
Шығармашылықпен еңбек етіп жүрген ұстаздар қатарында аудан орталығындағы І.Жансүгіров атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Досанова мен Абай атындағы білім ұясының математика пәнінің мұғалімі Жанар Байкенова да бар.
Алмагүл Болатқанқызы кезіндегі М.Горький атындағы орта мектепті бітірген соң Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжді үздік аяқтап шығады. 1996 жылдан І.Жансүгіров атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып істеп келеді. Мұғалімдік қызметті атқара жүріп, 2003 жылы Шәкәрім атындағы университетті сырттай аяқтайды.
Ұстаз әр бала жүрегінің кілтін тауып, өз жүрегінің жылуын сыйлап, ерінбей ізденіп, біліктілігін арттырып келеді. Өзінен сабақ алып, тәрбие көрген түлектері өмірде өз жолдарын тауып, білікті мамандар саналуда. Алмагүл Болатқанқызы індетке байланысты аудандағы бастауыш сыныптар арасында алғаш онлайн сабақ өткізіп, әріптестерімен іс-тәжірибесімен бөлісті.
Жанар Серікқанқызы – тәжірибелі ұстаз. Оның еңбек жолындағы шығармашылық табыстары айтарлықтай. Жанардың өзі де, шәкірттері де үлкен табыстарға қол жеткізуде. Айталық, оқушылары «Ақ бота» білім марафонына қатысып, III орынды жеңіп алған болатын. Халықаралық қашықтық олимпиадада шәкірттері бірінші, екінші орындарды алған-ды. Математикадан республикалық интернет олимпиадада оқушылары Еркін Жайдар, Еркебұлан Құрманбаев, Ардақ Төкенов, Ақнұр Серғали, Аяжан Халықова диплом иеленген. «Малахит» облыстық зияткерлік конкурсына қатысқан оқушылары да жеңімпаздар қатарынан табылыпты. Сондай-ақ мұғалімдер арасындағы математика бойынша олимпиадаға қатысып, аудан бойынша «Ең үздік» сертификатының иегері атанып отыр.
Жанар Серікқажықызы аудандық іс-шараларға белсене араласып, ашық сабақтар өткізіп, баяндамалар оқып, іс-тәжірибесімен бөлісіп жүр.
Үржар ауданы.