ТОП

Жаңа жатақханалардың сапасы қандай?

Балауса ҚОЖАЕВА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалды реформа бағдарламасының негізгі бағытының бірі – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Осыған байланысты өңір-өңірде талапкер жастар үшін жатақханалар салынуда. Мәселен, Шығыстың қос шаһары – Өскемен мен Семейде студенттер үйі салынып жатыр. Ал олардың сапасы қандай?

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Жуық арада ауылдан арман қуып жастар келеді. Оларға ең алдымен сапалы білім және жайлы орын қажет. Пандемия кезінде студенттер қашықтан білім алған еді. Ал биыл сабақ дәстүрлі форматта өтеді.

– Бір жыл бойы қашықтан білім алдық. Енді университетімізге барамыз. Достарымыз бен ұстаздарымызбен қауышамыз. Әрине бұл біз үшін өте қуанышты жаңалық. Жыл сайын ағылатын студенттер легі бар. Жастар бар жерде алға жылжу бар, – дейді Семей медициналық университетінің 6-курс студенті Жанерке Қайса.

Иә, Семей студенттер қаласы. Мұнда төрт жоғары оқу орны мен 28 колледж бар. Оқу мекемелерінде 30 мыңнан астам студент білім алады.
Аудан-қалалардан келген жастарға арналған 20 жатақхана бар. Алайда студенттердің барлығына жатақханадан орын бұйырып жүрген жоқ. Орын жеткіліксіз болғандықтан олардың біразы пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Осы орайда биыл 110 орындық жатақхана салынып жатыр. Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы құрылысқа инвесторлар тартқан. Жаңадан салынған жатақханалардың жай-күйімен қала әкімі Бақытжан Баяхметов танысып қайтты.

– Жақында мен аталған бағдарлама аясында салынған жатақханаға барып, танысып қайттым. Нысан 110 орынға арналған, барлық стандарттарға сай және студенттерді қабылдауға толығымен дайын. Жаңа жатақхананың студерттерге ұнайтынына сенімдімін, – дейді шаһар басшысы.

Әзірге бос тұрған жаңа жатақхана жақын арада студенттерге толарына сенімдіміз.

 

Осы айдарда

Back to top button