Қоғам

Ипотека мөлшерлемесі бойынша Қазақстан нешінші орында?

Балауса ҚОЖАЕВА

Елімізде ипотека арқылы баспаналы болып жатқандар қатары көп. Екінің бірінде ипотека десек, артық айтқандық емес. Себебі баға шарықтап тұрған шақта кез келген отбасы армандаған үйіне қол жеткізе алмай отыр. Ал пәтер бағасы көтерілмесе, түсетін түрі жоқ секілді. Осы орайда түрлі бағдарламалар арқылы рәсімделетін ипотекалардың мөлшерлемесі жайлы сөз қозғасақ.

Ипотека –  жылжымайтын мүлікті кепілге қою арқылы алынатын несие. Несиені әркім өз жағдайына қарай рәсімдейді. Біреулер бес-он жылға, ал енді біреулер 15-20 жылға. Бірақ мұндағы басты ескеретін дүние – мөлшерлеме.

Ипотекалық бағдарламалардың қайсы кім үшін және ондағы мөлшерлеме қанша пайыз? Осы сауалға бас қатырып көрдіңіз бе? Ендеше, ипотекалық бағдарламалар жайлы төменде:

«Бақытты отбасы». Бағдарлама көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларына, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған. Алғашқы жарна – 10%. Ипотека 19 жылға дейін рәсімделеді. Мұндағы мөлшерлеме – 2%. Алайда мөлшерлемесі аз ипотеканы рәсімдеу үшін көпбалалы отбасы болу шарт емес. Мәселен, «Арнау» балалар депозитіне 10-15 жыл көлемінде қаржы құю арқылы 2% мөлшерлемемен баспана алуға болады.

Келесі бағдарлама – Отбасы банкі ұсынған «Өз үйім» бағдарламасы. Мұндағы мөлшерлеме баспана алушының жинаған сомасына байланысты анықталады. Бастапқы жарна – 20%-дан басталады. Уақыты 25 жылға дейін.

«Әскери баспана» – тұрғын үй жәрдемақысын алушылар үшін жасалған бағдарлама. Жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен несие алу керек.

«Ұмай» – әйелдер ипотекасы. Несие мерзімі 25 жылға дейін. Несие сомасының 50%-ын жинаған соң мөлшерлеме 3,5% деңгейінде болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 12%.

«Нұрлы жер» бағдарламасында мөлшерлеме – 5%. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2%-дан басталады.

«Шаңырақ» бағдарламасында да осынша мөлшерлеме.

«Жас отбасы» бағдарламасында ипотека мөлшерлемесі – 6%.

«7-20-25». Аты айтып тұрғандай, мұндағы мөлшерлеме – жеті пайыз, ал бастапқы жарна – 20 пайыз.

«Баспана ХИТ», «Орда» сынды бағдарламаларда мөлшерлеме 8 пайыздан жоғары.

Ranking.kz сайты ұсынған мәліметтерге жүгінсек, 2021 жылы ипотека мөлшерлемесі бойынша әлемнің 76 мемлекетінде статистика жүргізген-ді. Қазақстан тізімде 59 орынға жайғасыпты. Мәселен, ең төменгі мөлшерлеме Финляндияда тіркелген. Елдегі ипотекалық мөлшерлеме – 0,8%. Словакия мен Испанияда – 1,1%. Ал біздің елде – 8,1%. Рейтингті түйіндеген Аргентинада бұл – 23,7%.

Осы айдарда

Back to top button