Жаңа қосымшалардың мүмкіндігі зор
Азамат Темірбеков
Елімізде жаңадан қосылған электронды қосымшалар азаматтардың бұдан былай үйден шықпай-ақ салық берешегін біліп, декларация тапсыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы «Adal komek» жобасы аясында «E salyq busines» және «E salyq azamat» қосымшалары жайында тікелей эфир өткізген Зайсан ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жадыра Оразкенова хабарлады. Оның айтуынша, аталмыш қосымшалар халықтың Салық кодексінде орын алып жататын өзгерістерден хабардар болуына және мемлекеттік кірістер органдарымен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін көрінеді.
– «E salyq azamat» қосымшасы жеке тұлғаларға арналған. Бұл қосымша бірінші кезекте азаматтарды салық органдарына барып кезекке тұру мәселесінен арылтады. Қосымша арқылы мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары жыл сайын өткізетін 250-ші нысандағы салық декларациясын тапсырса, азаматтар салық берешектері жайлы ақпараттарды ала алады, – дейді Жадыра Оразкенова.
Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғаларға арналған «E salyq busines» қосымшасының берер мүмкіндігінің бұдан да зор екенін алға тартқан ол аталған қосымша арқылы кәсіпкерлер салық декларациясын тапсыру және салық берешектерін білуден бөлек, қол астындағы жұмысшылардың кірістерін бақылап, тұтынушыларға түбіртектер бере алатынын атап өтті.
Айта кетсек, бүгінгі күні бұл қосымшаларды «Google Play» және «App Store» платформаларынан ұялы телефондарға тегін көшіріп алуға болады.