Қоғам

Жалғастың арманы – ұшқыш болу

 Өскемен қаласындағы Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінің 1-сынып оқушысы Жалғас Олжасұлы  алғырлығымен, зеректігімен ұстаздарын баурап алып, озат оқушы ретінде «Топжарған», «Ең үздік» атты республикалық журналдарына жарияланды.

Жалғас бірінші сынып табалдырығын  аттағаннан бастап өзін еркін ұстап, алғырлығымен көзге түскен. Жақсы ой мен жақсы сөз игі істерге жетелейді. Жалғастың ерекшелігі бауырмал мінезінен, қарапайымдылығы мен еңбекқорлығынан көрінеді.

Әр бала тәрбиені отбасында алады. Отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік, береке-бірлік болса, қоғамның діңгегі де берік болары сөзсіз. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, немерелерін жанынан артық көріп өбектейтін ата-әжесі Манас Аңсабайұлы мен Нұрсара Асылбайқызы, нағашы ата-әжесі Мәлік Челекенов пен Төлеуғайша Жұмабаева  –  қоғамға  еңбектері сіңген, қазір сол еңбектерінің зейнетін көріп, немерелеріне тағылымды тәрбие беріп отырған асыл жандар.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Жалғастың асқар таудай әкесі Олжас Манасұлы ауылшаруашылық ғылымдарының магистрі болса, анасы Баян Мәлікқызы экономика ғылымдарының магистрі.

–  Жалғас  –  өте зерек, өнерлі бала. Сабаққа белсене қатысып, әр тапсырманы іздене қарап, өз ойымен еркін бөліседі. Мектепте өткізілетін әр шараға белсенді қатысып, пән олимпиадалары мен түрлі зияткерлік сайыстарында өз қабілетін көрсетіп, дараланып  жүр. Жалғастың арманы – ұшқыш болу. Дәл осы қарқынмен білім алуын жалғастырса  арманына жетері даусыз, – дейді алғашқы ұстазы Гүлмиран Серікқызы.

Жуықта Жалғастың мақаласы енгізілген «Топжарған» республикалық журналы мен «ХХІ ғасыр көшбасшысы» медалі өзіне табысталды. Республикалық «EDUCATION» баспа үйінің бас директоры Жалғастың ата-анасына «Алғыс хат» жолдап, ризашылығын білдірген.

–  Ұлым мектептен келген соң үй шаруасына көмектеседі. Үй тапсырмаларын орындап біткеннен кейін өзінің қалауымен кітап оқиды, Lego құрастырады, сурет салады, інісі Елдоспен ойнайды.  Балаларымның осындай елде, осындай мектепте алаңсыз білім алып, тәрбиеленіп жатқанына қуаныштымын әрі мақтан етемін! –  дейді анасы Баян Мәлікқызы.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button