Қоғам

Иммундық плазма қоры жеткілікті

Азамат Темірбеков

Өңір дәрігерлері коронавирус инфекциясын емдеуде иммундық плазманы қолданудың тиімділігін дәлелдеді.

Облысымыз коронавирус инфекциямен ауырғандар саны бойынша «қызыл» аймаққа кіргеніне қарамастан, өңірдегі жағдайды жақын арада тұрақтандыруға сенім мол. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жерде бізге көмектесе алатын бірден-бір әдіс –  иммундық плазманы қолдану.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін облыстық Қан орталығы коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін елімізде бірінші болып иммундық плазма дайындай бастаған болатын. Аймақ басшысы Даниал Ахметов инфекция өршіген жағдайда иммундық плазма банкін құруды тапсырды. Осыдан кейін орталықтар донорларды іріктеу, плазма жинау жұмыстарына кірісті.

Бүгін, яғни алты айдан кейін, қабылданған шаралардың дұрыстығына көз жеткіздік. Сондай-ақ бұл шешім отандық және шетелдік дәрігерлердің мақұлдауы мен қолдауына ие болды. Атап айтқанда, ресейлік дәрігерлер бұл әдістің коронавирус инфекциямен күрестегі тиімділігін мойындады.

Шығыс Қазақстан облыстық Қан орталығының деректері бойынша, ағымдағы жылдың 18 шілдесінде иммундық плазма жасау үшін қан тапсыруға 6 882 адам ниет білдірген. Донорларды іріктеу үшін қатаң талаптарды ескере отырып, түрлі себептермен  олардың 80 пайызы, яғни 5 533 адам шеттетілді. Иммундық плазманы тек 1291 адам тапсырды. Оның ішінде 903 адам облыстық Қан орталығында, 435 адам  Семей қаласының Қан орталығында тапсырды.

Нәтижесінде облыста коронавирусқа қарсы 4 мың дозаның иммундық плазмасы дайындалды. Яғни, жоспар 100 пайыз орындалды.

Облыстың медициналық мекемелері бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесінде иммундық плазма ауруханаларға тұрақты түрде жіберіліп отырды. Бағалы препараттың 2150 дозасы, яғни дайындалған көлемнің 57 пайызы медициналық мекемелерге берілсе, 1490 доза пациенттерге құйылды. Коронавирус инфекциясымен ауыратын 775 адам иммундық плазма алды.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша уақтылы иммундық плазма базасы құрылғандықтан, қазіргі уақытта өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарында  591 доза, облыстың Қан орталықтарында  1849 доза, оның ішінде облыстық Қан орталығында  1118 доза, Семей Қан орталығында  731 доза препарат қоры бар. Сол себепті, бұл препараттың жетіспеушілігі туралы алаңдауға негіз  жоқ дейді мамандар.

 

Осы айдарда

Back to top button