Қоғам

Ізгі істің ұйытқысы бола білді

27 ақпан Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні болып саналады. Дүниежүзілік ҮЕҰ күні халықаралық деңгейде алғаш рет 2014 жылғы 27 ақпанда Хельсинкиде аталып өткен болатын. Осы айтулы күнге орай облыста «Игі істер марафоны» іс-шарасының аясында бірқатар іс-шаралар өтті.

– Тәуелсіздігіміздің соңғы 30 жылында үкіметтік емес ұйымдар желісі жүзден 22 мыңға дейін өсті. 2020 жылы Президенттің Жарлығымен ұзақ мерзімді азаматтық секторды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын жаңа стратегиялық құжат – елімізде азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілді, – дейді «ШҚО Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ольга Бобрышева.

2020 жылы облыста 1500-ден астам коммерциялық емес ұйым мен қоғамдық қор түрлі іс-шаралар өткізген. Олардың көпшілігі ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істеуде ең мықты деп танылды. Бұлар: Өскемен  қаласындағы «Алтынай», «Берегиня», «Феникс», «Викинда», Семейдегі «Отбасы орталығы», «Исток», Риддердегі «Незабудка»  сияқты және басқа да үкіметтік емес ұйымдар.

Енді өңірдегі  үкіметтік емес ұйымдар «Игі істер марафоны» акциясының аясында ұйымдастырған шаралардың бірнешеуіне тоқтала кетсек. «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының президенті Жанна Жибраева айтқандай, әлеуметтік белсенділердің әлеуметтік жобалары әртүрлі – психологиялық қолдау, жалғызілікті зейнеткерлерге, халықтың әлсіз топтарына көмек көрсетуден бастап экологиялық мәселелерге дейін қамтылған. Дүниежүзілік ҮЕҰ күні сенбіге сәйкес келгенімен, бұл күні де жұмыс тоқтаған жоқ. Белсенділер 30-ға жуық мұқтаж отбасына киім-кешек жіберді.

– Біз бұл жұмысты бес жылдан астам уақыт жүргізіп келеміз. Мұқтаж отбасыларға киіммен көмектесеміз. Кейде бізге тек киім ғана емес, ыдыс-аяқ пен жиһаз да әкеледі. Сонымен қатар өзіміз де қажетті жаңа киімдерді сатып аламыз, тамақ жиынтықтарымен қамтамасыз етеміз. Біз мектеп ұжымдарымен қалдықтарды бөлек жинау мәселелері бойынша бірлесе жұмыс істейміз, республикалық дәріскерлер оларға қалдықтарды дұрыс сұрыптау туралы айтып береді. Күні кеше бір мектеп бізге бір жарым тонна макулатура алып келді. Сол сияқты біз тұрғындарға шұғыл көмек көрсету бойынша жоба жасадық, – деді Жанна Жибраева.

Сонымен қатар әлеуметтік белсенділер «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз қатынастар» тақырыбында онлайн конференция өткізді, дөңгелек үстелге патронат тәрбиешілер, қиын жағдайда қалған балалардың тағдыры үшін өздеріне жауапкершілік алған адамдар  қатысты.

Ұлан ауданының ерікті мүгедектер қоғамының жетекшісі Жалында Сәбитов ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау туралы айтты. Қоғамдық бірлестік 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Белсенділер тірек-қимыл аппараты аурулары, жүйке-психиатриялық патологиясы бар мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ өздігінен өзін-өзі күте алмайтын жалғыз тұратын адамдарға үйде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

– Әлеуметтік қызметтердің бағдарламасы әлеуметтік-тұрмыстық, еңбек, медициналық, психологиялық, педагогикалық, спорттық-мәдени, экономикалық және құқықтық сияқты сегіз бағыт бойынша әзірленген. Көмекке мұқтаж адамдардың тізімін бізге әлеуметтік қорғау бөлімі ұсынады. Біздің қоғамдық бірлестікте ерекше қажеттілігі бар жандар шығармашылық қызметпен айналысады. Олар сурет салады, кесте тоқиды, спортпен шұғылданады, әртүрлі көрмелер мен жарыстарға үнемі қатысып жүреді, – деп атап өтті Жалында Сәбитов.

Жалында Жұмаханұлының мүгедектер мен жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсететіндігін ерекше айтқымыз келеді. Ал «Рухани жағыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы мүгедектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясымен марапатталды.

Облыстың үкіметтік емес ұйымдары медиация институтының дамуына да үлкен үлес қосуда. Кәсіби медиатор, «Ұлан» медиация және құқық орталығының жетекшісі Төлетай Танекенова өзінің осы бағыттағы жұмысы туралы айтты.

– Биылдың өзінде біз онға жуық азаматтық және қылмыстық істі табысты аяқтадық. Қазір мәселелерді бейбіт жолмен шешу үшін Клиенттермен және микрокредиттік ұйымдармен жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылды. Жалпы, медиация – бұл  жанжалды бейбіт жолмен шешудің тәсілі, екі тараптың да нәтижеге қанағаттануы маңызды. Ұлан ауданында 16 ауылдық округ тіркелген, әр округте кәсіби емес медиаторлар бар. Олардың барлығы – оқып, сертификат алған тұлғалар. Біз мектептермен жұмыс істейміз. Мектеп медиаторларын оқытамыз, медиация рәсімдерін қалай жүргізу керектігін түсіндіреміз. Биыл кәсіби емес үш мұғалім кәсіби медиаторларға қайта оқытылған болатын. Олар енді Ұлан ауданының учаскелік полиция инспекторларымен және судьяларымен жұмыс істейді, – дейді Төлетай Танекенова.

Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар күні облыстың қалалары мен аудандарында азаматтық қоғамды, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бойынша онлайн семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптары мен дәрістер өткенін айта кеткен орынды. Жастар және балалар ұйымдары қауымдастығының Семей филиалы ҮЕҰ күні оқушылар үшін «Волонтерлік – өмір салты» тақырыбында семинар өткізді, онда үкіметтік емес ұйымдардың не істейтіні, сондай-ақ волонтерлік қызметтің маңыздылығы туралы айтылды. Риддер қаласының «Незабудка» қоғамдық бірлестігінде көпбалалы аналарға шаштараз өнері бойынша шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар отбасыларға қолдау көрсететін  «Талап» қоғамдық бірлестігі қоғамдық және спорттық ұйымдар үшін емдік денешынықтыру бойынша тренинг ұйымдастырды.

«Жастар және XXI ғасыр» қоғамдық бірлестігінің еріктілері Риддерде Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы парақшалар таратты. Өскеменде халықаралық бақытты отбасы институты «Халық шебері» онлайн фестивалін ұйымдастырды. Семей қаласының қоғамдық зияткерлік жастары «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты онлайн интеллектуалды ойын өткізді. Өңіріміздің үкіметтік емес ұйымдары өздерінің әлеуметтік бастамаларын жыл бойы ары қарай жалғастыра береді.

Өткен жылы облыс бойынша жалпы сомасы 532,7 млн. теңгеге 81 жоба іске асырылды. Бұл – жастар саясаты, гендерлік білім беру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қоғамдық келісімді нығайту саласындағы жобалар.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button