Қоғам

Қиын сәтте қол созғаны үшін алғысы шексіз

Қиын сәтте қол созғаны үшін алғысы шексіз

Өскемендегі OSB тақта шығаратын «Мелисса» ЖШС қайтадан аяқтан тұрып келеді. Сәуір айында тілсіз жаудан жапа шеккен кәсіпорынның екінші мәрте еңсе тіктеуіне жергілікті билік барынша қолдау білдіріп отыр.

-Біздің Қазақстанда өндірісті қолдаудың осындай тетігі бар болғанына шексіз ризамын, – дейді кәсіпорын басшысы Александр Воробьев.
Кенет тұтанған өрт серіктестік директорын қарыздың астында қалдырып қана қоймай, бір мезетте 130 адамды нәпақасынан айырған болатын. Несиеге орнатқан жаңа цех сақтандырылмаған да еді.

Еліміздегі OSB тақта шығаратын жалғыз зауыт – осы «Мелисса. Ал жылына 1,1 млн. текше метр ағаш өңдейтіндей шикізаттық әлеуеті бар Шығыс Қазақстан үшін қалдықсыз өндіріске құрылған кәсіпорынның құрдымға кетуі тиімсіз-тұғын. Сол себепті аймақ басшысы Даниал Ахметов кәсіпорынды аралап, мән-жайға қаныққан, заң аясында көмек көрсетуге уәде берген болатын. Уәде бүгін шындыққа айналды. Зауыттың өрт шалған бөлігі сүріліп, қалпына келтіру жұмыстары жандана бастаған.

– Облыс басшысы жағдайды көзімен көрген соң көмектесетінін айтып, көңілімізді жайландырған. «Мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрін қалпына келтіру керек. Өйткені, өрттің кесірінен 130 отбасы күнкөріс көзін жоғалтып отыр. Мемлекет солардың қамын ойлауы тиіс» – деген. Сол сөзі сөз екен. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 300 млн. теңге капиталмен еншілес құрылтайшы ретінде кіріп отыр. Осы қаржыға зауытты қалпына келтіреміз, – дейді Александр Воробьев.

Алғашқы кездесуден кейін осы мәселе бойынша облыс әкімінің қатысуымен бірнеше жиын өтті. Аудиттік тексеру жүргізіліп, кәсіпорынның жұмысы толық сараланған. Соның нәтижесінде «Ертіс» ӘКК «Мелисса» ЖШС-не қаржылай қолдау көрсетуі керек деген шешім шыққан. Бүгінде кәсіпорынның қос құрылтайшысы бар. Оның бірі зауыттың бас директоры Александр Воробьев болса, екіншісі – «Ертіс» ӘКК. Ертіс корпорациясы бөлген 300 млн. теңгені кәсіпкер бес жылдың ішінде қайтаруы тиіс. Ал жабылып қалған жұмыс орындары біртіндеп түгел ашылады.

-Зауытты қалпына келтіру жұмыстарына 60 адамды тартамыз. Ал өндірісті іске қосқан кезде тағы 40 адам аламыз. Кейін тағы 30 адамды қосымша кезекке қоямыз. Осылайша 130 адам жұмыспен қайта қамтылады. Әкімдіктің бізге қойған шартының бірі осыған саяды, – дейді директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Виктор Воробьев.

«Мелиссаны» бұл тығырықтан мемлекеттің шығарғанын естіген ресейлік әріптестері де таңғалса керек. Оны бізге Виктор Воробьев айтты.
-Облыс басшысына айтар алғысымыз шексіз. Біздің кәсібіміз тоқтағанынан бұрын 130 адам нәпақасынан айырылғаны қиын тиген. Облыс әкімі ең әуелі солардың жағдайына алаңдады. Мұндай шешімге кез келген басшы бармайды деп ойлаймын. Барлық ұжым атынан сол үшін рақмет айтамын. Аймақ басшысы бізге зор сенім артты, үлкен мүмкіндік берді. Сол сенімді ақтау үшін аянбаймыз, – дейді Александр Воробьев.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button