Шартты сурет
Полиция Семейде 30-дан астам адамға жалған вакцина паспортын сатқан медицина қызметкерлерін ұстады.
– Медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірінде жұмыс істейтін қызметкер өзінің есепшотына жеке азаматтардан 15 мың теңге көлемінде ақша қабылдап отырған. Ол ақшаның 10 мың теңгесі мен құжатқа тапсырыс берген азаматтың жеке куәлігінің көшірмесін жедел медицицналық жәрдем орталығындағы таныстарына беріп отырған. Олар әлгі азаматтардың жеке мәліметтерін вакцина алған адам ретінде деректер базасына енгізген, – деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Ұсталғандардың айтуынша, олар 30-дан астам қала тұрғынына жалған вакцина құжатын сатқан. Бірақ, тергеуші мамандардың пікірінше, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Нақты санын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша, заңсыз жолмен базаға енгізілген жалған мәліметтердің бәрі жойылады. Облыстық полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев айтқандай, медициналық қызметкерлердің бұл әрекеті қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қаралып жатыр. Бұл бап төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Тасқын Болатұлы