
Көз көрген дүниенің көңіл түкпіріне ұялауы – өмірдің заңдылығы. Әрбіріміздің жанарымызда жасырынған қилы-қилы тағдырдың құпиясы мен сыры жетерлік. Ал оны «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиетіндей етіп жұртқа жеткізу үшін қаламның қарымы, жүректің арыны керек. Бұл мүддені қай уақытта болмасын қаламгерлер қауымы орындап келді. Осы дәстүрлі үрдісті жалғаған әріптесіміз Жанаргүл Мұқатайдың «Жанарымдағы әлем» атты кітабы жарық көрді.
Қаламына халықтың тағдыры мен тірлігін арқау еткен журналистің сапары сан қилы оқиғаға толы болады. Жазушы бір оқиғаны баян етсе, журналист мың оқиғаны тарқатады. Жазушының кейіпкері санаулы ғана болса, журналистің кейіпкері – күллі халық. Автор осындай оқиғаға толы сапарларда жазылған мақалаларын топтастырып «Журналистік сапар» деп атапты. Талғампаз оқырманды бұл бөлімнің тақырыптары да өзіне тарта түсері анық. Әр тақырыптың ішінде тағдыр мен тарих, аңыз бен ақиқат, өмір мен көңіл тоғысы бар.
Ал «Айналайын, Атамекен, Ақ мекен» атты кітаптың екінші бөлімінен автордың өскен өңірге деген құрметі мен ізетін, жанашырлығы мен мақтанышын оқып білуге болады. «Бауырына сыр бүккен Бөрітостаған», «Зайсандағы алып ағаш» «Жер бетінен жоғалған қала»… Осы тақырыптарды оқыған адамның ары қарай кітапты толық оқып шығуға құлшынары анық.
Автор кітаптың келесі бөлімін «Сырға толы сұхбаттар» деп атапты. Танымал тұлғалардың ой тұжырымы мен өмірге көзқарасы, тағдыры мен тарихы кестеленген. Сүбелі сұхбаттардан кейінгі бөлім «Көңіл пернесі» деген тақырыпша арқылы тарқатылыпты. Әртүрлі тақырыптағы қысқа әңгімелерден құралған бұл бөлім «Дидар» газетінің соңғы беті арқылы жалпы оқырманға таныс деп ойлаймыз. Әр оқырманның дер кезінде қызыға оқығанына да сенімдіміз.
«Тергеуші», «Ауруханада атылған оқ», «Карантиннің бір күні», «Қабірде тірідей қалған қария», «Қара жол», «Оқылмаған өлең», «Ұмытылмас үш кездесу»… Сүбе қабырға іспетті сүбелі жазбалардан топтастырылған бұл тараудың тақырыптары осылай жалғасып кете береді. Осы тараушадан кез келген оқырманның талғамына сай тақырып табылары сөзсіз.
Бұл кітап – ел ішіндегі елеулі оқиғалар мен жылдардың жылнамасы, өткен күндердің өрнегі. Автор «Жанарымдағы әлем» деп көзкөрген дүниесін жаза отырып, оқырманына бақыттың бағдаршамын нұсқауды мақсат еткен. Әрбір адамның жанарындағы әлемінің жарық болуына тілектес һәм ниеттес.
Журналистің жанарындағы әлемді көргіңіз келсе, кітапты қолға алыңыз, алдияр оқырман!