ҚоғамТОП

Жаңартылған ХҚКО-лардың артықшылығы неде?

Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтер көрсету саласында жаңа тренд пайда болды – елімізде тұрғындарға арналған цифрлық кеңселер ашыла бастады, дәлірек айтсақ үйреншікті Халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңғыртыла бастады. Өндірісті Өскемен қаласының да бұл үрдістен шет қалағаны қуантады. Бүгінгі таңда осындай жаңартылған кеңселер облыс орталығында да тиімді жұмыс істеп тұр. Осы және басқа да қызметтер жайында біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Азамат Есембуловтың өзінен сұраған едік.

 

Кайдзен қағидатын басшылыққа алған

 

Әрқайсымыз да күнделікті өмірде төлқұжатты, жеке куәлікті, жеке сәйкестендіру нөмірін, әскери билеттің телнұсқасын, сотталмағандық туралы анықтаманы немесе басқа да құжаттарды алу, оларды апостильдеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу не қайта тіркеу, зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу және тағы да басқа толып жатқан қағаз жұмыстарымен талай рет бетпе-бет келгеніміз анық. Басқа да сан түрлі шауалармен әркім де Халыққа қызмет көрсету орталықтарының табалдырығын біраз тоздыруға мәжбүр болған шығар. Жасыратыны жоқ, адамдар мол жиналатын әрі кезек күтуге тура келетін мұндай мекемелердегі психологиялық ахуал көп жағдайда көңілден шыға бермейді. Осы мәселені шешу үшін, яғни Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жақсарту мақсатында әлемге әйгілі Кайдзен қағидаты басшылыққа алыныпты.

– Азамат Хамидуллаұлы, қаламыздағы барлық ХҚКО-лар да Кайдзен қағидатымен, яғни жаңа форматта жұмыс істей ме? 

– Иә, былтыр екі қызмет көрсету орталығын, биыл ақпан айында тағы бір орталықты жаңартып шықтық. Атап айтсақ, Қазақстан көшесінің бойындағы 99/1 ғимаратта орналасқан ХҚКО жаңартылып, қайтадан ашылды. Осылайша, қазір Өскемендегі барлық ХҚКО-лар жаңа цифрлық форматта жұмыс істеп жатыр. Рас, олардың барлығы Сіз айтып тұрған Кайдзен қағидаты бойынша жобаланған. Қажетті жабдықтармен жарақталған және мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы алу үшін іші түрлі аумақтарға бөлінген.

– Сонда олардың басқа кәдімгі орталықтардан басты айырмашылықтары неде?

Басқа Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жаңа форматтың айырмашылығы сол – келген азаматтың, яғни қызмет алушының жұмысын жеңілдету үшін іші арнайы секторларға бөлінген. Әр сектор жеке-жеке түспен белгіленген. Мәселен, қабылдау аумағы – көгілдір, жылдамдық аумағы – сары, дайын құжаттарды беру аумағы – жасыл, әлеуметтік қызметтер көрсету аумағы – тоқсары, құжаттама – қызыл, ал күлгін түспен заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікті тіркеу сияқты қызметтер көрсетілетін дәстүрлі операциялық зал аумағы белгіленді. Тағы бір атап өтерлігі, алатын қызметіңіз неғұрлым жылдамырақ болса, соғұрлым ол сектор шығу есігіне жақын орналасады. Сондай-ақ барлық цифрлық орталықтарда компьютерлік техникалар ауыстырылып, жиһаздар жаңаланды.

 – Түсінікті. Орталықтардың іші түрлі аумақтарға бөлінгені ыңғайлы екен, енді оқырмандарымызға әр осы аумақ туралы тарқатып айтып берсеңіз. Өйткені, бұл әр азаматқа қажет ақпарат.

– Жақсы. Аумағы жағынан ең үлкені – жайлылық аумағы. ХҚКО-ның интерьерінде бұл аумақ күлгін түспен белгіленген. Бұл жерде 300-ге жуық қызмет көрсетіледі. Оның ішінде жоғары айтқанымдай заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікті тіркеу сияқты жиі көрсетілетін дәстүрлі қызметтер де бар.

Одан кейін тоқсары түс – әлеуметтік қызмет көрсету аумағы. Мұнда келушілер зейнетақы, жәрдемақы және басқа да аударым алуға өтініш береді.

Қызыл түс – құжаттау аумағы, мұнда жеке бас куәлігін, төлқұжат рәсімдеу сияқты көші-қон қызметтері көретіледі.

Жылдамдық аумағы сары түспен боялған. Мұнда клиенттер 5-10 минуттан аспайтын қызметтерді ала алады. Жылдамдық аумағында сұранысқа ие қызметтің 27-і түрі көрсетіледі. Оның ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркеу, салық төлеушіні тіркеу, электронды кілт беру сияқты қызметтер бар.

Дайын құжаттарды беру – жасыл түсті аумақ, ал көгілдір түсті аумақта анықтама мен өзіне-өзі қызмет көрсету секторы орналасқан, бұнда өзіңізге қажет ақпарат, кеңес алып, онлайн қызметтерді жылдам рәсімдеп кетуге болады.

Қызмет неғұрлым жылдам болса, соғұрлым ол аумақ шығу есігіне жақын болады деп жоғарыда айтқанмын, міне олар – осы көгілдір, сары және жасыл түсті аумақтар.

 

«Үштен бірі құлаққап қолдануға тырысады»

 

– Ең бастысы мемлекеттік қызметтерді азаматтарға барынша сапалы әрі жылдам көрсету дейсіз ғой. Дұрыс екен. Келесі сауалым автокөлік иелеріне қатысты, бұл бағытта да өзгерістер бар деп естідік. Сонда нақты қандай өзгерістер енгізілді?

– Иә, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырудың ережесі өзгерді. Теориялық емтихан тапсыру үшін үміткерлер egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы немесе Мамандандырылған ХҚКО операторына жүгіну арқылы өтініш береді. Жүргізуші куәлігін алам деушілер енді міндетті түрде сәйкестендіруден өтуі керек. Ол тұлғаның биометриялық деректерін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтермен салыстыру арқылы жүргізіледі. Осы ретте әлгі кандидаттың жеке кабинетінде мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.

Бұл жерде ең бастысы – теориялық емтиханды сәтті тапсыру. Егер емтихан сәтті тапсырылмаса, онда теориялық және практикалық емтиханды қайта тапсыру келесі жұмыс күніне қалдырылады. Теориялық емтиханды тапсырудың екі теріс нәтижесі кезінде келесі теориялық емтихан кемінде бір айдан кейін өткізіледі.

Практикалық емтиханды тапсырудың үш теріс нәтижесі болса, кандидат қайта теориялық емтихан тапсыруға кемінде екі айдан кейін жіберіледі.

Бұдан басқа, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында теориялық емтихан тапсырудың жаңа ережелері енгізілді. Емтихан қабылдаудағы ұйымдастырушылық-технологиялық процестерді енді мемлекеттік корпорация жүзеге асырады. Бұрын мұны аутсорсингтік компаниялар жасайтын еді. Бұл жаңашылдық Мамандандырылған ХҚКО-лардағы қызметтің сапасына қатысты тұрғындардан түскен көптеген арыз-шағымдардан соң енгізіліп отыр. Осындай келеңсіздіктерді жою үшін корпорация тестілеу процесін дербес ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осылайша, тестілеудің сапасы ғана емес, қауіпсіздігі де артты.

Айталық, бұрын теориялық тест «Жол қозғалысы ережелері 2.0» жүйесі арқылы жүргізілетін. Ал қазір корпорация жол қозғалысы ережесінің жаңа 3.0 жүйесіне көшті. Осының арқасында жүргізуші куәлігін алу процесі ашық, яғни әділетті өте бастады. Теориялық емтиханды тапсыру кезінде тестілеу барысы аудио және бейнежазбаға түсірілетінін айта кеткен жөн.

Біз емтихан қабылдау бөлмелеріне бейнебақылау камераларын орнаттық. Бұл ретте кез келген адам күту залдарында да, онлайн режимінде де өтіп жатқан емтиханды көре алады.

Біздің бір байқағанымыз, әрбір үшінші (!) адам айласын асырып, теорияны микроқұлаққаппен тапсыруға тырысады екен. Осы олқылықтың жолын кесу үшін әлгі құрылғыларды анықтайтын арнайы детекторлар енгіздік. Кейбір микроқұлаққаптардың диаметрі екі миллиметрден де аспайды, оларды көзбен байқау мүмкін емес. Бұл ретте бізге жиілігі төмен  сигналдарды анықтайтын арнайы жүйе көмектеседі. Ол микроқұлаққаптардың бар-жоғын бірден анықтап, ХҚКО операторына дереу белгі береді. Сондай-ақ бағдарлама автоматты түрде экранға микроқұлаққаптың табылғаны және тестілеудің тоқтатылғаны туралы хабарламаны шығарады. Осы орайда айта кететін жайт, түрлі көмекші құрал-жабдықтарды қолданғаны үшін ұсталған азаматтар үш айға емтихан тапсыру құқығынан айырылады.

 

«Супер ХҚКО-ның» құрылысы қашан аяқталады?

 

– Соңғы кездері «Өскеменде «Супер ХҚКО» салынады» деген ақпарат тарап жүр. Ол қандай ХҚКО? Мақсаты неде? Толығырақ айтып берсеңіз.

– Иә, ол рас. Біз дамыған елдердің іс-тәжірибесін зерттеп, озығын өзімізде қолдануға тырысамыз.

Облыс орталығында бой көтеретін «Супер ХҚКО-да» барлық мемлекеттік органдардың қабылдау бөлмелері болады. Онда ашық әкімдік, құқық қорғау органдарының орталығы, бизнесті дамыту жөніндегі блок орналасады. Мемлекеттік қызметтерді бір-ақ жерден алуға арналған, мемлекетпен өзара іс-әрекет жасаға арналған Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Басқармамыздың төрағасы жуырда Өскеменге келіп, жаңа ғимараттың салынатын орнын, құрылыс барысын мердігерлермен және облыс әкімдігімен талқылап кеткен болатын. Корпорация басшылығы мұндай озық жобаларды жүзеге асыру үшін облыста барлық мүмкіндік бар екеніне көз жеткізіп қайтты.

– Бастамаларыңыз сәтті іске ассын! Сөз соңында оқырмандарымызға Өскемендегі кезекші ХҚКО-лар жайлы ақпарат бере кетсеңіз.

– Рақмет! Иә, 1 сәуірден бастап кезекші ХҚКО ретінде Белинский көшесі, 37А мекенжайы бойынша орналасқан орталығымыз қызмет көрсетіп жатыр. Яғни, ол жер азаматтарды жұмыс күндері сағат кешкі 8-ге дейін, ал сенбі күні сағат 13-ке дейін қабылдайды. Бұл ретте Сәтпаев даңғылы, 34/2 мекенжайында орналасқан ХҚКО әдеттегі жұмыс кестесіне көшті, ол орталық жұмыс күндері сағат 9-дан 18-ге дейін жұмыс істейді.

Ескерте кетейін, кезекші Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мекенжайы өзгеріссіз қалды – Абай даңғылы, 203/2. Ол дүйсенбі-жұма аралығында 9-дан 18-ге дейін түскі үзіліссіз, сенбіде 9-дан 13-ке дейін жұмыс істейді. Басқа ХҚКО-лар әдеттегі кесте бойынша қызмет көрсетеді, жұмыс күндері сағат 9-дан 18-ге дейін.

– Рақмет!

 

Вставка:

Кайдзен – жапонның өндірістік процесстерді, бизнесті басқаруды, өмірдің басқа салаларын үздіксіз әбден жетілдіруге бағытталған қағидаты немесе философиясы. Жапон тілінде «кайдзен» деген сөз «үздіксіз жетілдіру» дегенді білдіреді. Мақсаты – жұмыс әдісін, стандартталған әрекеттер мен процесстерді жақсарта отырып, тиімді, шығынсыз өндіріс құру. 17 ұстанымнан тұратын бұл қағидат алғаш рет Жапонияда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде қолданылды. Оның ішінде әйгілі «Toyota» компаниясы да осы қағидатты басшылыққа алған. Содан бері ол бар әлемге тарап кетті.

Осы айдарда

Back to top button