Қоғам

Жаңа аудандарда Жастар ресурстық орталықтары құрылады

Жастар ресурстық орталықтары облысымыздағы барлық аудан-қалаларда бар, жаңа Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында да Жастар орталықтарын құру көзделген. Орталықтар түрлі жобаларды жүзеге асырады.

– Біз алдағы жазда 16 жастан 35 жасқа дейінгі 1 мың жасты еңбек жасақтары бойынша жұмыспен қамтимыз. Одан кейін 2,5%-дық жеңілдетілген несие беруге атсалысамыз. Қоғамдық жұмыс орындарына жастарды тартып, қысқа мерзімді оқыту курстарына жібереміз, «Жастар іс-тәжірибесі», «Дипломмен ауылға», «Білікті маман» жобаларын жүзеге асырамыз. Бізге шығармашыл жастар бастамаларын қолдау  бойынша өтініш білдіріп жатады, солардың аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Қаржылық  сауаттылықты арттыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, волонтерлік қызметті дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізіледі, – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Айдос Әділбекұлы.

Жастар орталықтары оқушыларға мамандық таңдауға бағыт береді, дуальді білім алуға көмектеседі, тіпті түйіндемелерді дұрыс жазуға да үйретеді.

2012 жылы барлық қала, аудан, облыс деңгейлерінде жастар  ресуртық орталықтар құрылған. Қазір еліміз  бойынша 233 орталық бар, оның  12-сі  Шығыс Қазақстанда – 1 облыстық, 2 қалалық, 9 аудандық орталық.

Өңірімізде 176 мыңнан астам жас бар. 2022 жылдан бастап мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға өзгеріс енгізіліп, олардың жасы 35-ке дейін ұлғайтылды.

Қазір жастарда мүмкіндік көп, мамандықтар да, жұмыстар да жоқ емес, тек оқу керек, даму керек.

– Біздің түрлі жұмыстарымыз бірден нәтиже бермейді. Біз бағыт берген, қолдау көрсеткен жастар жетістікке жетіп жатса, өз кәсіптерін ашып, елдің дамуына үлес қосып жатса, қуанамыз. Міндетіміз – жастарды дұрыс бағыттай білу. Өзімді жастар арасындағы ойынқұмарлық, яғни лудомания, несиелену, нашақорлық мәселелері қатты алаңдатады, – дейді Айдос Әділбекұлы.

Атап өтерлігі, Айдос 1997 жылы Марқакөл ауданының Боран ауылында дүниеге келген. Құмаш Нұрғалиев атындағы гимназияны, Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін инженер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Мақпал Орынбаева,

студент

Осы айдарда

Back to top button