Қоғам

Иесін тапқан марапат

Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры – сұрмерген Төлеуғали Әбдібековті еске алу мақсатында өткен пневматикалық мылтықпен оқ атудан ардагерлер арасындағы аудандық турнир тартысқа толы болды.

Жарыстың мақсаты мен батыр жерлесімізді еске ала отырып, рухына тағзым ету, ерлігін дәріптеу, ардагерлердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, сол арқылы салауатты өмір салтын насихаттау болды.

Турнир 63 жастан асқан зейнеткерлер арасында өтті. Әрбір округтен бір зейнеткерден, ал Шар мен Қалбатау округтерінен екі адамнан қатысты. Әрбір қатысушыға төреші тарапынан сегіз оқ берілді.

Жалпы, жарысқа ауданның 11 округінен 17 үміткер қатысып, өзара мықтыны анықтағанын айтқан жөн. Турнирдің қорытындысы бойынша бірінші орынды Бірлікшіл округінен келген Рымбек Нұртаза жеңіп алса, екінші орыннан Жарық округінің өкілі Тілектес Шалжиен көрінді. Ал үздік үштікті Қаратөбе округінен келіп қатысқан Шоқан Өмірзақ пен Қалбатау округі атынан сынға түскен Төлеубек Қасенов түйіндеді.

Осы ретте, аталмыш доданың өтуіне себепкер болған жерлесіміз туралы аз-кем айта кеткеніміз де жөн болар. Құралайды көзге атқан мерген Төлеуғали Насырханұлы Әбдібеков 1916 жылы Семей облысы, Жарма ауданы, Қапанбұлақ ауылында туған. 1937 жылы әкесінің інісімен бірге Оңтүстік Қазақстандағы Мақтаарал ауылына туыстарын іздестіру мақсатында көшіп барады. Әскери міндетін 1938-1940 жылдары Хабаровск өлкесінде өтеді. 1941 жылдың желтоқсан айында Мақтаарал аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен, Қызыл әскер қатарына қосылды. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының 30-гвардиялық атқыштар полкінің 2-атқыштар ротасының мергені болды. 1942 жылдың мамыр айынан 1944 жылдың ақпанына дейін атқыштар ротасының мергені бола жүріп, жеке өзі снайперлік винтовкасымен 397 жау сарбазы мен офицерін жойған. Өз ісінің нағыз шебері Төлеуғали соғыстың ортасында жүріп, өз білгенін өзгелерге де үйреткен, жерлесіміз 32 ізбасар снайпер дайындаған. Бірақ Жарма топырағында дүниеге келген мергенге Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеді. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы ұсынысты қабылдамады, себебі Әбдібековтің сауалнамасында әкесінің інісі Кемелбай Насырхановтың халық жауы ретінде сотталғаны көрсетілген-ді. Ерлігі еленбеген жерлесіміз 1944 жылдың 23 ақпанында, яғни Кеңес армиясы күні ауыр жарақаттан көз жұмып, Калинин облысындағы Ново-Сокольничий ауданы, Насва станциясының солтүстік-шығысында жерленген. Т.Әбдібековтің қайтыс болған күнінен тура төрт ай өткеннен кейін оған бірінші дәрежелі Отан соғысының ордені берілді.

Т.Әбдібековті жерлеу рәсімі барысында оның 2916 нөмірлі винтовкасы салтанатты түрде қазақстандық мерген Әшірәли Османәлиевке тапсырылған екен. Бүгінде мергеннің қаруы ел Қарулы Күштерінің орталық мұражайында сақтаулы тұр.

Жалпы, Төлеуғали Әбдібеков жөнінде мәлімет іздестіру жұмыстары он шақты жыл бұрын басталған. Бұл іске батырдың жерлесі, Қапанбұлақ ауылының тумасы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сол кездегі басшысы Аманжол Даутов ерекше көп еңбегін сіңіргенін айту керек. Ол іздестіру жұмыстарын Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жарма ауданыдағы әскери бөлімдердің көмегімен жүргізді.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Т.Әбдібековке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлығы шыққан күні облыс әкімі Даниал Ахметов Жарма ауданында болып, халықпен кездесу өткізген болатын. Сол күні аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрлыбек Оспанбекұлы  барша жиналған жұртқа жерлесіміз туралы қуанышты хабарды жеткізіп, сүйінші сұраған еді.

Жұмабақыт Рахметова, ардагер ұстаз

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button