Жалған құжат жасап, заңсыз ақша тапқан

Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің облыс бойынша экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактура жазып, заңға қайшы әрекеттерді жүзеге асырған әйелді құрықтады.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында оның екінші деңгейлі банктердің бірінен ақша қаражатын жүйелі түрде қолма-қол ақшаға айналдырып тұрғаны анықталды
Нақтырақ айтсақ, Өскемен қаласындағы банктердің бірінде 14,9 миллион теңге көлеміндегі ақша қаражатын қолма-қол айналдыру барысында жалған кәсіпорындардың бірінің басшысы ұсталды.
– Тергеу жұмыcтарын жүргізу барысында Өскемен қаласы тұрғынының 2015-2019 жылдар аралығында жалған төрт кәсіпорынды өзінің туыстары мен таныстарына тіркей отырып, жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берумен айналысқаны белгілі болды. Бұл кәсіпорындарда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін автокөлік, үй-жай, өндірістік-техникалық база және қызметкерлер штаты болмаған. Жалған фирмалар басшыларының қаржылық-шаруашылық мәселелерімен айналыспағаны, бухгалтерлік есеп жүргізбегені және салық есептерін тапсырмағаны анықталды, – деді департаменттің аға тергеушісі Лейла Искакова.
Іс жүзінде фирмалар қылмыстық іс-әрекеттерді жүзеге асыру, контрагенттерге салықтан жалтару үшін жалған есепшоттарды жазып берумен айналысқан. Нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түрінде 852,5 млн. теңге көлемінде шығын келтірілген.
Өскемен қалалық №2 сотының үкімімен айыпталушы азаматша ҚР ҚК 28-ші және 216-шы баптарының 3-ші бөліктері бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Дәурен Аллабергенұлы