Қоғам

Жанар-жағармай бағасы реттеледі

Азамат Темірбеков

Автокөлікке құйылатын газ бағасы жаңа жылға дейін өзгермеуі мүмкін. Көгілдір отын бағасын реттейтін бұйрықты еліміздің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі одан ары ұзартуға ниетті.  

Kolesa.kz сайтының хабарлауынша, 2023 жылға дейін сұйылтылған газ ел өңірлерінде белгілі бір баға аралықтарында сатылмақ. Атап айтсақ, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында оның литрі 50-55, Шымкент, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында литрі 60-65, Алматыда литрі 65, Нұр-Сұлтанда, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында литрі 70-75 теңгеден сатылады.

Аталмыш бұйрықты әзірлеушілердің хабарлауынша, бүгінгі күні бағаны реттеуге арналған бұйрық мерзімі үстіміздегі жылдың шілде айында аяқталатын көрінеді.

– Сұйылтылған газ сату нарығындағы еркін баға белгілеу бағаның кенеттен шарықтап, нәтижесінде қоғамда әлеуметтік наразылық тудыруы мүмкін. Осыған байланысты, автогаз құятын станцияларда сатылатын газ бағасын жыл соңына дейін реттеу ұсынылуда, – деп хабарлады агенттік өкілдері.

Сонымен қатар жақын арада Энергетика министрлігінің АИ-92 маркалы бензині мен жаздық дизель отынының бағасын реттейтін бұйрықтың да мерзімі ұзартылатын болады. Бұл ретте, АИ-95 маркалы бензині мен қыстық дизелдің бағасы еркін бағада сатыла беретін болады.

Естеріңізде болса, осыдан бір апта бұрын еліміздің Энергетика министрлігі бірқатар жанар-жағармай түрлерінің бағасын тағы 180 күнге ұзарту жайлы бұйрықтың жобасын дайындаған еді.

Осы айдарда

Back to top button