«Изотерм» – отандық брендке айналды
Тәуелсіздік жылдарында құрылыс пен коммуналдық шаруашылық саласына инновациялық жаңалық әкелген отандық кәсіпорындар саусақпен санарлық. Соның бірі әрі бірегейі – Глубокое ауданындағы «Изотерм» зауыты. Халық арасында «минералды мақта» аталып кеткен бұл инновациялық өнім шатырдан бастап жертөлеге дейінгі жылу сақтауға қажет жердің бәрінде қолданыла береді. Кәдімгі тастан өндірілген бұл мақта от пен суға төзімді болғандықтан құрылыстан бөлек ауыр өнеркәсіпке де жарамды.
2003 жылы Глубокое кентіндегі бұрынғы Ертіс мыс балқыту зауытының ғимаратын «Восток-Универсал» ЖШС сатып алды. Кезінде Ертіс полиметалл, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаттарын мыспен қамтамасыз еткен өндіріс ошағы кенттің қала құраушы кәсіпорны болатын. Осындай маңызды нысан жабылып, халықтың басым бөлігі екі қолға бір күрек таппай, әлеуметтік жағдай шиеленісе түскен шақта инвестордың келуі ақтастықтар үшін шынымен ақжолтай хабар болды. Өндірістік инфрақұрылымы тонауға түспей, толық сақталған базада өндіріс құру «Восток-Универсал» ЖШС үшін де тиім еді. Таңдау осы зауытқа түскен күннен бастап жаңа өндіріс іске қосылғанша инвестор бұл жобаға төрт млрд. теңгеден астам қаржы құйды. Осылайша 2007 жылдың 28-қыркүйегінде жылу сақтағыш тасмақта өндірісі өз жұмысын бастады. «Изотерм» облыс түгіл Қазақстан бойынша жылу сақтағыш материал шығаратын тұңғыш зауыт ретінде тіркелді. Сондықтан ашыла салысымен тапсырыстың астында қалды. Қазақстаннан тыс Ресейдің көршілес аймақтары, Қырғызстан мен Өзбекстанның құрылыс компаниялары Глубокоеның тасмақтасына тапсырыс берумен болды. Бұл істің пайдалы екенін көрген өзге де қазақстандықтар балама өндіріс ошақтарын құрған. Алайда, сапа стандартына деген адалдықтың арқасында «Изотермді» бәсекелестері ығыстыра алмады.
Тоғыз жылдық тарихында кәсіпорын Қазақстанның жылу сақтағыш материалдар өндірісіндегі көшбасшылық тізгінді ешкімге берген емес. Өнімдерін экономикалық ықпалдастық аясында Ресей нарығына да өткізіп келеді. Көрші елде әлеуеті зор бәсекелес пайда болғанын сезген ресейлік өндірушілер алғашында тауарларының бағасын түсіру арқылы «Изотермді» ортақ нарықтан ығыстыруға талпыныс жасап көрген. Ал бағаны арзандату үшін өнімнің өзіндік құнын түсіру қажет. Өзіндік құнды түсіру өндірістік стандарттың сақталмауына, материал үнемдеу кесірінен сапаның төмендеуіне әкелетіні сөзсіз. «Восток-Универсал» болса, қолдан арзандатылған бағаға жоғары сапаны қарсы қойды. Күні бүгінге дейін осы ұстанымдарының арқасында көрші елдің алпауыт өндірушілерімен иық тірестіріп, жұмыс істеуде.
Жалпы, тастан мақта алуға болатынын адам баласы ең алғаш 1840 жылы білген. Жанартаудан кейін жердің бетіне отты магмадан бөлек нәзік талшықтар шығып қалғанын байқаған Эдвард Перри атты ағылшын азаматы табиғи құбылыстың феноменін өндіріске икемдеп көреді. Алайда, қауіпсіздік шаралары сақталмауы салдарынан жұмысшылардың өкпесіне зақым келіп, бастаған іс аяқсыз қалады. Кейін бұл технологияны Алмания мамандары жетілдіріп, алғашқы жылу сақтағыш мақта пайда болған. Сол технология бойынша дайындалған материалдар қазірге дейін кейбір құрылыстарда пайдаланылып келеді.
Ал «Изотерм» зауытында тастан мақта алудың словениялық технологиясы қолданылады. Қондырғылардың қуаты жылына 28 мың тонна, басқаша айтқанда, 300 мың текше метр материал шығаруға жетеді. «Eurovek» фирмасының құрылғылар меңгеру үшін жергілікті жұмысшылар Словения астанасында даярлаудан өткен екен. Барлық жұмыс автоматтандырылғандықтан қос желіге бөлінген бүкіл өндіріс екі-ақ пулттің басқаруымен жүзеге асады.
Шикізаттық тастар Қасым Қайсенов кентінің аумағындағы арнайы карьерден әкелінеді. Бұл тастар өндіріске түспес бұрын түрлі сынамадан өткізіліп, құрамында күкірт сынды өндіріске зиянды заттардың мөлшері анықталады. Карьердің басында түйіршіктелген тастар әуелі қоймаға төгіледі. Зауыттың бас технологы Василий Лахониннің айтуынша, мыс балқыту зауытынан мұраға қалған қойма ауқымдылығымен қатар, түрлі шикізаттарды бөлек-бөлек сақтауға, таспалы тасымалдауыштар арқылы өндіріске тікелей жеткізуге ыңғайлылығымен құнды. Тасымалдаушы таспалардың бетіне ұнтақталған қиыршықтар төгіліп қалмас үшін жәшіктер жапсырылған. Осы жәшіктердің көмегімен қиыршықтар жалынды камераға түседі. 1500 градустық қызумен балқытылған магмалы жыныс бұдан кейін центрифугалық құрылғыда қарамаймен араласып, өзге де қоспалармен мақталық құрамы қанығады. Қарамай балқыту кезінде пайда болған мақта талшықтарын бір-бірімен байлап, қалыпқа бағындыру үшін қажет. Бұдан кейін мақта тақталарға төселіп, сығымдалады да, тапсырысқа сәйкес көлемдерге бөлшектеледі.
Зауыт 300-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде жөндеуші жасақ та бар. Қондырғыларды майлап, тазалау, тозған бөлшегін ауыстыру, сыр берген механизмдердің түйткілін табу сынды жауапты міндеттер осы жасақтың мойнында. Мұнда Глубокое кентінен бөлек, Кожохово, Прогресс ауылдарының тұрғындары да келіп-кетіп жұмыс істейді.
Зауыттың негізгі құрылтайшысы әйгілі «Базис-А» құрылыс корпорациясы болғандықтан, негізгі өнім аталмыш компанияның нысандарына жұмсалады. Кәсіпорын жетекші құрылыс компанияларымен ғана жұмыс істемей, жергілікті халықтың жекелеген тапсырыстарын да қанағаттандырып отыр.
Металқұрандылар арқылы алып ғимараттарды айлар көлемінде ғана тұрғызып жатқан қарқынды құрылыс заманында қазақстандық брендке айналған «Изотерм» тасмақтасына деген сұраныс бола беретіні анық. Бұл да болса тәуелсіздіктің жетістігі.
Есімжан Нақтыбайұлы