Жаңа Қазақстан үшін дауыс берейік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ай бұрын елдің дамуына бағытталған бірқатар реформалар туралы мәлімдеген болатын. Алдағы референдум халықтың «Өзгерістерге апаратын жол қандай болмақ?» деген өзекті сұрағын айқындайды.
Көбіңіз білетіндей, республикалық референдум 5 маусымда өтеді. Онда «Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген мазмұндағы сұрақ ұсынылады.
Ата Заңға енгізілетін түзетулер саяси жүйені өзгертуді және халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруды көздейді. Референдум әр азаматқа еліміздің әрі қарай үдемелі дамуы үшін, Президент ұсынған жаңа бағыт үшін дауыс беруге мүмкіндік береді. Бұл – елдегі демократиялық қайта құруларға жасалған үлкен қадам.
Президент әлеуметтік-экономикалық модельдерді одан әрі қайта құру қалай негізделетінін көрсетіп отыр. Бұл негіз – халықтың қалауы, әр қазақстандықтың пікірі.
Кейде әлеуметтік желілерден биліктің халықтың дауысын естімейтіні туралы өткір пікірталастарды көреміз. Президенттің жаңа түзетулер туралы шешімі әр азамат пікірінің маңызды екенін аңғартады. Бұл – болашақ өзгерістер үшін тамаша бастама!
Тұрарбек Әзекенов,
облыстық мәслихаттың депутаты,
Amanat партиясы жанындағы өңірлік штабтың мүшесі