Жаңа Қазақстанды құру конституциялық реформадан басталды
Осы жылдың 5 маусымындағы республикалық референдумда ел азаматтары қолдаған Конституциямызға өзгерістер өз күшіне енді. 8 маусымда дауыс беру қорытындысы туралы ресми хабарлама жарияланды. Осылайша, Негізгі заңдағы баптардың үштен бірі өзгерістерге ұшырады. Жаңа Қазақстанды құру бағытындағы реформалар Ата Заңды түзетуден басталып кетті.
Референдумға дауыс беру құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы қатысты. Оның ішінде түзетулерге 77,18 пайызы (6 163 516 адам) жақтап, 18,66 пайызы (1 490 470 адам) қарсы дауыс берді. Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылды. Тағы 1,58 пайызы жауаптардың екі нұсқасы да таңдағандықтан дауыс санау кезінде ескерілмеді.
Референдумға шығарылған «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды деп есептелді, өйткені облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берді.
Шығыс белсенділік танытты
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында конституциялық реформалардың басталатыны туралы мәлімдеген болатын. Себебі, саяси жүйені түбегейлі жаңарту қажет, қоғамның сұранысы да – осы.
Ал 29 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті съезінде Мемлекет басшысы Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын халық талқысына салып, референдумға шығаруды ұсынды. Халық өзінің келешек тағдырын өзі шешуі тиіс делінді. Референдум өткізу күні ретінде маусымның 5-і белгіленді.
Референдум қарсаңында облыста референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штаб құрылып, оның мүшелері аудан-қалаларда кездесулер өткізді. Онлайн және офлайн режимінде өткен жиындарда конституциялық реформаның мән-жайы түсіндірілді.
– Конституцияға енген өзгерістерді негізінен үш топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, Президенттің өкілеттігін шектеуді, екіншісі, елдегі сайлау жүйесін жетілдіруді, үшіншісі, азаматтардың құқығын қорғауды көздейді. Штаб мүшелері осы реформалардың әрқайсысын жіті ұғындырып, қоғамға нақты тигізер пайдасына тоқталды, – дейді облыстық қоғамдық штабқа төрағалық еткен Олег Чернышов.
Штаб мүшесі болған әлеуметтанушы Элеонора Столярова референдумды маңызды тарихи оқиға деп бағалап, жоспарланған реформалардың нақты іске асарына сенім білдіріп отыр.
– Біз отыз жыл бойы демократиялық қоғам құруға тырыстық. Ал демократия дегеніміз – халықтың өзін-өзі басқаруы. Шынын айту керек, соңғы он жылда елде демократияның тапшылығы қатты сезілді. Әлбетте, демократияландыру процесінің шексіз екені түсінікті, десек те оның қазіргі көлемі – біздің қоғам үшін тым аз. Азаматтық бейбітшілікті, қоғамның қауіпсіздігін, ел экономикасының өркендеуін қаласақ, нақ осы демократияландыру мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Тағы бір атап өтерлік жайт, бүгінгі таңда билікке, сайлау үрдісіне деген халықтың сенімі төмендеп кеткен. Десек те, референдум барынша ашық, әділ өтті, – деді әлеуметтанушы ғалым өз сөзінде.
Конституциялық реформалар ел Президентінің бастамасы болса да, ол ең алдымен халықтың сұраныс-тілегінен туындады. Облыс прокуратурасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғазиз Найзабаев референдумға қатысты осындай ой-пікірде.
– Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды заң саласының маманы ретінде мұқият зерделеп шықтым. Реформалар суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік жүйеге көшуді, қоғамды демократияландыруды және азаматтар құқығын барынша қорғауды мақсат етеді. Бұның бәрі де – дұрыс қадамдар. Жалпы, аталған мәселені референдумға шығарудың өзі-ақ – демократияның көрінісі. 1995 жылы осы Ата Заң қабылданғанда ғана референдум өтті де, одан кейінгі төрт рет енгізілген өзгерістер Парламент қабырғасында мақұлдана салған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында суперпрезиденттік модель керек те болған шығар. Ал, қазіргі жағдайда бір адамның қолына шексіз билік берген дұрыс емес. Президенттің партия басшылығынан кетуі де, ешбір партияға мүше болмауы да – қисынды әрі әділетті шешімдер, – дейді Ғазиз Найзабаев.
Олег Чернышовтың айтуынша, қазір елдегі көптеген заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралуда, олар жаңадан қабылданады.
– Конституция күн талабына сай болуы қажет екені туралы түсіндіру жұмысына атсалысып, халықпен жүздеген кездесу өткіздiк. «Ел болашағы – өз қолымызда» деген пiкiрлер естiдiк. Өзгерістерге сенбейтiн адамдардың да үнiне құлақ салдық. Референдум өтті, нәтижесінде болашақты өзгертуге жол ашылды. Енді басқа да заңнамаға реформа жүреді. Заңдар реттелiп, бiр-бiрiне қарама-қайшылық тудырмаса, қоғам да түзеледі, – дейді ол.
Халық тарапынан Ата Заңға енген өзгерістерге қатысты көптеген сауалдар туындап, түсіндіру жұмыстары барынша ширақ әрі жан-жақты өтті.
Референдумнан кейін Конституцияда не өзгерді?
Реформа аясында Ата Заңымыздың 33 бабына түзету енгізілді. Яғни еліміздің ең басты құжатының үштен бірі өзгерді деген сөз. Осындай тарихи бетбұрыс халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асты.
Ал негізгі өзгерістерге келер болсақ, олар өте ауқымды.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік формаға көшті.
Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде жекеменшікте де болуы мүмкін.
Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынды.
Судьялар, Орталық сайлау комитетінің мүшелері, жоғары аудиторлық палатаның мүшелері, әскери қызметшілер, ҰҚК мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері саяси партияларда, кәсіподақтарда бола алмайды және қандай да бір партияны қолдап сөз сөйлей алмайды.
Президент өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде саяси партияда болмауға тиіс.
Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ.
Президент әкім лауазымына бірден екі кандидатты ұсынуы керек. Ең үздігін мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы анықтайды.
Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады.
Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылатын болды.
Сенаттағы президенттік квота қысқарды, Мәжілістегі Ассамблея квотасы жойылды.
Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді.
Адам құқығы жөніндегі уәкіл азаматтың бұзылған құқығы мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Ол өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.
Бұрынғы Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.
Саяси өзгерістердің жемісін әркім көруі қажет
8 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша халыққа үндеу жасап, мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын мәлім етті.
– Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Ата Заңға өзгерістер енгізу реформалардың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Елімізді жан-жақты жаңғырту жалғасады. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделі қалыптасады. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмі нығаяды. Дәйекті саяси жаңғыру экономиканы дамытып, кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді.
Енді алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, жемқорлыққа тосқауыл қою қажет. Кәсіпкерлердің бастамаларына қолдап, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейту керек.
Президенттің айтуынша, алда экономиканы шынайы әртараптандыру жұмысы тұр. Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Шенеуніктер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек.
– Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз. Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет.Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекетке қайтару жөнінде ведомствоаралық комиссия құрылды. Мен елімізді дамытудың осы және басқа да мәселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде.
Жаңа Қазақстанның ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әр азамат саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөздің ешқайда апармайтынына көз жеткіздік. Нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды.
Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты.
Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын!
Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!
(Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуінен. 06.06.2022 жыл).
Ержан Әбіш