Жаңбырлатып суармақ

Ерлан Бапанов, ТАРБАҒАТАЙ.
Соңғы жылдары облыс аумағындағы өзен-көлдер мен басқа да табиғи су көздерінің біртіндеп тартылуы егіншілерді де, малшыларды да тығырыққа тіреп жүргені жасырын емес.
Егіншілер үшін мәселенің шешімі – жаңа технологияларды пайдалану, яғни, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін өндіріске кеңінен енгізу.
Мұндай игі бастаманы қолға алған шаруалар да бар. Мәселен, аудандағы Сәтбаев ауылдық округінде жеті жылдан бері жұмысын дөңгелетіп отырған «Ықыбай» шаруа қожалығы осы бір тиімді тәсілді іске қоспақ ниетте. Кәдірбек Елубайұлы жетекшілік ететін қожалық егіс шаруашылығын ілгерілетуге жан-жақты ден қойған.
Әсіресе, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 1000 гектар егістік жердің 754 гектарын игеру үшін жаңбырлатып суаруды ауданымызда бірінші болып қолға алғанын атап айтуға болады. Бұл бастама басқа қожалықтарға да ойтүрткі болғаны рас. Айтуларынша, қазірде мұнда 415 гектар және 339 га суармалы алқапты суландыру және сумен жабдықтау инфрақұрылым жобасы іске асырылуда. Көлемі 200х125 м. су жинақталып, сақталатын бірінші резервуардың құрылысы аяқталуға жақын. Оның сиымдылығы 150 мың/текше метр көлемді құрайтын көрінеді. Екінші резервуардың сиымдылығы 102 000 текше метр болады. Егістік алқапты суландыруға барлығы жеті жаңбырлатқыш машинасы іске қосылмақ.
Биыл шаруашылық дихандары арпа, бидай, жоңышқа және сүрлемдік жүгері дақылдарын егуді жоспарға қойған. Суландыру жүйесінің құрылыс жұмыстарын мамыр айының соңына дейін бітіруді көздеген.
Сонымен қатар, қожалық мал шаруашылығын да өркендетіп отыр. 4000 бастық ірі қара, 10 000 бас қой-ешкі бордақылауға арналған қора-жай жасақтаған. Жуырда Ресейден 3500 бас асыл тұқымды ірі қара әкелген. Қазіргі таңда асыл тұқымды малдарды қолдан ұрықтандыру жұмыстары қарқын алған. Шаруа қожалығында мал дәрігері, зоотехник, оператор және тағы басқа жұмысшыларды қосқанда жүзге тарта адам еңбек етуде.