Қоғам

Ислам мәдениетінің тарихынан сыр шертеді

Дәурен Аллабергенұлы

 Еліміз бойынша баламасы жоқ әрі Өскеменде тұңғыш рет ашылған мұражай Ислам әлемінің бүкіл тарихынан сыр шертіп қана қоймай, неше жүз жылдық тарихы бар діни кітаптар мен құнды жәдігерлерді көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік береді. Жақында өңірдің бас мешітіндегі музейге арнайы барып, оның қызметімен жақынырақ танысқан едік.

Мұражайда мың жарымнан аса кітап бар

Естеріңізге сала кетейік, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің жанындағы Ислам мәдениеті музейі 2019 жылы тамыз айында қасиетті Құрбан айт мерекесінде ашылып, ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов бастап, еліміздің әр аймағынан келген құрметті меймандар қатысқан болатын. Аталмыш мұражай облыс басшысының бастамасымен әрі тікелей қолдауымен ашылғанын атап өткен орынды.

Мұнда Қазақстандағы ислам дінінің пайда болу және даму тарихы барынша айқын көрініс тапқан. Дінге, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты жәдігерлер еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден жиналған. Жинаққа қасиетті орындардың түрлі макеттері, инсталляциялар, тарих және мәдениетпен байланысты көптеген заттар енгізілген. Музей қорларындағы бірегей әдебиеттер саны бір жарым мың кітаптан асады.

Ерекшелігі – аталмыш мұражай форматының елімізде баламасы жоқ. «Халифа Алтай» мешіті мәдени мұраны замандастарымызға, әсіресе жас буынға қолжетімді етіп, келешек ұрпақ үшін сақтау мақсатында мұндағы жинақты электронды форматқа көшіруді жөн деп тапқан. Бұл идеяға «Казцинк» ЖШС қолдау көрсетіп, арнаулы техника, оның ішінде қуатты заманауи сканерлер, кәсіби фото және кеңсе техникасын сыйға тартқанын газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз.

– Біздің мұражайда келушілердің қызығушылығын тудыратын көптеген қызықты жәдігерлер бар. Дегенмен, мұндағы ең құнды дүниелер – діни кітаптар. Олардың ең көнесіне 600 жыл болса, бертінгілерінің өзінің 200 жылдық тарихы бар. Біздің міндетіміз – осы баға жетпес жәдігерлерді сақтап қана қоймай, келешек ұрпаққа жеткізу. Өздеріңіз білесіздер, қазір ХХI ғасыр, жастардың бәрі мұнда келіп, кітаптарды көріп, оқи бермейді. Ал бәрінің қолында заманауи мықты гаджеттер. Сол арқылы жастарымызға мұражайдың құндылықтарын насихаттау, жақын таныстыру үшін цифрлық технологияларды қолдану өте қолайлы. Сондықтан осы ауқымды жобаны іске асыруды бастадық, қазірдің өзінде 23 кітапты сканерден өткізіп, электронды нұсқасын дайындадық, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.

«Диуани Хикметтің» түпнұсқасы сақталған

Бас имамның айтуынша, бұл жер ислам тарихымен қатар, халқымыздың дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары туралы сыр шертеді. Музей үш бөлімнен тұрады. Атап айтсақ, тәңірге табынушылық, содан соң біздің жердегі исламның пайда болуы мен таралуы және қазіргі таңдағы ислам. Бұдан бөлек, Ұлыбританияның Кембридж университетінен, Түркия елінің жетекші кітапханаларынан алынған құнды кітаптар қойылған. Олардың қатарында Оғызнама дастаны, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» атты даналық кітабының түпнұсқасы бар. Құнды кітаптардың тарихы сонау ХVI ғасырдан бастау алатындығын айтып өткен жөн. Сондай-ақ Қағба мен көне Атлах қаласының макеттері жамағат назарына ұсынылған. Бұдан бөлек, қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде Құранның электронды нұсқасы да орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, мешітке келушілер өзіне қажетті ақпаратты қалаған тілінде алуға жағдай жасалған.

Айта кетейік, біз жоғарыда атап өткен «Казцинк» компаниясы облысымыздың бас мешітіне тұрақты қаржылай қолдау көрсетіп келеді.

– Бүгінгі таңда мешіт тек діни рәсімдер өткізетін орын ғана емес, сонымен бірге мәдениет пен білімнің, руханияттың іргелі ошағына айналып отырғаны өте заңды құбылыс. Музей жәдігерлерін суреттен ғана емес, мұнда келіп, өз көзіңмен көрудің әсері мүлде бөлек. Ал Өскемен қаласында тұрмайтын, түрлі себептермен мұнда келу қиынға соғатын облыстың басқа да тұрғындары үшін тиімді шешім – жәдігерлерді ғаламтор кеңістігінде тамашалау. Өйткені әлемді тану үдерісінің ешқандай шекарасы болмауы керек. Металлургтер ұсынған жабдықтар ондаған мың адамды шынайы ислам дінімен, оның өркендеу тарихымен, қазақстандық мәдениетпен таныстырады деп сенемін, – деді «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Өзге облыстар Шығыстың тәжірибесін үйреніп жатыр

 Облыстық мешіт пен іргелі кәсіпорын арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

– Шығыстағы Ислам мәдениеті музейі – әзірге еліміз бойынша жалғыз музей. Біздің мұражайдың қызметімен танысқан өзге өңірлердегі әріптестеріміз үлкен қызығушылық танытып, өздерінде де осындай мұражай ашуға әрекет жасауда. Шынын айтсақ, біздің діни кітаптарымызға ерекше қызығушылық танытып, тіпті өздеріне сұрап, өтінішпен де шығып жатыр.  Алдағы уақытта астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында бой көтеретін үлкен жаңа мешітте, Атырау облысында ашылатын мешітте дәл осындай музей ашу жоспарлануда. Мәселен, қазірдің өзінде астанадағы әріптестеріміз бізге сұраныспен шығып жатыр. Біз оларға кітаптардың электронды нұсқаларын беруге келістік, алайда сілтемесінде «Шығыстағы Халифа Алтай мешітінен алынды» деп міндетті түрде көрсетілсін деп шарт қойдық. Қазір кітаптардың дайын болған электрондық нұсқаларын, қолжазбаларды жалпы еліміздің оқырмандарына қолжетімді болу үшін орталықтарға, электронды ұлттық кітапхананың қорына, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жіберіп жатырмыз. Себебі биыл басқарма осындай көне, діни кітаптарды жинастыруды қолға алды. Бұлардың көшірмелерінің өзі елімізде сирек кездеседі. Ал түпнұсқалары міндетті түрде тек өзімізде сақталады. Кітаптарды арабшадан, парсы тілінен, ежелгі түрік, шағатай тілдерінен қазақ тіліне дәлме-дәл аудару үшін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарымен тығыз жұмыс істеудеміз, оның базасында көне кітаптарды зерттеумен айналысатын институт бар, – деді Ермек қажы Мұқатай.

Музейді былтыр 159 мың адам тамашалаған

 Бірегей кітаптардың бір бөлігімен қазірдің өзінде қазақстандық электронды ұлттық кітапхананың https://kazneb.kz/ сайтынан және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының электронды кітапханасының  https://kitap.muftyat.kz/ порталы арқылы танысуға болады. Мұражайға келем, кітаптармен танысам деушілердің бәріне есік ашық, қызмет тегін көрсетіледі. Бас имамның айтуынша, былтыр музейді өңіріміз бойынша 159 мың адам тамашалаған екен.

Биыл облыстық Халифа Алтай атындағы мешіттің ашылғанына он жыл толады. Мешіт ұжымы атаулы датаға орай, алдағы қыркүйек айына дейін осындағы құнды кітаптардың бірін аударуды бастап кеткен. Осылайша, ғылымға да үлес қосып жатқан жайлары бар мешіт ұжымының.

– Жалпы, осы музейдің қызметіне облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының көп қолдауы болғанын айтып өттік, аймақ басшысы көптеген кітаптарды өзі іздеп тауып әкеліп, осында тапсырды. Сонымен қатар «Казцинк» компаниясы – оның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев үнемі қаржылай қолдап келеді. Бұл кісілерге алғысымыз шексіз. Бұл кітаптардың тарихы тереңде болғандықтан, олармен өте мұқият жұмыс істеуді талап етеді. Себебі бұл кітаптарда сол замандардың иісі қалып кеткен әрі қазақ халқында мемлекет болмаған, тарих, жазу, сызу болмаған, ғылыммен айналыспаған дейтін теріс пікірде жүргендерге нақты жауап бар. Ата-бабаларымыз ғылыммен де, астрономиямен де, жазу, сызумен де, сәулет өнерімен де айналысқан. Оған нақты дәлел міне осы кітаптарда. Сондықтан ендігі міндетіміз – осы құндылықтың бәрін жастарға, жас ұрпаққа жеткілікті түрде насихаттап, түсіндіру, – дейді облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.

Сонымен бірге, облыстық мешіт Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетімен де тығыз әріптестік орнатып, оның ректоры Мұхтар Төлегеннің қолдауымен бүгінде жоғары оқу орнының базасында дінтану бөлімі ашылған. Онда бүгін қырыққа тарта студент білім алып, исламның құндылықтарын меңгеруде.

Осы айдарда

Back to top button