Қоғам

Қияндағы Құмкөлде балабақша ашылды

Қияндағы Құмкөлде балабақша ашылды

Шалғайдағы Құмкөлде «Балапан» бағдарламасы әрі мемлекеттік және жекеменшік серіктестік аясында осы ауылдың тұрғыны Қадылбек Ахмадиевтің өз қаражатына салған, елі балаға арналған «Күншуақ» балабақшасы ашылды.
Ауылдың үлкен-кішісі жаңадан салынған ғимараттың ашылуына көптеп жиналды. Балабақшаның ашылуына аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқан Сахариев және бірқатар мекеме басшылары, сондай-ақ, барлық ауылдық округтердің әкімдері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері арнайы келіп қатысты.
Аудан басшысы бұл балабақшаның өңірдегі басқа балабақшалардан өзгеше екендігін атап өтті. Себебі, бұл – мемлекеттік және жекеменшік серіктестік аясында салынып отырған аудандағы бірінші балабақша. Алдағы уақытта осындай балабақшалар ауданның өзге де ауылдарында ашылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Қадылбек Ахмадиевті алғыс хатпен марапаттап, иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Сәкен Көнекбаев, Қадылбектің апайлары Сын және Жұмағайша Ахмадиевалар, «Парасат» әжелер ансамблінің мүшесі, ардагер ұстаз Күлпәш Баймұқышова сөз сөйлеп, ауыл ардагерлері атынан алғыстарын жеткізді.
Ауыл ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері Шәріп Рахымжаров пен Жұмағайша Ахмадиева жаңа балабақшаның лентасын қиды. Ғимарат ашылысымен, жиылған қауым ішке енді. Аралап көрген жұрт әдемі салынған балабақшаның еліміздің келешегі – балаларға тәлімді тәрбие берудің ошағына айналатынына сенім білдірді.
Жап-жаңа жиһаздармен жабдықталған, балалардың тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған, әсем ғимарат ішінде ойыншық, оқу құралдарының барлық түрі бар. Мұнда тәрбиеленіп жатқан екі жастан бес жасқа дейінгі балалардың да қуанышы ерекше.
-Маған жаңа балабақша өте қатты ұнап тұр. Сіңлім екеуімізді Төкен апам осы жерге алып келді. Ол – кішкентайлардың тобында. Мен мұнда балалармен таныстым. Осы балабақшаны салып берген ағамызға рақмет айтамын, – дейді бүлдіршін Айша Ербол.
Жаңа балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан жұрт арнайы дайындалған дастарқаннан дәм тартып, ән айтып, би билеп, қуаныштарын бір-бірімен бөлісіп, көтеріңкі көңіл күймен тарасты.

Динара Қабділәшімқызы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button