ТОП

ЖАҒДАЙ ЖАСАСА, ЖҰРТ АУЫЛҒА КЕЛЕДІ

Биыл ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға артқан. Бүгінде аудан аумағында шағын және орта бизнеспен шұғылданушылар саны 2394-ке жетіп отыр.

Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны 160, жеке кәсіпкерліктер – 672, шаруа қожалықтары – 1562. Аудандағы шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлесін қосып, кәсіпкерлікпен заманнан айналысып келе жатқандардың қатарында Майемер ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүләй Лұқпанова да бар.

Гүләй Саянқызының туып-өскен жері – Өрнек ауылы. Мектеп бітірген соң ол Катонқарағай ауылындағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында тігінші болып істейді. Осында жүрген кезінде комбинат басшылығы Г.Лұқпанованы Алматыға киім пішушінің оқуына жібереді. 1980 жылы аталған оқуды бітіріп, Катонқарағайдағы жұмыс орнына қайта оралған ол Майемер ауылына келін боп түсіп, өмірлік жары Ризабек Лұқпановпен отау құрып, шаңырақ көтереді. Бүгінде ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергендеріне 40 жылдан асты. Отағасы Ризабек зейнеркерлікке шыққан, ол ауданның білім беру саласында үздіксіз еңбек етті. Екі ұлы ержетіп, бір-бір шаңырақ құрып, қазіргі таңда екеуі де қалалық жерде өмір сүріп, еңбек етуде.

– Мен кішкентай кезімнен қолөнерге, соның ішінде іс тігуге жақын боп өстім. Іс тігу өзіме бала кезден ұнаған. Бұл өнер бізге үлкен әжемізден дарыған деуге болады. Ол кісі ісмер жан еді. Менің сіңілілерімнің барлығы да іс тігеді. Ешбірі оның арнаулы оқуын да оқыған жоқ, туа біткен қабілеттері сондай. Тұрмысқа шыққан соң, іс тігумен үйде отырып айналыстым. Кейіннен ауылдық мектептегі қолөнер үйірмесінде сабақ бердім, бір кездері мектептің асханасында аспаз да болып жұмыс істедім. Жеке кәсіпкерлікпен 90-шы жылдардың соңында айналыса бастадым. Сол уақытта біз де ала сөмкені арқалап,  қалалық жерден ауылға тауар тасып, азын-аулақ сауда жүргіздік. Ал 2003 жылы Майемердің орталығында «Нарын» атты азық-түлік дүкенін аштық. Сол уақыттан бері дүкеніміз үзбей жұмыс істеп, жерігілкті тұрғындарға қызмет етіп келеді, – дейді Гүләй Саянқызы.

Кәсіпкердің дүкенінде әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерімен қатар, тұрмыстық заттар да көптеп сатылады.

– Тұрмысқа қажетті күнделікті тұтынатын азық-түлік және шаруашылық заттарын бізге Өскемен мен Алтай қалаларынан келетін фирмалар жеткізіп отырады. Олар айына немесе аптасына бір рет келіп, қажетті заттарды әкеліп отырады. Нанды біз Үлкен Нарындағы «Ағажаева» жеке кәсіпкерлігінен аламыз. Мұнда әкеліп, бөлкесін 130 теңгеден сатып отырмыз.

Ауылдағы халықтың барлығының қолында ақша күнделікті бола бермейді, сондықтан дүкендегі азық-түлік және басқа да заттарды ауылдастарымызға қарызға жазып береміз. Ай соңында зейнетақылары мен жалақылары түскенде келіп, қарыздарын төлеп отырады, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер  ауылда жағдайы төмен отбасылар мен мектеп оқушыларына айтулы мерекелерде, одан бөлек уақытта да мүмкіндігінше демеушілік көрсетуді де әдетке айналдырған. Істеген бұл ісін ол көпке жария етпейді. Ауылдастары да  Г.Лұқпанова туралы тек жақсы пікірде, риясыз ризашылықтарын білдіріп отырады.

Кейіпкеріміз әңгіме соңында ауылдық жерде халықты тұрақтандыру үшін олардың кәсіппен айналысуына, жұмыспен қамтылуына ыңғайлы жағдай тудыру қажет екенін жеткізді.

– Халық қалаға көшеді, себебі ауылда жұмыс жоқ, жағдай қиын. Сол себепті халықты, әсіресе жастарды ауылға тарту үшін, ең алдымен, оларды жұмыспен, жақсы жалақымен немесе адамдардың бизнеспен еш кедергісіз айналысуына мүмкіндік жасау қажет. Сонда ғана алтын бесік ауылдарымызды сақтап қала аламыз, – дейді Гүләй Лұқпанова.

 

Тимур Смағұлов

Осы айдарда

Back to top button