Қоғам

ІЗГІЛІК ІЗІ НҰР ШАШЫП…

 Арамызда жақсылығын дабыралап жарнамаламай-ақ, үнсіз ғана қайырымдылық жасап жүрген азаматтар да жетерлік. Олар «мәрттікті мақтан, көмекті көріну үшін жасамаймыз» деген  қағиданы мұрат тұтқан жандар. Көпке үлгі болсын деген ниетпен оқырмандарға таныстырып отырған осындай азаматтардың бірі – Серікқазыұлы Әсет ағамыз.

          – Халқым шаруа қожалық төрағасы немесе қымыз өндіруші Әсет десе де қарсылығым жоқ. Ауылшаруашылық маманы болғаннан соң қалай атаса да болады. Сонау 1996 жылдан бері шаруа қожалығын құрып төрт түлікті өсіріп, кәсібімізден нәсібімізді айырудамыз. Қымыз өндіріп, оны саудалап жүргенімізге де 15 жылдың жүзі болып қалыпты. Бүгінде жүзден астам бие байлап, оны арнайы аппаратпен сауып, күніне 400-450 литр қымыз өндірудеміз. Өнімімізді тұрақты алатын тұтынушыларымыз да қалыптасқан.

Қымыз алушылар қатары карантин кезінде тіпті көбейіп кетті. Бұрын кока-кола, пепси ішіп, фасфуттар мен жартылай фабрикат өнімдерін тұтынып жүргендер дәл осы карантин кезінде қымыз бен қой етінің қасиетін терең түсініп кетті-ау деп ойлаймын. Рас, сол кезде сұраныс та өте жоғары болды. Басында кім қанша қаласа, сонша сата беретінбіз. Карантин кезінде түннің жарымы, таңның бозынан үйіміздің жанына келіп,  кезек күткендерге жетсін деген ниетпен әрбір алушыға күніне үш литрден, кейде алушылар саны өте көп болса 1-2 литр ғана сатқан күндеріміз болды.

Көптеген азаматтардың: «Сіздің қымыздан соң ауруымыздан сауығып, емделіп кеттік» деген бір ауыз сөзі мені қатты қанаттандырды.

Кім, қалай ойласа, солай ойласын, бірақ адал ниетімізден жасаған көмегімізді көп айтпай-ақ қойсам деймін. Ауырып қалғандардың сырқатына шипа болсын деп «Қазығұл» емханасы мен орталық ауруханаға тегін апарып жүрдік. Президентіміз арнайы Үндеу жариялап, аудандық әкімдік ізгі іс ұйымдастырып жатқанда, мүмкіндігің бола тұра қалыс қалу –  адамгершілік қағидатына қайшы ғой?! Жыл сайын зекетімізді беріп, қолымыздан келгенше біраз отбасыларға көмек қолын созып тұрамыз.

Керейбайдай бабамыз ұрпақ қамын ойлапты

Тегіңізде бар тектілігіңізге тартып төрт түлік өсіріп, шаруа қожалық құруыңыз бен отбасылық кәсібіңіздің қыр-сыры туралы айтып өтсеңіз.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Экономикалық қиын кезеңдер. Жан бағу, отбасын асырау үшін біраз жылдар Ресей жеріне кіріп, Новосибирск қаласын аралап, Қытайға барып, Алматыдан тасып сауда-саттықпен айналыстым. Үржар ауданы мен Жаркенттегі фирмалармен байланыс орнаттым. Арнайы техникалық білімім болмаса да анықтап қарап, көргендерімді көңілге тоқудың нәтижесінде комбайн, К-700 тракторларын жөндейтін болдым. Аягөздегі «Казсельхозтехниканың» жартысын сатып алдым.

Мал шаруашылығының құрып бара жатқаны жаныма қатты бататын. Таудай-таудай қойларды алыпсатарлар ауылдардан тиынға алып келіп, пойыздар басына шығаратын. «Бұлай жалғаса берсе түбі жақсылыққа апармайды-ау?!», деп қапаланатынмын. Бабаларымыз «қойда береке бар» дейді ғой.

«Біздер осыны қолға алмасақ балаларымыздың болашағы қалай болар екен?» деген оймен жүріп ақыры бір тоқтамға келіп, 1996 жылы шаруа қожалығын құрдым. Ол кездері төрт түліктің құны тым төмен, тіпті су тегін еді ғой. Сол уақыттарда қолымызда 100 бас ұсақ мал, 30 ірі қара, 20 жылқымыз бар еді. Аягөздің шетіне қыстақ салдық.

Біз бір әке, бір шешеден алтау едік, бүгінде екі ағайынымыз мәңгілік мекеніне аттанған. Бала күнімнен шаруашылыққа жақын болып, әрі қарт әке-шешемізді қарайлап, жоғары оқу орнын оқи алмадым. Оған еш өкінбеймін. Сол кезден еңбекке шынығып, үлкен бақыт тәтті түспен емес, маңдай термен жететінін терең түсініп, бала-шағама да осыны көрсеттім. Үлкен ұлым Батырбек мектеп қабырғасынан шаруашылық жұмыстарының ортасында өсті. Орта мектепті бітірген соң Заң академиясының студенті болып, Ішкі істер саласында біраз қызмет етті.

Уақыт өте мал басы артып, жұмыс күшінің керектігі анық байқалды. Ұлыма «Балам бабаларымыз осы төрт түлікті өсіріп биік нәтижелерге жетіп еді. Шаруашылық жұмыстарына да сенім артатын жақын адам керек. Бәрін көріп жүрсің. Егер қарсы болмасаң кабинеттегі қызметті қойып, шаруашылыққа келсең қалай болады?..» дегенді айтып ем, ұлым еш қарсылықсыз келісті.

Бүгінде сол Батырбегім қолда бар төрт түлігімізді асылдандыруға білек сыбана кірісіп кеткені қуантады. Атап айтар болсам, Ақтөбеден Мұғалжар жылқысын, Польшаның Першерон тұқымды жылқыларын, Башкирияның айғырларын, Ресейдің Алтай тұқымдарын, құйрықты әрі етті байыс қойының тұқымдарын, Ресей жерінен  герафорт тұқымды ірі қаралардың бұқаларын өз аяғымен барып, алып келіп асылдандыру жүргізіп жатқаны шаруашылық ісіне деген қызығушылығы мен жанашырлығы деп білемін. Келешекте осы ұлым бауырларын да баулып, ата кәсібімізді ары қарай дамыта беретіндігіне сенімім мол.

Жаңа сіз Керейбай атамыз туралы айттыңыз ғой.

– Ол маған үшінші ата болып келеді. Тарқатып айтсам, әкем Серікқазы, оның әкесі Серікболсын, оның әкесі Керейбай. Тек жағынан қуаласақ біз Сыбанның бір тармағы Шақадан тараймыз. Жайлауымыз Қызыл кесіктің бергі жағы.

Арда бабамыз төрт түліктің жай-күйін терең білетін, өте малсақ кісі болыпты. Жер жағдайы мен ауа райын да болжай алатын ерекше қасиет иесі екен. Маңында бір қауым ел, бүтіндей іргелі ауыл бірге көшіп, біте қайнасып күн кешеді екен. Ұсақ малы мен ірі қарасының санын айтпағанда, бабамыз бес мыңнан артық жылқы ұстап, құт қонып ырысы артқан жан болғанын өз атам жиі есіне алып отыратын. Жұмысшыларына үнемі нәрлі тағамдар беріп, олардың қуатты да, қарулы болуын қатаң бақылайды екен. Ресей жеріне мал айдап сауда-саттықпен де айналысыпты. Ол кезде шет мемлекетке мал базарлау қазіргідей емес, бірталай машақатты кәсіп еді. Сол жақтан өз отбасы, ағайынындай сыйласқан ауылдастары мен көмекші, жұмысшыларының қажеттіліктерін де алғызып тұрған екен.

Жылнамамызда болған ұлы жұт кезінде мыңды айдаған байлардың көбісінің малы қырылып, ақ таяқ ұстап қалғаны туралы тарихта көп айтылады ғой. Сол жылдары Керейбай атам жұттың оңай соқпасын сезіп, жылқышыларына «Үлкен үйірді шашау шығармай айдап отырсаңдар, қалған тұяқтылар соңынан ілеседі»,  – деп біраз ақыл-кеңесін беріп жолға шығарып салады.

Қарлы боран жаңбырмен араласып, жалпы халық қатты қиналады. Ал атамыздың жылқылары Тарбағатай тауының Үржармен шектескен жеріне барып бірақ тоқтап, жайлы жерде құлындап, көктемнің жазға ілінген шағында алыс қашықтық, орта жолдағы жайсыздықтар салдарынан 1000-ға жуығы қырылғанымен, қалған 4000 бас жылқы төлімен аман оралған екен.

Дүрмекті жылдар дүрбелеңі конфискациямен жалғасады. «Мал ашуы жан ашуы», – деп бар малын бір-ақ күнде сойып тастаған және де қолда барын шекара асырып айдап өткен байлар да болады. «Бұл оқиғаның түбі қайырлы бола қоймас. Шет ел асқанымызбен жат ел, жат жерде ұрпағым қалай күн кешеді?» деген ойлы қария: «Барлығы бала-шағамның садағасы, тек солар атақоныстарында еркін күн кешсін!» деп қолда бар төрт түлігін өкіметке өз қолымен өткізіп беріп, «Тек ұрпағыма тиіспейтін болыңдар!» деген шарт қояды.

Кейіннен Керейбай ата өмірден қайтады. Қызыл үкіметтің озбыр белсенділері ендігі кезекте «Бай-кулактың балалары, шонжарлардың ұрпағы» деп қазақтың танымал бай, талантты азаматтарының ұрпағына тырнақ салып, бастарына қара бұлт үйіре бастайды. Зобалаң жылдардың қыл бұрауынан аман қалу үшін туыстарын жинап алып, үдере көшкен аталарымыз Аягөзден пойызға отырып, Ресей жеріне қарай өтіп кетеді.

Тірліктің тауқыметі таусылған ба, әкем, яғни, Серікқазы 13 жасында самолет шығаратын зауытта темір жонушы  болып еңбек бастайды. Кейіннен сол жақта Бақыт шешеммен шаңырақ көтерді. Анамыздың да отбасы осы бір қиын-қыстау заманда Ресей асып кеткен аталар екен. Байкалдың арғы бетінен атамыз Серікболсын Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыстан кейін де сол жерге қайтып оралады.

Серікболсын атамыз 1960 жылы өсіп-өнген ұрпағымен атамекені Аягөз қаласына қайтып оралады. Кейіннен Керейбай атамыздың құйқалы қоныс, құтты мекені болған Ақшатаудың Қоңыртауын алып осы жерге иелік етудемін. Бала-шаға отбасымыз болып бүгінде «Керейбай», «Серікболсын», «Серікқазы» атты үш шаруа қожалығын ашып жұмыс жүргізудеміз. Қазірде меншігімізде жетпіс үйір жылқы, төрт табын ірі қара, үш отар қой бар.

Артылған сенім – арқаға түскен ауыр жүк

Бұл күндері мемлекетіміз еңбек етемін дегендерге қолдауды жақсы жасайды. Соның арқасында алты трактор алдық. Ұсақ мал мен ірі қараға субсидия да алып тұрамыз. Жылқымыз бен қойымыз асыл тұқымды шаруашылық деп дәрежеленген.

Еңбегіміз еленіп, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігіне  25 жыл және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық медальдары, облыс әкімі Д.Ахметовтің Алғыс хаты мен білдірген ықыласы, артылған сенім деп білемін.

Қарамағымыздағы малшы, жұмысшыларды бөтенге балап, бөле қарамаймыз. Олардың барлығы біздің отбасының мүшелері ретінде көңіл бөлемін. Сондықтан болар, бізге келген азаматар бір-екі маусымнан соң жұмыс ауыстырамын деп алаңдамайды. Жігіттердің соңы 5-7, ал, алды 15 жылдан астам уақыттан бері еңбек етуде.

Қамсыз қызмет ету үшін жайлы жағдай жасап ынталандыру басты назарымызда. Олардың біразына Аягөзден, кейбіріне Семейден баспаналарын алып беріп қойғанбыз. Жұмыстағы жетістіктеріне сай қаржылай ынталандырып, құлынды бие, ірі қаралай мал беруді де ұмыт қалдырмаймыз. Қажеттілік туындағанда жанұясымен қоса, туған-туыстарына да қолдау жасауға тырысамыз.

Жігіттерге өз балаларыма берген тәрбиеме сәйкес ақыл айтамын. Ен жайлау, кең өрісте отар қой, табын сиыр, үйір жылқыларымызға адасып кеткен бәз біреулердің қара малы қосылса арамнан пайда көру бізге жат қылық. Серікқазы әкем, Серікболсын, Керейбай аталарым мал шаруашылығымен шындап айналысқан жандар, мұндай ұсақ қылыққа әуес болса, есігімізден енгелі тұрған бақ кері шегініп, қырсық еселеніп кетеді деп қатаң тыйым салған. Бұл қағидат – бүгінде біздің де басты ұстанымдарымыздың бірі.

…Төрт түлігі қоңды, жал-жал болып үйілген мал азығы жеткілікті. Таза да жайлы қыстамалар жанға рахат сыйлайды. Жылы киімдері мен азық-түліктері жеткілікті жұмысшылардың көздеріндегі жалын мен бойларындағы жігері қандай жұмысты да жапырып тастауға даяр тұрғанынан хабар береді…

 Ермек Тұрсынұлы, Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button