Енді Жетіаралдан Ақжарға қиналмай қатынайды
Ауыл тұрғындарына аса қажетті инфрақұрылымдардың бірі – автокөлік жолдары екені белгілі. Жолдар жөнделіп жатады, жылдар өте қайта тозады, уақыты келгенде қайта асфальтталады. Бұл енді ағымдағы тіршіліктің қалыпты құбылысы десек болар. Бастысы, жұмыстардың уақытында қолға алынғаны.
Тұрғындар үшін қуанышты жаңалық – Ақжар-Жетіарал ауылдары арасындағы аяқсыз қалған 4,5 шақырым жолға астаналық «Казстройтехник» компаниясының мердігерлік етуімен жөндеу жұмыстары қолға алынды.
«Республикалық бюджеттен қаржыландырылған жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Кәдірбекұлы, аудандық мәслихат хатшысы Асқар Жұмашұлы және Amanat партиясы Тарбағатай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ержан Советбекұлы жуырда мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысымен танысты», деп жазды Тарбағатай ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Айтуларынша, жол жөндеу жұмыстарына 1 асфальт төсегіш, 1 грейдер, 1 погрузчик, 1 су шашқыш, 2 пресс және 13 хоба сынды техника бірліктері жұмылдырылған. Жуық арада жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Расымен, алыс-жақыннан келген қонақтарға да, күнделікті тіршілік қамымен екі ауыл арасына қатынайтын тұрғындарға да ой-шұңқыры көп жолдың бұрынғы кейпі айтарлықтай қолайсыздық тудыратын еді. Енді сол олқылықтың орны толып, тақтайдай етіліп асфальт төселіп жатқанына ел риза.
«Тарбағатай ауданында соңғы 30 жылда көзіміз көрген ең сапалы жол жөндеу жұмысы осы ғой деймін. Кейбір мердігерлер сияқты ескі асфальттың үстіне сапасыз асфальтты қалай болса солай төсеп жатқан жоқ екен. Бұрынғы асфальттың ой-шұңқырын әбден тегістеп, смоланы толық жағып, содан кейін ғана өте сапалы «ыстық асфальтты» заманауи асфальт төсегіш техникамен теп-тегіс етіп төсеп жатыр. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген осы. Жолдарды осындай нағыз мамандар жөндесе, халық та риза, әкімдердің де жұмысы көзге көрінер еді. Енді Жетіарал мен Ақжар ортасында қиналмай жүретін болдық», деп жазды әлеуметтік желі қолданушылардың бірі Ермек Құрманғалитегі.
Аудан әкімдігінің ресми деректеріне сүйенсек, 2020 жылы «Нұрлы жол» паритетті 50/50» бағдарламасы шеңберінде Жаңаауыл ауылына кіреберіс 9 шақырым автомобиль жолына, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Ақжар ауылішілік 5,3 шақырым көше жолдарына, Тұғыл ауылішілік 4,6 шақырым көше жолдарына, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен Қабанбай ауылішілік 3 шақырым көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар 2021 жылы Құйған – Жалаңаш арасындағы 26 шақырым, Құйған ауылының кіреберіс 13 шақырымына орташа жөндеу жасалса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Маңырақ ауылішілік жолы, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Жетіарал ауылішілік жолдары да асфальтталған.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы