Қоғам

Инновациялық идеяларымен бөлісті

Балауса Мэлс

Республикамыздың түкпір-түкпірінде білім мен тәрбиенің көрігін қыздырған ұстаздар қауымы бас қосты. Тек бұл басқосу онлайн форматта болды. Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай облыстық білім басқармасы өткізген өңіраралық форумға 600-ге жуық педагог қатысты. Баяндамалар оқылды.

«Ыбырай Алтынсариннің ізбасарлары» атты педагогикалық форумның мақсаты – ағартушының инновациялық педагогикалық идеяларын білім беруде қолдану, тәжірибелермен бөлісіп, пікір алмасу. Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылған форумға жоғары оқу орындарының ғалымдары, «Өрлеу» БАҰО АҚ институтының мамандары, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай және Шығыс Қазқақстан облыстарындаңы орта білім беру ұйымдарының, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтары, БАҚ өкілдері қатысты.

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бұлбұл Қозыбаева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін жеткізді.

Бірнеше сағатқа созылған форумда «Ы.Алтынсариннің кіші ұрпақты тәрбиелеудегі шығармашылығы», «Менің педагогикалық тәжірибемдегі Ыбырай Алтынсариннің тәжірибесі мен идеялары», «Тәлімгерлік  –  педагогты кәсіби қолдау» «Ыбырай Алтынсарин және Ұлы даланың ағартушылық мұралары» атты төрт секциялық  отырыста өтті.

– Дәл осындай форумдар арқылы педагогтардың білім қоры толығады. Пікір алмасады, пайдалы ақпарат алады. Өз кезегімде форумға қатысқаныма өте қуанамын. Өйткені болашақ ұрпаққа айтарымыз көбейеді. Мәселен, Тарбағатай ауданынан жеті ұстаз форумға қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Ол әрине, біз үшін үлкен қуаныш,  –  дейді Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Эльмира Оспанғалиева.

Айта кетерлік жайт, форум материалдары электронды жинаққа енгізіліп, облыстық білім басқармасының білім беру порталына орналастырылады.

Осы айдарда

Back to top button