ҚоғамТОП

Жаңа ауданға жаңа мектеп

«Park City» тұрғын үй кешенінде бой көтерген білім ордасы биыл қыркүйекте оқушыларға есігін айқара ашады. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын аяқтап, мектептің ішін тазалауға кіріскен.

Облыс орталығында халық саны жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе жаңадан салынған аудандар мен тұрғын үйлерге қоныстанғандардың қарасы басым. Мәселен, Базовая көшесінің бойындағы «Park Сity» тұрғын үй кешенінің өзінде бес мыңнан астам тұрғын бар. Сол отбасыларда 800-ден астам мектеп жасындағы бала қаланың түрлі аудандарындағы білім ошақтарында оқып жүр. Осыған байланысты аталмыш ауданда «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы арқылы 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған.

– Мектеп 600 орынға арналған. Қазір ішкі және сыртқы ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалды. Сыныптарға қажетті барлық керек-жарақ сатып алынды, Бірінші қыркүйекке дейін жұмыстар толық аяқталады, – дейді құрылыстың бас инженері Владимир Титаренко.

Жаңа білім ордасы заман талабына сай болады. Жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес барлық пәндік сыныптар мен зертхана жаңа технологиямен жабдықталады.

– Аудан тұрғындарымен сөйлестік. Әзірше мұнда қазақ тілді 800-ге жуық оқушы бар. Болашақта орыс сыныптарына бала толып жатса, оны да қарастырамыз. Мектеп екі ауысымда мыңнан астам баланы қабылдай алады және стандартқа сай жабдықталған. Мұнда келіп жұмыс істегісі келетін мұғалімдер де көп. Тіпті бізге келіп түйіндемелерін өткізіп жатқандар да бар. Ұстаздарды конкурс арқылы жұмысқа алатын боламыз. Шамамен жаз айларында конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Бауыржанқызы.

Өскеменде «Жайлы мектеп» бағдарламасымен тағы да үш мектеп салынуда. Оның екеуі І.Есенберлин даңғылы мен Уәлиев көшесінде салынса, біреуі Бабкина мельница шағын ауданында бой көтермек. Олардың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Жұлдыз өнер мектебіне жеке ғимарат берілді

Өскеменде балаларды өнерге баулып, қабілетін шыңдайтын «Жұлдыз» деген өнер мектебі бар. Өкініштісі, осы уақытқа дейін оның жеке ғимараты болмаған. Әр білім мекемесінде ашылған үйірмелерде оқушыларға ән мен күй, би үйретіп, түрлі музыкалық аспапта ойнауға баулиды. Қазір өнер мектебінде шамамен 7 мыңнан астам бала түрлі бағытта қосымша білім алуда. Тарыдай шашыраған жас таланттарды бір жерге жинау үшін жаңа оқу жылында өнер мектебіне жеке ғимарат берілмек.

– Бізді алаңдатқан мәселенің бірі «Жұлдыз» өнер мектебінің жеке ғимараты болмауы еді. Үйірмелері қаладағы 33 мектепте шашырап өткізіліп жүр. Бұл оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де тиімсіз. Сондықтан бұрынғы мемлекеттік органдар отырған ғимаратты босатып, жобасын жасап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Күзге дейін бәрін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, –деді Жақсылық Омар.

Жиырма жылдық тарихы бар өнер ордасына жеке ғимарат берілетіні мұғалімдерді де, оқушылар мен ата-аналарды да қуантты.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button