Қоғам

Ізғұтты мен Бестерекке интернет тартылды

Ұлан ауданына қарасты Ізғұтты ауылында осы күнге дейін интернет те, ұялы байланыс та болмаған еді.

Аудан әкімдігі мен «Қазақтелеком» компаниясы бірлесіп, қатар жатқан Ізғұтты Айтықов пен Бестерек ауылдарына жоспардан тыс интернет тартуды қолға алған. Бестерек таудың бергі, Ізғұтты арғы бетінде орналасқан. Таулы жер болғандықтан, мамандарға мобильді интернет стансасын орнату оңай емес еді.

– Былтыр жағдай күрделі болды. Бәріміз қашықтан жұмыс істеуге көштік. Ал интернетсіз елді мекендер қатты қиналды. Соның ішінде Бестерек пен Ізғұтты Айтықов ауылының тұрғындары бар, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов.

«Қазақтелеком» мамандары алдымен интернет жақсы тарайтындай биік нүктені анықтаған. Ал аудан әкімдігі 550 метр биіктіктен белгіленген нүктеге электр сымын тартуды өз мойнына алған. Сөйтіп, айға жуық уақытта екі ауылға интернет тартылды. Мобильді байланыспен қатар, 3G жылдамдықты интернеттің тартылғанына барша жұрт қуанды.

– Ізғұтты мен Бестерек ауылдарын қамтитындай биік нүктеге мұнара орнатылды. Мобильді операторлар арнасын алды. Бәрінде 3G тартып тұр. Бірақ, 100 пайыз жақсы істейді дей алмаймыз. Техника болғандықтан, күн райына байланысты ақаулар болып тұрады. Оған тұрғындар түсіністікпен қараса екен. Жөндеуші бригада 24 сағат бақылап отырады. 1 секундқа жоғалса, біліп отырамыз, – дейді Шығыс телекоммуникация желілерін пайдалану және дамыту қызметінің басшысы Аслан Толықбаев.

Ұлан ауданындағы 45 ауылдың бәрінде дерлік мобильді байланыс бар. Ендігі уақытта 15 шақты ауылды 3G интеренет желісімен қамту керек. Ол бағытта жұмыстар жүріп жатыр.

– Осыған дейін басқа компаниялармен келсімшартқа отырып, интернеттерін пайдаланып көрдік. Десек те, Kundelik.kz толтыруда соңғы орында едік. Тіпті, электронды поштадан қарапайым құжат көшірудің өзі мұң болған. Қазір еш мәселе жоқ. «Теле-2», «Altel», «Beeline» байланыстарының бәрі істейді, – деді орта мектептің директоры Архат Рахымбердинов.

Қасым Қайсенов атындағы бұл мектеп осыған дейін тоғыз сыныптық еді. Соңғы жылдары ауылда халық саны артып, он бір сыныптық болып өзгерді. Ауылдан көшіп жатқан ешкім жоқ, бос тұрған үй таппайсыз.

– Әр оператор өз базалық стансасын қойғаннан гөрі басқа операторлар үшін де орнатса, экономикалық, техникалық жағынан тиімді болады. Біз бүгінгі уақытқа дейін Шығыста «Қазақтелекоммен» бірлесіп, 112 базалық станса орнаттық. Енді байланыс сапасын арттыру үшін жұмыс істейміз, – дейді «Теле-2» операторының жетекші инженері Айбар Шоянбаев.

Айта кетейік, бұрын облыстың 150 елді мекенінде интернет болмаса, бүгінде бұл сан екі есе азайған. Облыс бойынша 1800 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Алдағы уақытта «250+» бағдарламасы бойынша ауылдарды интернетпен қамту жүзеге асады. Яғни, тартылған талшықты-оптикалық желілерге қосылу негізінде тұрғындар саны 250-ден көп ауылдарда жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу үшін мобильді операторлар жұмыс жүргізеді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button