Қоғам

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды

Шығыс Қазақстанға «Еңбек» бағдарламасы бойынша 6000-ға жуық адам тұрақты тұру мақсатында қоныс аударған.

Ел Үкіметінің қаулысына сәйкес, Шығыс Қазақстан қоныс аударушыларды қоныстандыру өңірі ретінде танылған болатын. Осыған орай, 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта квота бойынша өңірге 5970 адам келіп, ерікті қоныс аударушыларға жалпы сомасы 1,4 млрд. Теңге мөлшерінде субсидия төленген.

Жалпы, аталмыш бағдарламаның тигізген пайдасы көп. Атап айтсақ, облыста жұмыссыздық деңгейі төмендеп, тапшы мамандар тартылды.

Биылдан бастап жұмыссыздар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жаңа ұлттық жобасы шеңберінде қабылданып, оған қоса кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылмақ.

Ағымдағы жылы халықты жұмыспен қамту мақсатындағы жұмыстарға іске асыруға 6,7 млрд.теңге көзделген.

Бағдарламамен тек жастарды ғана емес, сонымен қатар аға буын өкілдерін қамту үшін биыл жаңадан «Күміс жас» жобасы әзірленді. Аталған бағдарлама бойынша зейнет жасына жақындаған адамдарға субсидияланатын жұмыс орындары құрылады. Яғни, бір қатысушыға берілетін субсидия 91 890 теңгені немесе жалақының 50 пайызын құрайды. Ағымдағы жылы осы бағдарламамен 530 адамды қамту үшін 584 млн теңгенің бюджеттік өтінімі дайындалды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы жастарға зейнеткерлік жас алдындағы жұмысшылардан жинақталған тәжірибе мен дағдыларды беру үшін арнайы жұмыс орнын құруды көздейтін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жалғасатын табады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік гранттар мөлшері 200 айлық есептік көрсеткіштен 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 1 225 200 теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл мүмкіндікті азқамтылған, көпбалалы отбасылар, қоныс аударушылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар, мүгедектер және жастар пайдалана алатын болады.

Аталған мақсаттарға республикалық бюджеттен бөлінген 728 млн. теңге 594 грант беруге мүмкіндік жасайды.

Осы айдарда

Back to top button