Израиль мен Литвада білімін арттырды

Ерлан Бапанов
Медицина саласының сапасын арттыру кезек күттірмес мәселе екені түсінікті. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласына молынан қаржы құйылуда.
Есесіне ауруханаларға заманауи құрал-жабдықтар да көптеп алынуда. Дегенмен, дәрігерлер соңғы үлгілі құрылғылармен жұмыс істей алуы деген мәселе де бар. Бұл мақсатта ақ халаттылардың біліктілігін арттыруға арнайы бағдарлама да қабылданыпты. Ресми дерекке сүйенсек, соңғы бес жылда бес мың дәрігер білімін шыңдаса, оның 341-і Еуропаның үздік клиникаларына барып қайтқан.
Солардың қатарында Ақжар ауылындағы Тарбағатай ауданының №2 аудандық ауруханасының неонатолог-дәрігері Жанар Исалинова да бар. Ол 2019 жылы Литва мемлекетінің астанасы Вильнюс қаласында 42 күн оқып, білімін жетілдірген.
«Вильнюс университетінің медицина факультетінде «Ерте жетілмей туған нәрестелердегі кездесетін жедел жағдайлар» тақырыбы бойынша дәріс тыңдадым. 2021 жылы Израиль мемлекетінің Тель-Авив қаласының Шиба клиникалық орталығында бір ай бойы білім алдым. Байқағаным, аталған елдерде медицина әлдеқайда дамыған, аппараттардың барлығы соңғы үлгідегісі, маман тапшылығы деген атымен жоқ екен», –дейді Жанар Исалинова.
Дамыған елдердегі медицинаның жоғары деңгейіне біздің де жетуге бағыт алып, мемлекет тарапынан дәрігерлерді шетелге оқытуға жіберуі құптарлық жағдай екенін де атап өтті.
Өсу де, ғылыми көзқарастардың қалыптасуы да осындай оқу-тәжірибе алмасудан басталары анық. Шет елдерге оқуға жіберудегі негізгі мақсат – облыста медицина саласында жұмыс істеп жатқан кадрлардың деңгейін арттыру. Олардан жақсы нәтиже шығарып, тұрғындарға ем алуға қолайлы жағдай жасау дейді сала мамандары.
Тарбағатай ауданының №2 аудандық ауруханасының бас дәрігері Елжан Манарбековтің айтуынша, ауданда тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге барынша жағдай қарастырылуда. Мысалға, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Маңырақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілген. №2 аудандық ауруханаға қан тамырларды ультра дыбыстық зерттейтін допплерография аппараттары, перзентхана бөлімшесіне де көптеген заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынған. Лаборатория қан және зәр-несеп талдауларын жасайтын озық, жоғары сапалы анализаторлармен толыққан.
2019 жылдан бері акушер-гинеколог, неонатолог дәрігерлері, орта буын медицина қызметкерлері Израиль, Литва мемлекеттерінен біліктіліктерін арттырып қайтқан. Аурухананың перзентхана бөлімі 1-шіден 2-інші деңгейге өткен. Енді Тәуке, Сарыөлең, Құйған дәрігерлік амбулаториясына жөндеу жүргізуді жоспарға қойған.
Осындай игі істер қала мен ауыл медицинасы арасындағы алшақтықты жоюға ықпал етпек. Игі бастама ұзағынан сүйіндірсін. Бұл ауылдағы елдің тілегі.
ТАРБАҒАТАЙ.