Қоғам

Жәрдемақыны рәсімдеу жеңілдей түсті

Мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен алу барған сайын танымал бола түсуде. Бұл ретте клиентке СМС-хабарлама жіберіледі, яғни бұл – ұялы телефон арқылы берген келісіміңізден соң көрсетілетін қызмет.

Бүгінге дейін Өскеменде 1618 ана бала туу және оның күтімі бойынша жәрдемақыны проактивті форматта рәсімдеген. Ал қаладағы 200-ден астам әйел көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны, жиырмаға жуық тұрғын «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналарға берілетін жәрдемақыны осы тәсілмен алған.

– Жақсарту, ыңғайлы және онлайн ету – цифрландырудың басты қағидасы. Корпорация азаматтарға қамқорлық жасауға тырысады, осылайша біздің клиенттер мемлекеттік қызметтерді алу үшін аз уақыт пен ресурс жұмсайды, бұл – проактивті принцип. Тек клиенттің СМС арқылы келісімі керек. Барлық қажет ақпарат мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелерінен алынады. Ең бастысы, адам мобильді азаматтар базасында тіркелуі керек, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Жанат Өмірғалиева.

Бүгінде бала туу және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақыны, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналарға жәрдемақыны, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны, мүгедек бала күтімі бойынша жәрдемақыны, бала кезінен мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақыны, еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша, жұмыстан айырылу жағдайы бойынша, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді проактивті форматта рәсімдеуге болады.

Мемлекеттік қызметтерді алудың проактивті форматы алғаш рет ақпараттық жүйелерді интеграциялаудың арқасында 2017 жылдың соңында пайда болды. Электрондық үкімет порталы барлық деректерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алып, ал жетіспейтіндерін СМС-хабарлама арқылы клиенттен сұратады.

Осы айдарда

Back to top button