ТОП

Жалақыны кешіктірген басшылар жауапқа тартылды

     Өңір кәсіпорындарындағы өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға төмендегенімен, жазатайым оқиғалар салдарынан былтырдан бері 29 адам қайтыс болды. Бұл туралы облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов ведомствоның былтырғы және биылғы жылдың төрт айындағы жұмыс қорытындыларына арналған брифинг барысында айтты.

– Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы былтыр 1769 өтінішті қарады, оның ішінде 1688 – еңбек қатынастары бойынша, бұл қаралған өтініштердің жалпы санының 95 пайызын құрайды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 79 өтініш немесе 5 пайыз, жұмыспен қамту бойынша  2 өтініш қаралды. Өндірісте 195 жазатайым оқиға орын алып, онда 209 адам зардап шекті, оның ішінде 23-і өліммен аяқталды және 98-і ауыр аяқталды, – деді Бақытбек Қизатов.

Былтыр өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бір пайызға төмендеген. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің коэффициенті мың жұмысшыға шаққанда 0,307 құрады. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жұмыс өндірісінің нашар ұйымдастырылуы және зардап шегушінің абайсыздығы.

Жыл ішінде 413 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 27,3 млн. теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынған. Құқық қорғау органдарына 217 материал жолданып, қорытындысында төрт лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Айта кету керек, тексеру жүргізудің төмендеуі шағын кәсіпкерлік пен микрокәсіпкерлік субъектілеріне барып, профилактикалық тексерулер жүргізуге мораторий енгізумен байланысты.

Облыстың 106 кәсіпорнында еңбек жағдайлары бойынша өндірістік нысандарды аттестаттау жүргізілді, 511 өндірістік нысан аттестатталып, 27 кәсіпорын еңбекті қорғау бойынша OHSAS стандарттарын енгізді.

«Казцинк» ЖШС Риддер тау-кен байыту кешені мен Өскемен металлургиялық кешенінде «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді, ондағы он адам жұмыстың қауіпсіз жүргізілуін бақылайды.

Әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында басқарма  кәсіпорындарда жалақы төлеудің уақытылығы мен толықтығына күн сайын мониторинг жүргізеді. Жалақы қарыздарын өтеу бойынша проблемалық мәселелер кәсіпорындардың басшыларын шақыра отырып, дағдарысқа қарсы штабтар мен әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың отырыстарында қаралады. Жалақы берешегін өтеу мәселелері облыстық дағдарысқа қарсы штабтың бес отырысында да қаралып, нәтижесінде 1 294,2 млн. теңге өтелді, бұл ретте 198 кәсіпорындағы 8547 жұмыскердің құқықтары қорғалған.

Қазір карантиндік шектеулерге байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары онлайн режимде жүргізіледі. «Кәсіпорындардағы еңбек даулары мен оларды шешу жолдары» және осы саладағы өзге де маңызды тақырыптарға қатысты  22 онлайн семинар өткізілген. Еңбек дауларын болдырмау мақсатында биылғы жылдың наурызында өңірдегі жағдайды болжау және бағалау бойынша мониторинг топ құрылған.

Облыстағы қоғамдық-саяси жағдайға әсер ететін жалақы бойынша берешекті өтеу, өндірістік жарақаттану мәселелері әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның және облыстағы ахуалды болжау және бағалау жөніндегі мониторинг тобының отырыстарында қаралған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалақы бойынша 431,4 млн. теңге сомасындағы берешек өтелді, бұл ретте 36 кәсіпорында 1790 жұмыскердің құқықтары қорғалды.

Биылғы жылдың басынан бастап 470 өтініш қаралып, 210 тексеру жүргізу барысында 1008 заңбұзушылық анықталған. Еңбек заңнамасының бұзылуына жол берілгені үшін 11,4 млн. теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Жалақыны бірнеше рет кешіктіргені үшін үш кәсіпорын басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сәуірде әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссия отырысында облыс әкімдігі, кәсіподақтар бірлестігі мен жұмыс берушілер бірлестігі арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісім қабылданды.

 

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button