Тұлға

Ізі жатыр тарихтың айдынында

 Бір ауданға біріккен Күршім,  Марқа өңірлері дарынды да қарымды, білімді де білікті азаматтардан ешуақытта кенде болып көрген емес. Табиғаты көркем, елі дарқан аймақтың даңқы бүкіл елімізге, тіпті бұрын Кеңестер Одағы деп аталған алып мемлекетке әйгілі қаншама ұланды туғызып, түлетіп ұшырғаны – ешкім күмән келтіре алмайтын даусыз ақиқат. Алуан түрлі реформалар жүріп, соларға орай небір аумалы-төкпелі заман туындап, игілік пен қиындық алма-кезек ауысып келіп жатса да, өңіріміз сол дәстүрлі дарқандығынан айныған емес, дарынды ұлдардың орны суып, ізі көмескі тартқан жоқ. Олар әлі күнге дейін кіндік кесіп, кір жуған ата мекеннің атағы мен абыройын аспандатып, байлығы мен берекесін арттыруға белсене атсалысып келе жатыр.

Осындай даңқты азаматтардың бірі, бірі емес-ау, бірегейі ретінде Марқадан шыққан марқасқа, білікті ұстаз, сындарлы тәлімгер, ғалым, еліміздегі ең жоғары марапаттардың бірі – «Парасат» орденінің иегері Нұрғалиев Талант Құмашұлын атауға болады. Кезінде атағы бүкіл КСРО-ға әйгілі болып, ұзақ жылдар бойы дүркіреген Боран гимназия мектебін 28 жыл басқарған Талант Құмашұлының осы айтулы білім ордасының негізін өзі қалап, ауыл мектебінің деңгейін Мәскеудегі арнаулы мектептердің дәрежесіне жеткізген әкесі –  аңыз адам, соғыс және еңбек ардагері, Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтың лайықты ізбасары бола білгенін атап айтқан дұрыс. Құмаш атамыздың өз тұсында баршаға мәлім болған есімін, еңбегін кітап оқудан қол үзіп қалған, газет-журналға үңілгеннен гөрі телефондағы әлеуметтік желілерге шұқшиғанды артық көретін кейінгі буын өкілдерінің білмеуі де мүмкін. Сондықтан ол кісі туралы аз да болса ұғынықты мағлұмат бере кетудің артықтығы бола қоймас. Ендеше, мұны Талант ағамыздың өз аузымен жеткізуге тырысып көрейік.

АҢЫЗ АДАМ ТУРАЛЫ

– Менің әкем, соғыс және еңбек ардагері, КСРО халық ағарту саласының үздігі Құмаш Нұрғалиұлы 1925 жылдың 29 қазанында Марқа өңіріндегі  Сармөңке ауылында туған, – деп бастады әңгімесін көп сөзге жоқ, сабырлы да салиқалы азамат. – Әкеміздің сүйегі қаратай, аталарымыз негізінде Катонқарағай өңірінің тумалары болып саналады. Сол Сармөңкеде олардың нағашылары, атағы аймаққа әйгілі мыңды айдаған Сәйбек деген бай болған екен. Нұрғали атамыз сонау қиын кезеңде сол нағашысын сағалап келіп, оның сенімді қызметшілерінің біріне айналса керек. Осылайша, біз Сармөңке ауылында өсіп-өндік.

Жастайынан пысық-ширақ, не нәрсеге талапты ұлан болып көзге түскен Құмаштан ата-анасы үлкен үміт күтіп, келешегіне селкеусіз сеніммен қарап келсе керек. Амал қанша, ол кісінің талайына сұрапыл соғыс, қанды майдан, ұзақ жылдар бойы аурухана төсегіне таңылған ауыр бейнет жазулы тұрғанын ешкім болжай алмаған.

Он сегізге тола сала әскерге алынған балғын бозбала қолына қару алып, екінші Прибалтика майданының И.М.Казаков басқарған 56 гвардиялық дивизиясы 10 армиясының қатарында жаумен айқасқа түседі. Талай қатерден аман өтіп, айтарлықтай ерлік көрсетумен келе жатқан тісқаққан барлаушы Қ.Нұрғалиев 1944 жылдың 29 қазанында, дәл 19 жасқа толған күні жақын жерде жарылған снарядтың әсерінен ауыр жараланып, әскери госпитальге түседі. Оған бұл арада алғашқы операция жасалады. Міне, осы сәттен кейін мүгедектікке душар болған қайран азаматтың қасіретті де тауқыметке толы сапары басталады. Жарылыс салдарынан екі аяқ, бір қолынан айырылған жас жігітке бас-аяғы 17 рет операция жасалып, соңынан ол Мәскеудегі арнайы госпитальде екі жыл бойы жатып емделеді.

Екі жыл емделіп жатқанда келешектен үмітін еш үзбеген жас азамат уақытын босқа өткізбепті. Білім алуға талпынған жастар үшін арнайы қамқорлық жасалып, госпитальге мұғалімдер әдейілеп келіп, жаралы жауынгерлерге кәдімгідей сабақ береді екен. Осы екі жылда Құмаш орта білім туралы аттестатқа қол жеткізіп, онымен қоса бухгалтер мамандығын игереді.

1946 жылы елге оралған Қ.Нұрғалиев Сармөңке ауылында орыс тілінен сабақ бере бастайды. Ал 1947 жылы ауыл жұртын ұйымдастырып, таудан қарағай тасытып, осындағы ағаш мектепті салғызады. 1953 жылы сырттай ҚазПИ-ге оқуға түсіп, бірнеше жылдан кейін жоғары білімге ие болады.

– Анамыз Қанипа Әйтенқызы да осы ауылда туып-өскен, – дейді Талант Құмашұлы, – ол кісі де сол 1925 жылдың 29 қазанында дүние есігін әкеммен бір күнде ашқан екен. Әкем майданнан оралған кезде шешеміз Зайсандағы мұғалімдер училищесін тәмамдап келіп, ауыл мектебінде сабақ бере бастаған болатын. 1946 жылы тағдыр қосқан екеуі ҚазПИ-ге бірге түсіп, осы беделді оқу орнын бірге бітіріп шығады.

АУЫЛ МЕКТЕБІН АЛҒА ОЗДЫРДЫ

1957 жылы дипломға ие болған Құмаш Нұрғалиұлын білім бөлімі Боран орта мектебіне директор етіп тағайындайды. Ол кезде бұл ауылда балалар тек орыс тілінде ғана білім алатын. Құмаш келген бойда қазақ мектебін ашуға күш сала бастайды да, көп ұзамай бұл мақсатына қол жеткізеді.

Біртіндеп өзі басқарған мектепті үздіктердің қатарына қоса білген  тынымсыз жан Ленин атындағы Боран орта мектебінің ең озық заманауи техникамен жабдықталған,  республикада алдыңғы орындағы, КСРО-да жақсы танымал білім ордасына айналуы жолында өлшеусіз еңбек сіңірді.

1975-1980 жылдар аралығында жас мамандар, физика пәнінің мұғалімдері Талант Нұрғалиев пен Александр Крюкович мектепке техникалық телевизия орталығын орнатты. Сөйтіп, мектепте оқу пәндері түрлі техникалық құралдарды тиімді пайдалана отырып, заманауи әдіс-тәсілдер арқылы жүргізіле бастады. Барлық оқу кабинеттері теледидармен қамтылды, автоматты түрде қараңғылау жүйесі, экран, телефон орнатылды. Сабаққа қажетті кинофильм, кинофрагмент, диафильм, диапозитивтерді телефон арқылы телеорталық лаборантымен хабарласып, сабақтың қай тұсында қажеттілігін айтса, дәл сол сәтте ол хабар телеорталықтан теледидар экранынан көрсетіліп отыратын-ды. Бұл телевизиялық орталық бүкіл Одақ көлемінде тұңғыш рет осы Боран орта мектебінде іске қосылған болатын.

Қазақстанның күншығысындағы шалғай өңірде орналасқан осы айтулы мектепті көруді талайлар армандап, тәжірибе алмасу, үйрену мақсатында жан-жақтан ұстаздар мен оқушылар ағылып келіп жататын еді. Міне, әкесі жүзеге асырған осы жетістіктерге Талант та сүбелі үлес қосып, мектептің одан әрі гүлденуіне айтарлықтай еңбек сіңірген болатын.

1988 жылы аталған мектепті 31 жыл бойы басқарып, талай шыңнан асырған даңқты ұстаз, шын мәніндегі батыр азамат Құмаш Нұрғалиев өмірден өтті. 1973 жылы Өскемен мемлекеттік педагогикалық институтының физика факультетін бітіріп келіп, өзі білім алған Боран орта мектебінде біршама уақыт ұстаздық етіп, білімділігімен, алғырлығымен көзге түсіп жүрген Талант Құмашұлын әріптестері, жалпы мектеп ұжымы бірауыздан ұйғарып, әкесінің орнына директорлыққа тағайындады.

Жас басшы көпшіліктің сенімін молынан ақтай білді. Үнемі шығармашылықпен, ізденімпаздықпен еңбек ететін Талант Құмашұлының бастамасымен мектепте бірнеше жоба іске қосылды және әрбір шара өзінің оң нәтижесін бере бастады. Боран орта мектебінде сол кездерде мультимедиа, мұражай педагогикасы,  ландшафтылы дизайн,  мектеп технопаркі, туризм, ақындар мектебі және «Ашутас» атты оқушылардың ғылыми қоғамы құрылып, жас буынның тиянақты білім алуына көрнекті  ықпал етті.

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРДЫ

Осылайша, асыл азамат, табанды тәлімгер Құмаш Нұрғалиұлы іргетасын қалап, негізін салып кеткен білім ордасын басқарудың сара жолын оның ізбасары Талант лайықты деңгейде жалғастыра білді. Ол 1988 жылдан  жетекшілік ете бастаған білім ордасының 1992 жылы гимназия атағын иеленгеннен кейін де өзінің тұғырынан төмендемей, көпке үлгі болғаны шындық. Нұрғалиевтардың педагогикалық әулеті үзіліссіз 60 жыл бойы басқарған Құмаш Нұрғалиев атындағы гимназия еліміз  тәуелсіздігін алған жылдары да республика көлеміндегі озық мектептердің қатарынан көрініп, жарқырай түсті. 2005 жылы Құмаш ата ұрпақтары озық педагогикалық әулет ретінде құрметті қонақ болып, Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы қабылдауына барып қайтты. Сонымен бірге бұл әулет ең алғашқылардың бірі болып  «Қазақстан Республикасындағы озық династиялар» кітабына енгізілді. Ал мұның өзі Халық мұғалімі Қ.Нұрғалиевтың рухына көрсетілген құрмет қана емес, жалпы «ұстаздық» атты ұғымға жасалған тағзым деп білген абзал.

Аталған айтулы білім ордасын 28 жыл бойы мінсіз басқарып, әке ерлігін жалғастырған, сөйтіп жас буынға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында ерен еңбек сіңірген Талант Нұрғалиевтың педагогика саласындағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бұл еңбек тіпті Елбасы тарапынан да жоғары бағаланып, ол еліміздегі ең жоғары марапаттардың бірі – «Парасат» орденін Талант ағамыздың омырауына өз қолымен таққан болатын. Бұдан басқа, Талант Құмашұлы Ы.Алтынсарин атындағы медальмен және Елбасының Алғыс хаттарымен марапатталып, көпшіліктің шынайы ықыласына бөленді.

Шеткері өңірде тірлік кешсе де үлкен өмірден қол үзбей, үнемі жоғары деңгейден көрініп келген дарынды ұстаз, білікті маман Талант Құмашұлы бүгінгі күні қариялар қатарына қосылып, кейінгіге лайықты кеңес беріп, ақыл айтатын жасқа толып отыр. «Жетпіс» деген жемісті де жеңісті жастың желкенін желбіретіп, өзінің туған ауылында, ағайын-жұрттың ортасында бақытты да бақуатты өмір кешіп жатқан ағамызға, оған адал жар, сенімді серік бола білген ұлағатты ұстаз Майгүл жеңгемізге зор денсаулық, ұзақ та қызықты ғұмыр, сарқылмас қуаныштар тілейміз! Сөзіміздің соңында Ғалымдай алғыр ұл, Эльвирадай талапты қыз өсіріп, олардан өрген төрт немересінің тілеуін тілеп отырған ардақты азаматқа: «асарыңыз да, айтарыңыз да мол болып, ұрпағыңыздың қызығына кенеле беріңіз!» дегіміз келеді.

Хасен ЗӘКӘРИЯ, КҮРШІМ

 

Осы айдарда

Back to top button