ТОП

ЖАБЫҚ БАССЕЙН ЖАБЫҚ ТҰР

Жанаргүл Мұқатай

Күршім ауданының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары  бойынша  алдағы бес жылда шекарадағы ауданды өркендетуге 61,4 млрд. теңге жұмсалмақ.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Дулат Қажанов  кешенді жоспар аясында ауданның негізгі тіршілігі ауыл шаруашылығын дамытуға 1,9 млрд. теңге жұмсау жоспарланып отырғанын жеткізді. Соның 1,2 млрд. теңгесі – несие қаражаты. Қазіргі күні ауданда алты мал бордақылау алаңы, екі сүт қабылдау пункті, екі тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр.

Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған 35 жобаға 211 млн. теңге несие беріліп, қаржыға жылқы, ірі қара сатып алынған. Өңірде егіншілік саласын өркендетуге де ден қойылып келеді, ағымдағы жылы егіс алқаптары 32,4 мың гектарға ұлғайған. 282 млн. теңгенің 57 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Ауданда пайдаланылмай жатқан жер телімдерін ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Күршім кәсіпкерлік саласы өркендеп келе жатқан өңірдің бірі.  «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша биыл Күршім, Марқакөл ауылдарында сүт өңдеу цехы мен ритуалдық қызмет көрсету кәсіптерін ашуға  8,5 млн. теңгеге гранттық қаржы бөлінген. Аталған бағдарламаның несиелендіру бағыты аясында аудан тұрғындары мал сатып алуға, шағын кәсіп көздерін ашуға 25 млн. теңге несие алған. Ауыл округтері мен аудан орталықтарында азық-түлік дүкендері ашылып жатыр. Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашуға 115 мемлекеттік грант берілген.

Ауданда жол жөндеуге 1 млрд. теңге қаржы қарастырылып, осы қаржыға ауданаралық жолдар, ірі елді мекендермен қоса көптен бері жөндеу көрмеген шалғайдағы ауылдар арасындағы жолдар жөнделіп жатыр.

Қазіргі таңда Күршім ауданындағы 44 елді мекеннің 39-ы немесе 88 пайызы орталықтандырылған таза сумен қамтамасыз етіліп отыр. Кешенді жоспарды іске асыру барысында бес жылда ауданда орталықтандырылған сумен қамту көлемі   97,7 пайызға жеткізілмек.

Былтырғы желтоқсанда Күршім ауылында ашылған заманауи жабық бассейннің игілігін ел әлі көре алмай отыр. Себебі бассейннің ішінде бір тамшы су жоқ, жаңа нысан әлі  жабық тұр. Неге?

Баспасөз конференциясының соңында Дулат Қажанов аудан халқын армандатып қойған жүзу бассейнінің неге жабық тұрғанын айтты. Ұзындығы 25 метр, ені 8 метр, ең соңғы үлгідегі заманауи бассейн салынды деп атқа мінерлердің  ел-жұртқа, балаларға аузының суы құри мақтағаны тағы сол шенеуніктердің немқұрайлығынан біліксіздігінен осыншама уақыт құр қаңырап тұр. Басшы сөзінен осыны бажайладық. Қыруар қаржыға салынған бассейннің есігі енді қашан  ашылатыны да белгісіз.

–Бассейн былтыр желтоқсан айында ашылған болатын. Бұл  технадзор, авторлық қадағалау сияқты тиісті органдардың барлығының қол қойып, қабылдап алғанынан кейін барып, пайдалануға берілген нысан. Нысан дайын тұр. Ешқандай проблемалық мәселе, сұрақтары жоқ. Бар проблема спортты біздің ауданнан облыстық деңгейге алып кетуінде болып отыр. Біздің ауданда мемлекеттік қызметтегі спорт маманы ғана бар. Ал балалар, жасөспірімдер спорты мәселелерімен айналысатын ұйымдардың барлығы қазір облыста. Сондықтан біз құжаттарымызды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына, оның теңгеріміне беру керекпіз, ол құжаттардың бәрі дайын, тек қана облыстан олардың қабылдауын күтіп отырмыз. Бассейн ғимараты барлық стандартқа сай, оның ешқандай ақауы да, басқа  проблемалары да жоқ, – деді аудан әкімі.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button