«Жанарымдағы әлем» оқырманға жол тартты
Өткен өмірдің өрнегі мен жылдар жылнамасының сүбелі тұстарының кітапқа қатталуы дәстүрлі үрдіс. Ал оны сөз зергерлерінің қаузап, кітап қылып шығаруы заңдылық. Осындай сүбелі туындылардың авторы – журналист-қаламгер Жанаргүл Мұқатайқызының «Жанарымдағы әлем» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Жаңа кітаптың тұсаукесері облыстық А.Пушкин атындағы кітапханада өтті. Бұл кітап жылдардың жылнамасы іспетті. Өйткені автор ширек ғасыр уақыт аралығында күнделікте өмірінде кездескен оқиғалар мен тағдыр иелері туралы жазған мәйекті мақалаларын, сүбелі сұхбаттарын топтастырыпты. Кездесу барысында журналистің шығармашылығына қатысты шағын көрме де ұйымдастырылыпты. Онда автордың әр жылдары мақалалары жарық көрген газеттердің қиындылары қойылған. Уақыт табы сарғайтқан газеттердің бірінен автордың ең алғашқы жазған мақаласын көзіміз шалып қалды. Didar газетінің 1997 жылғы 20 қыркүйектегі санында жарық көрген журналистің мақаласы «Қазақстанда қазақтар неге өгейсітіледі?» деген тақырыппен шығыпты.
– Сол 1997 жылы ел ішіндегі жағдай қиын болып жатқан шақ еді. Тәуелсіздік алғанда отанға оралған қандастар кері көшіп жатыр дегенді естіп, сол тақырыпты зерттемек болдым. Көші-қон басқармасы мені ауылдағы қандастарға ертіп баратын болды. Содан ауылға шығатын күні көші-қон басқармасына барсам, бір тең жүк жатыр екен. Сұрасам, кері кетіп бара жатқан қандастардың жүгі болып шықты. Сол арада жүк иелерін тауып сөйлестім. Ол кісілерді Шұбартаудың арғы жағындағы Бетпақдаладағы бір ауылға қоныстандырыпты. Қорадағы малын ұрылар ұрлап бітіріп, соңғы қалғанын сатып кері кетіп бара жатқан жайы екен. Тіпті жол ақыға берер ақшалары да қалмапты. Сол арада мүмкіндігімізше тиын-тебен жинап берген болдық. Осылайша, көштің басы кері бұрылып бара жатқанын алғашқы мақалама арқау еттім, – деп есіне алды кітап авторы ең алғаш қалам тербеген сәтін.
Автордың айтуынша, кітапқа жылдар бойы жазған дүниесінің бір парасы ғана кірген. Расымен де кітапқа тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер туындылар қатталыпты.
– Didar газетіне Жанаргүл менен 20 жыл кейін келсе де ширек ғасырға жуық уақыт қызмет істепті. Осы жылдар аралығында ол өз мамандығына деген адалдығын көрсетіп, қанаты талмай, қаламының қарымы қайтпай еңбек етті. Сол жылдардағы сүбелі еңбегінің нәтижесі ретінде бірінші кітабын жарық0f шығарыпты. Ары қарай да жалғасын табары анық, – деп кітаптың тұсауын кесіп, ақ батасын берді ардагер журналист, жазушы Айтмұхамбет Қасымов.
Сонымен қатар игілікті іс-шараға қатысқан қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері журналистің алдағы шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Қызырбек Дүргінбайұлы