Қоғам

Жаңа білім бағдарламаларын әзірлемек

Дәурен Аллабергенұлы

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ облыстың және республиканың ірі ұйымдарында кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін төрт ұйыммен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл жөнінде жоғары оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады. 

Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген онлайн форматта «Шығыс ғылыми-зерттеу кен-металлургия түсті металдар институтымен», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығымен, сондай-ақ Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

ЖОО ректоры біздің өңірде ғана емес, жалпы елімізде кадр тапшылығын шешудегі басты мәселе ретінде университет қазақстандық және шетелдік ғылыми ұйымдармен бірлесіп, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге ниетті екенін атап өтті.

– Студенттеріміз үшін бұл Шығыс Қазақстанда орналасқан ірі кәсіпорындарда оқуға және тәжірибе алуға жақсы мүмкіндік. Біз бұрынғыдай дарынды жастарды ғылымға тартуды, ғылыми зерттеулердің сапасын жақсартуды, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының күш-жігерін біріктіруді жалғастырамыз. Шетелдік ұйымдармен бірлесіп, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеудің маңызы зор, оны біз егжей-тегжейлі талқылаймыз, – деді Мұхтар Төлеген.

«Шығыс ғылыми-зерттеу кен-металлургия түсті металдар институты» химия-талдау зертханасының меңгерушісі Михаил Жарликов Шығыс Қазақстандағы кәсіпорындарға химик-талдаушылар жетіспейтіндігіне тоқталды.

– Негізінен қазіргі жастар бәрінің бірден болғанын қалайды, бірақ іс жүзінде олай болмайды. Өзіңді көрсетіп, дамуың керек, сонда жалақың көп болады және мансап та өседі. Біздің кәсіпорында бір қыз жұмыс істейді, бес жыл ішінде басшы лауазымына дейін көтерілді. Себебі маман үнемі алға қарай ұмтылумен болды. Қазіргі таңда «Казцинк», «ҮМЗ», «Машзауыт» секілді алпауыт өндіріс орындарының азық-түлік зертханаларында химик-талдаушылардың тапшылығы туындап отыр, – дейді Михаил Жарликов.

Қойылған мақсаттарға қол жеткізіп, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін университеттің бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларының қорытындылары негізінде жұмысқа орналастыруға студенттерді іріктеу мүмкіндіктері қаралмақ.

Осы айдарда

Back to top button