Қоғам

Жаңа есімдерді жарыққа шығаратын білім ордасы

Риддердегі республикалық мамандандырылған олимпиада резерві мектеп-интернат-колледжі болашақта ел құрамасының сапына қосылып, халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғайтын жас спортшыларды даярлап жатыр.

Пандемияға байланысты кеншілер қаласындағы қысқы спорт түрлерінен саңлақтарды әзірлейтін мекемеге екі жылдай аяқ баспаппыз. Жан-жағын қарағай, шырша, қайың қоршаған мектеп-интернаттың орналасқан жері ғажап. Табиғаты көз тартады. Мұнда мектеп оқушыларының алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалған. Шәкірттерге бес уақыт тамақ беріледі. Құнарлы дәруменді қоспалар өз алдына. Оқу орнының мақсаты айқын – ұлттық құрамаға үміткерлерді даярлау және қазақ елі спортшыларының бәсекеге қабілетін арттыру.

Мекемеге барған бойда бізді кикбокстан Әлемнің бес дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, мемлекеттік қызметте әбден шыңдалған басшы Асқар Байжігітұлы Можанов қарсы алды. Ол, ең алдымен, жалпы ауданы ондаған гектар жерді алып жатқан оқу орнына қарасты аумақпен таныстырып шықты.

– Мына жерден 500 тонна қоқыс шығардық. Өкінішке қарай, құрылысы 2018 жылы басталып, екі жылдан кейін пайдалануға беріледі деген жаңа оқу корпусы қаңырап бос қалды. Себебі кезінде құрылысқа жауапты адамдар мемлекеттің миллиондаған қаржысын құлқындарынан өткізіп жіберген. Кінәлілер жазаға тартылғанымен, амал бар ма, шәкірттерімізге бұдан ешқандай келіп-кетер пайда болмады. Оқушыларымыз бұрынғы бес қабатты корпуста сығылысып отыр, ал жаттығуларын ашық аспан астында өткізуге мәжбүр. Бұған шыдаудан басқа амал жоқ. Егер Мәдениет және спорт министрлігінің басшылары қаржы көзін тауып, құрылысты аяқтауға қолғабыс жасаса, оларға алғыстан басқа айтарымыз болмас еді, – дейді оқу орнының басшысы Асқар Байжігітұлы.

Айта кетейік, Риддердегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледж Олимпиада ойындарының бағдарламасынан ойып тұрып орын алатын спорттың сегіз түрі бойынша саңлақтар даярлайды. Олар: шаңғы жарысы, тау шаңғысы, биатлон, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл (могул), сноуборд, жеңіл атлетика және қайықпен ескек есу слаломы.

Асқар Можановтың айтуынша, бұл күндері оқу орнында 253 шәкірт білім алады екен. Оның 194-і мектепте, ал 59-ы колледжде оқиды. Шәкірттер қазақ және орыс тілдерінде білім алуда.

Ал енді жетістіктер туралы сөз қозғасақ, тәуелсіздік жылдарында риддерлік саңлақтардың қысқы спорт түрлерінен жеңіп алған жүлделері бір төбе. Мысалы, былтыр Алматы қаласында жалауы желбіреген республикалық қысқы спартакиадада мектеп-интернат-колледж шәкірттері 29 медальға иелік еткен. Оның 11-і алтын, жетеуі күміс, 11-і қола.

Осы жылдың бірінші тоқсанында ғана оқу орнының оқушылары 21 республикалық және 10 облыстық жарысқа қатысып үлгеріпті. Нәтиже қуантарлықтай. Атап айтсақ, оқу орнының түлектері халықаралық жарыстардан 16 алтын, 20 күміс, 10 қола медаль алып қайтқан-ды. Ал республикалық жарыстарда 106 алтын, 70 күміс, 58 қола жүлдені қанжығалаған. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында үш шәкірті халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, 11 оқушы республикалық спорт шеберінің нормасын орындаған. Биылғы наурыз айында оқу орнының спортшылары екі бірдей ірі халықаралық жарысқа қатысып, олжалы оралған. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында мектеп-интернат-колледж саңлақтары 12 алтын, алты күміс, бес қола медальді қоржынға салып, айды аспанға бірақ шығарған. Қайықпен ескек есу слаломынан өткен Азия чемпионатында ел құрамасы сапында үш оқушы өнер көрсетіп, 11 медаль иеленген. Оның екеуі алтын, сегізі күміс, біреуі қола. Болашағынан зор үміт күттіретін шаңғышы Ернұр Бексұлтан жастар арасындағы Әлем чемпионаты аясындағы 30 шақырымдық масс-стартта 24 орынға табан тіреді. Ернұр Риддерге Ақтөбе облысынан келіп білім алуда.

Реті келгенде айта кетейік, бүгінде Риддердегі спорт мектебінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан, сондай-ақ Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстанның Үржар және Шемонайха аудандарынан, Өскеменнен келген талантты шәкірттер білім алып, шеберліктерін шыңдауда. Мұндағы оқу тегін, ал колледж студенттері шәкіртақы алады. Тағы бір айта кетер жайт, шәкірттер оқуды тәмамдаған соң мектептерде дене тәрбиесінен сабақ беріп, жоғары оқу орындарына оқуға түсе алады. Сондықтан болар, Риддердегі мектепте білім аламын деушілер қатары жыл санап артып келеді. Мектеп басшылығы мен ұстаздар болса, жаз айларында облыстарға іссапарларға шығып, жаңа шәкірттер легін жинайды.

– Талантты жастарға қолдауды аямаймыз. Бізде жастардың еш алаңсыз сабақ оқып, білімін жетілдіруге барлық жағдай жасалған, жаттығулары үшін қажетті спорт құралдары да жеткілікті. Биатлоншылар жаз маусымында шаңғының орнына шетелде жасалған роликтермен жүгіреді. Шаңғышыларға да барлық мүмкіндік қарастырылған. Ал жеңіл атлетика тобындағылар бұл күндері стадионда жаттығып жатыр. Фристайлшыларымыз бен қайықпен ескек есу слаломы тобындағылар арнайы спорт базасында даярлықтан өтеді, – дейді білім ордасының басшысы.

Осы ретте, мектеп-интернат басшылығы ерекше сенім артып отырған талантты жастар жайында да аз-кем айта кеткеніміз жөн болар. Осыған дейінгі бәсекелерде Нартай Толыбекұлы, Дастан Қалибеков, Ілияс Исабек сынды шаңғышылар жасындай жарқылдап, жастар арасындағы ел чемпионатының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Виктория Колесникова, Айдана Чонкова, Ирина Тятова сияқты қыздар да мектептің атақ-даңқын асқақтатуда. Ал Александр Коробов, Екатерина Таранцева, Арина Гладышева мен Ефим Тарасов ел біріншілігі мен Универсиадаларда жүлде теруде. Оларға тәжірибесі толысқан бапкерлер, 40-тан астам халықаралық және республикалық дәрежедегі спорт шебері дәріс беруде.

– Мына бір көрсеткішке көз салайықшы, – деп әңгімесін жалғастырды Асқар Байжігітұлы. – Біз сапаға баса назар аударамыз. Себебі оқу орнында тәжірибелі ұстаздар дәріс оқиды. Бір ғана мысал. 2021 жылы оқу орнын 59 жас бітірді. Олардың ішінде 40 адам мектеп-интернатты, ал 19-ы колледжді аяқтады. Үш шәкіртіміз еліміздің басқа колледждеріне оқуға түсіп, екеуі бізде жұмысқа орналасты. 40 адамның 19-ы колледжге, 11-і жоғары оқу орындарына қабылданды. Бес жеткіншегіміз көрші Ресейде білім алуын жалғастыруда. Мұндай мысалдарымыз жетіп артылады. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта да білгенімізден жаңылмай, көп ізденіп, жаңа есімдерге жол ашуға тырысатын боламыз.

Оңдасын Елубай, Риддер.

Осы айдарда

Back to top button