Қоғам

Инфаркт алса, кім жауап береді?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбілов шығысқазақстандықтар арасында инфаркт пен инсульт жағдайларын азайтуға тырысу қажеттігін айтады. Ол үшін қордың облыстық филиалының мамандары енді осындай диагноздар анықталған жағдайда емхананың кінәсі бар-жоғын білу үшін пациенттің сырқатнамасымен танысатын болады.

– Былтыр қызметкерлер алдына науқастың миокард инфарктімен қашан түскенін, дәрігерлердің оған қалай қарайтынын тексеру міндетін қойдық, – дейді Ғалымжан Әбілов. – Яғни науқасты есепке алды ма, тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз етті ме, оңалтуға жіберілді ме, емдеуді дұрыс үйлестіру үшін алғашқы кезде оны кардиолог қарап шықты ма деген сияқты. Бірден айта кетейін, бұл тәжірибеміз жақсы нәтиже көрсетті. Емханалар жұмыс істеуді үйренді. Енді үш ай ішінде инфаркт жағдайы қайталанбауы үшін әрбір науқас есепке алынады, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі және бізге есеп беріліп отырады. Ал биыл біз, керісінше, инфаркт алған пациенттің сырқат тарихына үңілуді жөн көрдік. Осындай диагноз қойылған кезде ол бұрыннан есепте тұр ма, жедел жәрдемге қаншалықты жиі жүгінді, бұл жайтқа учаскелік дәрігер назар аударды ма, жоқ па деген сұрақтарға жауап іздейміз. Олар оған дәрі берді ме? Тексеруге жіберді ме, УДЗ жасалды ма? Егер жүрек ауруына шағымданған пациентке осы тексерулердің ешқайсысы жасалмаса, оның шағымына жете көңіл бөлінбесе, инфаркт – бұл емхананың тікелей қателігі болып саналады. Өйткені алғышарттар болды ма? Болды. Оған  тек учаскелік дәрігер жете мән бермеген.

Ғалымжан Әбілов осындай талап арқылы тек инфаркт пен инсульт қана емес, басқа да созылмалы аурулары бар пациенттерге емханалардың  барынша көңіл бөлуіне қол жеткізгілері келетінін айтады.

– Қан қысымына бақылау жасалды ма, науқас МРТ өтті ме? – деп жалғастырды филиал басшысы. – Егер дәрігерде науқастың сырқат тарихында тиісті жазбалар болмаса, ал пациенттің қан қысымы біресе көтеріліп, біресе түсіп, ол қан қысымын тек  жедел жәрдем шақыру арқылы ғана реттеп отырса, онда  тағы да учаскелік дәрігерге сұрақтар туындайды. Енді біз пациенттердің медициналық тарихына тереңірек үңіліп, инфарктты болдырмауға күш салғымыз келеді. Мен инфарктке әкеп соғатын стресс, ішімдік, басқа да факторлар бар екенін түсінемін. Бірақ біз осындай науқастардың 70 пайызының әрқайсын бақылауға алғымыз келеді.

Ғалымжан Әбіловтің пікірінше, мұндай бақылау созылмалы аурулары бар адамдарда инфаркт пен инсульт ұстамаларының қайталану санын азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) емханалары дәрігерлерінің өз пациенттеріне назарын күшейтуге көмектеседі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button