Қоғам

Жаңа үйлер жаздың соңына дейін салынады

Облыс әкімі Даниал Ахметов өрттен зардап шеккен Риддер тұрғындарымен кездесу барысында тамыз айының соңына дейін баспанасыз қалғандар жаңа үйлердің кілттерін алатынын хабарлады. Ботаника шағын ауданында бес құрылыс компаниясы жеті үй салады.

Риддер қаласының Лесхоз кенті мен орманды кенеттен шарпыған өрт айтарлықтай зиян келтірді. Жергілікті билік кент тұрғындарын шұғыл түрде эвакуациялап, оларды тамақпен және уақытша баспанамен қамтамасыз етті.

Аймақ басшылығы өрттен зардап шеккендердің қалыпты өмірге тез оралуы үшін іс-қимыл алгоритмін жасады. Өрт аумағында қалған 59 учаскеде 31 үй толығымен жанып кетті. Аман қалған үйлерге апаратын жолдар тазартылып, электр қуаты қалпына келтіріледі.

Мұнда шығындарды есептейтін, құжаттарды қалпына келтіру мәселелері бойынша адамдарға кеңес беретін комиссиялар жұмыс істеуде.

Облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғындармен кездесу барысында жанып кеткен үйлер қалпына келтірілмейтінін хабарлады. Зардап шеккендердің барлығы қала орталығына жақын жаңа шағын ауданда су құбыры мен үй жанындағы учаскесі бар ауданы 80 шаршы метр тұрғын үйді тегін алады.

– Аяқталмаған 9 қабатты үлкен үйді сатып алу жоспарланған болатын, алайда ол 1996 жылы салынған, іші әрленбеген және қажетті коммуникациялары тартылмаған. Иесі шаршы метріне 179 мың теңге сұрап отыр. Ал жеке сектордағы жаңа үйлердің шаршы метрі бюджет үшін 160 мың теңгеден түседі.

Тұрғындар оларды тегін алады. Қазірдің өзінде қала сәулетшісі 35 үйге телім бөледі, құрылыс жақын күндері басталады. Құрылыс материалдарын Семей кірпіш зауыты ұсынуда. Даниал Ахметов тұрғындармен кездесу барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Риддердегі жағдайды жеке бақылауға алғанын атап өтті. Облыс әкімі апта сайын келіп, құрылыс сапасы мен қала тұрғындарының құжаттарын қалпына келтіру процесін бақылайтын болады, – деп хабарлады облыс әкімдігі.

«Казцинк» профилакторийіне көшірілгендер құрылыстың соңына дейін тегін орынжаймен және тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, кәсіпорын банк карталарын ресімдегеннен кейін әрбір отбасына 1 миллион теңгеден аударады.

Лесхоздағы қалған тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орманнан 50 метр қорғаныс жолағы жасалады.

Сондай-ақ облыс әкімі Даниал Ахметов ауруханаға барып, өрт кезінде күйік алған науқастарды емдеуші дәрігермен кездесті. Мұнда жергілікті дәрігерлерге көмек көрсету үшін облыс орталығынан мамандар келген.

Орташа ауырлықтағы зардап шегушіні Өскемен қаласына тасымалдау туралы мәселе шешілуде.

Екінші емделушінің жағдайы әзірге ауыр және облыстың жетекші дәрігерлерінің кеңес беруімен Риддерде ем алатын болады.

 

Ержан Кеңесұлы

 

Осы айдарда

Back to top button