ӨзектіТОП

Жаңғызтөбедегі жарылғыш заттардың иесі анықталды

 (Видеодан алынған кадр)

«Жаңғызтөбе – Аягөз» тасжолының бойынан қап-қап жарылғыш зат табылды. Мәселенің мән-жайын білуге облыстық полиция департаменті мен Жарма ауданының әкімдігімен байланысқа шықтық. Әзірге қолда бар ақпаратты ұсынамыз.

Түсіндіре кетейік, 22 шілдеде әлеуметтік желілерде жол бойында жатқан жарылғыш заттар түсірілген видео тарады. «Өтіп бара жатып осындай қаптарды көріп қалдық. Қаптың сыртында «Жарылғыш заттар» деп жазылып тұр. Оны бұлайша жолдың бойына ашық тастауға бола ма? Бұл неткен немқұрайдылық? Бұл қылмыс қой», дейді видео авторы.

Ресми мәліметте бұл жол салу үшін жару-қопару жұмыстарына арналған заттар екені хабарланады.

– Мұны жару жұмыстарын жүргізетін компания өкілдері алып келгені анықталды. Қазір онда полиция кезекшілік етіп тұр. Ешқандай қауіп жоқ, – деп жазады полиция департаменті.

Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраев аталмыш компанияның жұмысына баға алдағы уақытта берілетінін айтады.

– Қазір өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстағы департаменті аталмыш компанияның жарылғыш заттарды сақтау мен пайдаланудағы қызметін қарап жатыр. Осы департаменттің қорытындысы бойынша «Самык-89» компаниясының жұмысына тиісті баға беріледі, – деді Айдар Ибраев.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button