Руханият

Қиын Керішті туризм орталығына айналдыру қиын болып тұр

Қиын Керішті туризм орталығына айналдыру қиын болып тұр


Күршім жерінде Марсқа ұқсайтын өзгеше бір мекен бар екен дегенді естіп, көптен бері көруге құмартып жүрген болатынмын. Қиын Керішке барудың сәті жақында түсті. Шынында да, керемет жер екен. Біртүрлі өзге ғаламшарға тап болғандай күйді бастан кешеді екенсіз. Қызыл топырақты құлама жарлар мен адырлардың тереңге бүгіп, жұрт көзінен жасырған жұмбағы да көп секілді көрінді маған. Қалай десек те Қиын Керіш Жаратушының қазаққа берген табиғат ескерткіші екені сөзсіз.

Қиын Керішті туризм орталығына айналдыру қиын болып тұр

Алаулайды адырлар

Біздің қазақ ат қоюға тым шебер ғой. Шалғайда жатқан осынау шатқалды Қиын Керіш депті. Шынында да, Қиын Керішке жетуің әсте оңай емес екен. Әсіресе жаздың аптап ыстығында. Қып-қызыл адырлар алыстан менмұндалап көрінгенімен, оңайлықпен жеткізбейді. Оның үстіне сайрап жатқан тақтайдай теп-тегіс жолыңыз жоқ. Алда-жалда көлігіңіздің бір жері бұзылып, далада қалсаңыз, біттім дей беріңіз. Біз де Қиын Керішке қиындықпен жеттік. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, іштей «Қиын Керішке барайық деп, қайдан ғана айттым екен» деп ойлағаным рас. Бірақ ол жерге шаң жұтып, шаршап жеткенімізбен, өзгеше мекеннің қып-қызыл топырағын басқанда, бәрі ұмытылып жүре берді. 300 гектар аумақты алып жатқан жердің аурасы шынында да өзгеше. Топырағы сан түрлі бояуға малынған. Қызыл, сары, ақ, көк түсті адырлар жанарыңызды әлдебір сиқырымен арбайды.

– Қиын Керіш – бұл табиғи ескерткіш. Өзіңіз байқағандай, жер бедерінің өзі ерекше. Күннің әр мезгілінде әр түске боялатынын байқауға болады. Ал Қиын Керіш неге аталған десеңіз, халқымыздың бұл жерді Қиын Керіш деп атауында үлкен мән бар секілді. «Керіш» деген сөз түркі тілінде «тау», «жота» дегенді білдіреді екен. Ал Қиын деген сөзбен бұл жерге жетудің қиындығын меңзесе керек, – дейді бізді Қиын Керішке бастап әкелген Балықшы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Балжан Айбекқызы. Қиын Керіш аумағы осы Балықшы ауылдық округіне қарайды. Іргесінде, 15 шақырым жерде Аманат ауылы тиіп тұр. Зайсан көлі де алыс емес.

Балжан Қиын Керішке осымен үшінші рет жолы түсіп тұрғанын айтты.

– Былтыр бұл жерге ресейліктердің келгеніне куә болдым. Осы Қиын Керіш туралы видео түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратты, – дейді ол.
Газетіміздің Күршім ауданындағы меншікті тілшісі, ақын Хасен Зәкәрия да бұл жерге алғаш келіп тұрғанын жасырмады.

– Шынымды айтсам, Қиын Керіш дегеннің атын естігенім болмаса, келіп, көріп тұрғаным осы. Бұл жердің аты кейінгі жылдары ғана халыққа кеңінен танымал бола бастады ғой, – дейді ол. Ал Ақсуат ауылындағы мектептің директоры Еркінбек Жұмағалиев бала кезінде бұл жерді жергілікті жұрт «шөп өспейтін тақыр жер» деп әңгімелеп отыратыны есінде қалғанын айтады. Айтса айтқандай, Қиын Керіштің адырлары тұттай жалаңаш. Көзіме өсіп тұрған не бір шөп, жыбырлаған не бір жәндік ілікпеді. Кейбір жердегі топырақтың қызылдығы сондай, әлдебір қызыл бояу төгіліп, баттасып, қатып қалғандай дерсіз. Кезінде Боран ауылындағы мектептің директоры Талант Нұрғалиев осы Қиын Керішті оқушыларына ғылыми тақырып ретінде ұсынып, зерттеткен екен. Содан былай қарай Қиын Керіш халыққа танымал бола бастаған екен.

Халық арасында бұл жерді «Жалынды жар» деп те атайтын көрінеді. Шынында да, бір қарағанда адырлар от болып, жалындап жанып тұрғандай әсер қалдырады.

Алаулаған адырлардың бірінен түсіп, біріне шығып, қызықтап көп жүріп қалған екенбіз, бір кезде қасымыздағы Күршім аудандық жастар ресурстық орталығының әдіскері Асылбек Сейітханов «Апай, естуімше бұл жерде көп жүруге болмайды» деді. Селт ете қалдым. Менің шошып қалғанымды көрген Асылбек әңгімесін әрі жалғастырды.

– Білетіндердің айтуынша, бұл жерде көп аялдаған адамның басы ауырады. Өйткені бұл жердің радиациясы бар. Радиация мөлшері сонша көп рентген болмаса да адам ағзасына кері әсер етеді. Кейде бұл жерде көп болған немесе осы жерде ұйықтап қалған адамның басы ауырып, өзін нашар сезінеді, – деді ол.

Мүмкін, Асылбектің айтып тұрған сөзінің де жаны бар шығар. Қып-қызыл адырларды артқа тастап, төмен түстік. Шынында да, басым сәл солқылдап ауырғандай болды.

Кино түсіруге таптырмайтын жер

Қалай десек те, Қиын Керіш табиғаттың ғажайыбы екені рас. Өзгелердің қолы жетпей жүрген сол ғажайып біздің аяғымыздың астында жатыр ғой. Әсіресе кино түсіруге таптырмайтын жер. Қайбір жылы голливудтықтар Иорданияның Вади Рам шөлінде «Марсианин» атты фильм түсіреді. Сонда фильмді түсірушілер кадрларды қызылға бояп отырыпты. Ал Қиын Керіштің топырағы онсыз да қып-қызыл. Жалпы, жердегі Марсқа ұқсайтын жерлердің шетелдіктер жасаған тізімінде Қиын Керіш те бар көрінеді. Кезінде осы «Дидар» газетінде ұзақ жыл қызмет еткен журналист, ақын, өлкетанушы Ғалым Байбатыров ағамыз «Табиғаты қызық Қиын Керіш» атты мақала жазған болатын. Сол мақаласында марқұм Ғалым ағамыз Голландияның табиғатты қорғау департаментінің натуралистері осы Қиын Керіште болып, таңырқағанын, Шығыс Қазақстанның колорадасын сақтап қалудың барлық шығынын өзіміз көтеріп алсақ деген тілек білдіргенін жаза келіп, «Шет елдерде болса Қиын Керішті иелікке алып, елге келген қонақтар мен туристерге көрсетер тарихи орынға айналдырар еді. Қазір алаң ашық жатыр. Зайсан көліндегі Қиын Керіш – Алтайдағы Мұзтау немесе Марқакөл сияқты қайталанбас табиғаттың құбылысы, Алланың сыйы емес пе?» деп қынжылыпты.

Қиын Керішті туризм орталығына айналдыру қиын болып тұр

Шынында да, Қиын Керішті неге туризм орталығына айналдырмасқа? Табиғаттың қазаққа берген тартуы неге табыс көзі бола алмайды? Біз бұл сауалды аудан әкімінің орынбасары Мамырбек Қалеловқа қойған болатынбыз.

– Қиын Керішке жаз бойы шеттен келетін туристердің саны небәрі 100-150-дей ғана. Егер инфрақұрылымды жақсартсақ, мүмкін бұдан да көп келетін болар. Әзірге бұл шешілмеген мәселе болып отыр. Кәсіпкерлер Қиын Керішті дамытуға қаржы салғысы келмейді. Неге? Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Кәсіпкерлермен жұмыс жүргізген кезде, олар бірінші кезекте «кәсібіміз ақтай ма?» деген сауалды қояды. «Байқап көріңіздер» дейміз. Бірақ олар салынған қаржының өзін ақтамайтынын айтады. Өйткені күн сайын ағылып жатқан турист жоқ. «Көп шығын шығарғыларың келмесе, онда Қиын Керіштің басына киіз үй құрыңыздар. Кішкентай қалқаймасын жасап, абаттандырып, сол жерге келетін туристерге тамақтарын жасап, жатар орындарын ыңғайлап беріп қызмет көрсетіңіздер, ақша табыңыздар» дейміз тағы да. Бірақ бүгінгі күні ниет білдірушілер жоқ. Негізінен бұл жерге Ресейден өте көп келеді.
Интернетте Қиын Керіш туралы материалдар жеткілікті. «Қиын Керішке қалай барамын» деп жазсаңыз болды, ақпараттар шыға келеді. Табиғи орынға қалай барасыз, қанша шақырым – бәрі жазылған. Жанында Зайсан көлі де жап-жақын, – дейді аудан әкімінің орынбасары Мамырбек Қалелов.

Қалай десек те, Қиын Керіштің бағының бір күні жанарына сенгің келеді. Кәсіпкерлер қайырылмайды деп өкпелеуге де болмас. Осынау заманда кім ақшасын желге ұшырғысы келеді дейсіз. Бір қуанарлығы, жыл сайын Қиын Керішке келушілердің қатары артып келе жатқаны рас. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қиын Керішке мектеп оқушылары да саяхат жасауда. Жеріңді тану, тарихыңды тану – осындай ізгі қадамнан басталады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button