Жаңа оқу жылының жаңалығы бола ма?

Тәуелсіздік тұғырға қонғалы әр сала заман талабына сай өзгеріп, дамып келеді. Соның ішінде білім саласы жыл сайын жаңашылдыққа бет бұруда. Қалыптасқан үрдіс болса да, қатып қалған қағида жоқ екендігін алға тартып келеді. Биылғы оқу жылында да бірқатар өзгеріс енгізу керектігін Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынды.
Қазіргі таңда оқу орындарында «мұғалім», «ұстаз», «апай», «ағай» деп атауды шәкірттер дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс әріптестер арасында да бірізділікке түссе дейді. Әріптестер өз арасында әйел мұғалімді «ханым», ер мұғалімді «мырза» деп атауды ұсынды. Бұл мәселе онлайн оқу барысында ата-аналарды да дағдарысқа салған екен. Бірі мұғалімді аты-жөнімен атаса, енді бірі «апай» мен «ағай» деуге мәжбүр болған.
– Қашықтан оқыту барысында жұмыс істеу ата-аналар мен мұғалімдер, сондай-ақ балалар арасындағы қарым-қатынас мәселелерінде жаңа көзқарас қажет екенін көрсетті. Біз жаңа жүйені енгізу керек деп санаймыз. Сондай-ақ ата-аналар білім беру тек мектептің ғана емес, сонымен бірге олардың да міндеті екенін түсінуі керек, – деді Ұлттық академияның президенті Ғани Бейсембаев.
Бұл академия осыған дейін мектептегі дәстүрлі қоңырауды күйге ауыстыру керектігін де айтқан болатын.
– Мамандардан дәстүрлі қоңырауды күйлерге ауыстыру туралы ұсыныс түсті. Сабақтың соңында шертпе күй, үзіліс соңында төкпе күй ойнатуды ұсынамыз. Ғалымдар домбыраның дыбысы баланың психикасына жағымды әсер ететінін, ал қатты қоңырау, керісінше, балаларға жағымсыз әсер ететінін атап өтті, – деген Ұлттық академия басшысы.
Қоңырау орнына күй қою бірқатар мектептерде бар үрдіс. Бұл бастамалар іске асатын болса жаңа оқу жылының жаңалығы болмақ.
Алтай Ғали-Асқар