрсету шеңберінде орталық полиция, білім беру, денсаулық сақтау органдарымен, жұмыспен қамту бөлімдерімен, ШҚО адам және балалар құқықтары жөніндегі уәкілдерімен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара тығыз жұмыс жасайды.

Оның қызметі кең ауқымды және әр түрлі бағыттарды қамтиды.

Мұнда түрлі әлеуметтік топтар мен отбасыларға арналған бірнеше бағдарламалар іске асырылуда.

Мәселен, орталықта мамандандырылған психологтар отбасы мүшелерінің эмоционалдық және психологиялық жағдайларын талдап, оларға қажетті кеңес береді. Психологиялық тренингтер мен жеке қабылдаулар арқылы отбасы мүшелерінің арасындағы қақтығыстарды шешу және отбасы динамикасын жақсарту жұмыстары жүргізіледі.

Мұнда құқық мәселелеріне қатысты заңгерлік көмек те көрсетіледі. Орталықтың қызметкерлері заң тұрғысынан кеңес беріп, отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғауға көмектеседі.

Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету, тұрмыстық мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

Балалар мен жасөспірімдерге де психологиялық көмек көрсетіліп, оларды әлеуметтендіру, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру және қауіпсіз орта қалыптастыру да орталықтың басты назарында.

Орталықта мына мәселелер бойынша кеңес алуға болады:

– отбасындағы жанжалды жағдайларды шешу (психологиялық кеңес беру);

– әртүрлі мемлекеттік органдарда құжаттарды рәсімдеу;

– атаулы немесе біржолғы материалдық көмек алу;

– тұрғын үйге кезекке қою;

– балаларды мектепке және балабақшаға орналастыру;

– мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық және өзге де қолдау көрсету;

– жұмысқа орналастыру, кәсіптік даярлау, біліктілікті арттыру және қайта даярлау;

– мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе оның белгілері бар баспанасыз қалған адамдар жүгінген кезде «Жанұя» орталығы дағдарыс орталығына орналастыруға көмектеседі, сондай-ақ психологиялық, заң көмегін және басқа да қолдау шараларын көрсетеді,-деді басқарма басшысы.

Адамдарға немесе отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету жеке өтініш жасаған кезде, сондай-ақ мемлекеттік органдардан, әлеуметтік желілерден және жеке тұлғалардың хабарлауы бойынша жүзеге асырылады.

Орталық ашылғаннан бері 482 отбасы жүгініп, оның ішінде 2188 адам түрлі мәселелері бойынша көмек алған.

Облыстың қала-аудандарында да өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар өтініш беруге мүмкіндігі бар. «Жанұя» отбасын қолдау орталығының екі маманы аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінде қабылдайды.

Орталықтың қызметі туралы қосымша ақпаратты әлеуметтік желілерден zhanuya_vko инстаграм парақшасынан алуға болады.

Айжанат Бақытқызы

 

 

Осы айдарда

Back to top button